Қайырымдылық қораптары таратылды

610 Views

Пандемия басталғалы бері билік өкілдері мен сан түрлі қайырымдылық қорлары қиын жағдайда қалған жандарды елеусіз қалдырған жоқ. Керісінше, қолдан келгенше демеп, табысынан айырылған отандастарымызға көмек қолын соза білді. Солардың бірі – «Halyk» қайырымдылық қоры.
«Халық» қайырымдылық қоры – 2016 жылдың сәуір айында Halyk Bank-інің жанынан құрылған. Қордың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының мәдениет, спорт және білім беру салаларында қоғамдық маңызы бар іс-шараларды және әлеуметтік жобаларды іске асыру, жүйелік деңгейде қайырымдылық және демеушілік қызмет ету. Бүгінде аталмыш қордың аясы кеңейіп, көптеген игі істердің ұйымдастырылуына мұрындық болуда.
Жуырда аты аталған қордың демеушілігімен Луговой ауылының мүгедек балалары бар 27 отбасына қайырымдылық қораптары үлестірілді. Үлкен үш қораптан тұратын азық-түліктер жиынтығын елді мекен тұрғындарына ауыл әкімі Мұратбек Свановтың өзі табыстады. Айта кету керек, аты аталған баянды бастама Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылды.
Жалпы салмағы 50 кг-ды құрайтын қораптарға 5 кг қарақұмық, 5 кг күріш, 10 кг қант, 10 кг макарон өнімдері, 10 кг ұн, 2 кг шай, 5 л май, 1,6 кг бұқтырылған ет және балаларға арналған сан түрлі тәттілер салынған.
Жалпы аудан бойынша дәл осындай қораптарға 160 отбасы ие болды. Олардың барлығы да жергілікті әкімдік ұсынған тізім бойынша таратылды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: