Табиғатты өрттен қорғайық!
Көктем айлары басталысымен күзгі жауын-шашын уақытына дейін орманды, ауылдық, жайылымдық жерлерге өрттің қауіпі төніп, өсімдіктер мен жануарларға үлкен зиян тигізуі мүмкін. Осындай орны толмас өкінішті жағдайлардың орын алмауы үшін ерте бастан тиісті түрде амал-әрекет жасау қажет. Алайда, табиғатқа демалуға шыққан адамдардың, жайылымда мал бағатын малшылардың от қолданудағы немқұрайдылықтарынан, шаруа қожалықтарының техникалары өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамауларының салдарынан өрттің шығуына жол беріліп келеді.
Ел байлығы – орманды сақтай білудің маңызы зор. Орман – жан-жануарлар мекені, ол адамдардың жанын сергітерлік демалу орны. Орманды алқаптар оған қоса көмірқышқыл газын бойына сіңіріп, ауаға оттегін шығарып тұрады. Сондай-ақ, жаз мезгілінде ыстық күнде көлеңке, жанға сая.
«Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-нің қарамағында 17038 га орман қоры бар. Оның ішінде 5063 га жері – орманды алқаптар. Орман қорының тау және құм алқаптары Т.Рысқұлов аудан әкімшілігінің жерінде орналасқан.
Оған қоса «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес, Жамбыл облысы әкімінің №347 2014 жылы 26 желтоқсандағы қаулысымен көлемі 298400 га жер «Үмбет» жергілікті маңызы бар мемлекеттік «Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-нің қарамағына бекітіліп берілді. Бұл жерлер Байзақ,Т.Рысқұлов,Меркі аудандарының аумақтарын қамтып отыр.
«Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ Т. Рысқұлов ауданында орналасқан орманды алқаптарды өрт қауіпінен қорғау үшін ауылдық округ пен жеке шаруа қожалықтарының аумағында орман өртін болдырмау және өрт қаупі бар кезеңдерде өртке қарсы дайындық жұмыстарын жүргізу өте маңызды. Қазақстан Республикасы Орман Кодексіне және Қазақстан Республикасы Өрт туралы заңына сәйкес, «Ақыртөбе ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ аудан тұрғындарына ескертеді:
1.Көктемгі дала жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын қадағалауды;
2.Жергілікті жердегі орманшы-қорықшылармен бірлесіп, өртке қарсы іс-шаралардың орындалуына бақылау жасауды;
3.Орман өрті болған жағдайда шаруашылықтар мен ұйымдардың, жекелеген азаматтарды өртті сөндіруге қажетті техникалар мен құралдарды дайын қалпында ұстауды сұрайды;
4.Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін ӘҚБтК-нің 367-бабына сәйкес әкімшіліктік жауапкершілікке тартылатындығын.
Өрт шыққан немесе байқаған жағдайда бірден 101 байланыс нөмірі арқылы өрт сөндіру бөліміне, Ақыртөбе КММ-не 5-34-97 телефон нөмірі арқылы, 8705-737-10-33 ұялы телефон нөмірлеріне хабарласыңыздар. Бұл сіздердің табиғатты қорғау жолында өз үлестеріңізді қосқандарыңыз болып табылады. Ормандарды тілсіз жаудан қорғау тек қана орманшылардың ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз екендігін ұмытпайық.
Н.Сералиев,
«Ақыртөбе ормандарды және жануарлар
дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ-нің
орман қорғау инженері.