Паровоз жүргізген қазақ қызы

685 Views

Жәбира Жүсіпқызы – қазақ қыздары арасынан ең алғаш паровоз жүргізгендердің бірі.
Луговой тұрғындары пойыздарды зулатқан қазақтың қарапайым қызын 1940 жылдары көрді. Жәбира апай теміржолшы киімін киіп, машинист көмекшісі қызметін атқарғанда, небәрі 18 жаста болған. Қаршадай қызды өмір тым ерте есейтті. 4-5 жасында ата-анасынан айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген. Қажетті білім алып, өмірден өз орнын табу мақсатында Фрунзе қаласындағы теміржолшылар даярлайтын училищені таңдаған. Училищені ойдағыдай бітіріп, Қырғызстандағы Пішпек стансасының паровоз депосына жіберілді. Жігерлі қыздың бойынан сенімділікті аңғарған депо басшылығы кейіпкерімізге ақ жол тілеп, батасын береді. Машинист көмекшілігіне алынып, алғашқы сапарға жүрексінбей шыққан қадамын әріптестері де қолдаған. Ол алғашында Пішпектен Луговойға жол тартқан пойызға иелік етті. Сөйтіп пойызды стансаға еш кідіріссіз жеткізген машинист пен оның көмекшісі Жәбира Жүсіпова елді елең еткізіп, теміржолшы қыз-келіншектер арасында тұңғыш машина жүргізуші атағына ие болған.
Соғыстың ауырт­палы­ғы Жәбираның сағын сындырған жоқ. Машинис­тің ең жақын серігі – оның көмекшісі. Жәбираны ойынан шығып, сенімін ақтаған көмекшісі Дәулетқұлдың іскерлігі де өзінен кем соққан жоқ. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында талай сапарлас болды, бір-бірінің жандарын ұғысқан Дәулетқұл мен Жәбира соғыс аяқталған жылы отау тігіп, шаңырақ көтереді. Еңбек табыстырған ерлі-зайыптылар Пішпектен Луговой стансасына қоныс аударады. Әйел машинистер арасынан ең алғаш «Ленин» орденін омырауына тақты. Жоғары кеңеске депутат болып сайланып, Қазақстан Компартиясының 12-ші съезіне делегат болып қатысты. Дүниеге алғаш сәбилері келген соң, Жәбира мамандығын өзгертеді. 1977 жылы бала күтімі бойынша демалысқа шыққанға дейін стансада стрелкашы (бағыттаушы) болып жұмыс істейді. Жұбайы Дәулетқұл өз кәсібін жалғастырады. Машинист болып ұзақ жылдар еңбек етеді. Машинистер әулеті өмірге бес бала әкеледі. Қазіргі таңда баласы Жолдас Рыстиев 2018 жылы осы саладан зейнетке шықса, немересі Жандос Рыстиев әке жолын қуып осы салада қызмет істеуде.
Жәбира қазақ әйелінің атын шығарды, елінің мәртебесін биіктетті. Елге сіңірген еңбегін ауылдастары, кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде айтып жүр. Луговой ауылындағы Деповская көшесі бүгінде Жәбира Жүсіпованың атымен аталады.

Э.Утембаев,
аудандық тарихи-
өлкетану музейінің меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: