Көкжөтел дегеніміз не?
43 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Адамзат баласының басына төніп тұрған қатердің беті әлі қайтқан жоқ. Мемлекет басшысы мұны: «Еліміздің қауіпсіздігіне төнген қатер» деп бағалап, елордада өткізген келелі кеңесінде осынау «тәжтажалдан» сақтанудың бүгінгі таңда қаншалықты маңызды екенін ерекше атап өтті.
Біз: «Бала – біздің болашағымыз» дейміз. Демек олардың өміріне қауіп төндірмеудің барлық амалын жасауымыз керек. Бүгінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Е.Тоғжановтың 10.03.2021 жылғы № 21-5/ хаттамалық тапсырмасына сәйкес және Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 25 наурыздағы №12 Қаулысына байланысты аудан бойынша 14912 оқушы түгелдей 1 сәуірден бастап толық мектепке келіп, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, 25 оқушыдан аспайтын сыныптарда дәстүрлі және аралас форматта оқып жатыр. Көркем- эстетикалық бағыттағы пәндер (музыка, технология, бейнелеу өнері) қашықтықтан оқыту форматында жүргізілуде. Яғни аудан бойынша барлық оқушылар 100% дәстүрлі форматта білім алуда.
Осыған орай біздің тілшіміз С.Қожеке аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Майра Айдарбекқызы Базарованы келелі сұхбатқа тартқан еді. Енді осы әңгімеге ден қоялық.
Тілші: – Майра Айдарбекқызы, ауру айтып келмейді. Індеттің мұншалықты созылмалы болатынын ешқайсымыз білген жоқпыз. Міне коронавирустың үшінші толқыны келіп жетіп, еліміздің жеті облысы қызыл аймаққа енді. Бұл, әрине алаңдатарлық жағдай. Десек те, сіз оқу-тәрбие процесі кезіндегі орын алған олқылықтарды жою мақсатында семинар өткізіп, 15 баладан тұратын топтар құрып, әр аптаның сенбі күндері қосымша сабақтар өткізудің кестесін жасатып, оны барлық білім ошақтарына тапсырыпсыз. Осы турасында анығырақ әңгімелеп берсеңіз.
М.А.Базарова: – Оныңыз рас, індет біздің өмірімізге күрделі проблемалар мен түзетулер енгізді. Енді онымен күрес жүргізу біздің қоғамның ғана емес, бүкіл дүниежүзі халықтарының ортақ мәселесіне айналды. Жаңа сіз балалар туралы жақсы айттыңыз, біздің ауданда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарының жалпы саны 36. Ондағы қамтылған жалпы бүлдіршіндер саны 2979. 14 мемлекеттік балабақшада 1485, 9 жекеменшік балабақшада 1008, 13 мектеп жанындағы шағын орталықтарда 486 бүлдіршін тәрбиеленуде.
2020-2021 оқу жылының басында 38 мектептің 16-сы қашықтықтан, 22-сі дәстүрлі форматта оқи бастаған болатын. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 9 бен 11 сыныптардың оқушылары дәстүрлі форматта мектеп қабырғасында оқуда. Биылғы жылға білім беру саласын қаржыландыруға жалпы 11 млрд 653 млн 509 мың теңге қаражат бөлінді.
Білім беру мекемелерінде IV тоқсандағы оқытудың ерекшеліктері туралы директорлар жанындағы педагогикалық кеңестерде, әдістемелік бірлестіктердің отырыстары мен ата-аналар жиналыстарында жан-жақты таныстырылды. 11-сынып оқушыларының білім сапасын арттыру мақсатында білім бөлімінің ұйымдастыруымен негізгі пәндердің апталықтары өткізіліп, аудан көлеміндегі шығармашыл топ мүшелерінің іс-тәжірибесі таратылды.
Тілші: – «Сақтықта қорлық жоқ» дейді үлкендер. Осы пандемия басталғалы бері біз осы жоғарғы тұрған органдардың ескертулеріне қаншалықты құлақ аса алдық? Маска мен қолғап киіп, қолымызды залалсыздандырып жүрміз бе? Баланың аты бала ғой, олар осы ережелерді сақтап жүр ме? Мектепке кірерде осы ескертулер сақтала ма?Жалпы қазіргі таңда вакцина салдырудың жағдайы қалай?
М.А. Базарова: – Иә, ескерту жасайтын үлкендер болмаса, балалар санитарлық ережелерді кейде сақтай бермейтіні рас. Дегенмен, жаңа өзіңіз айтқандай, сақтану шараларын қал-қадірімізше сақтауға барлық мүмкіндігіміз бар. Дәлірек айтатын болсақ, аудандағы 38 мектепте санитарлық қағидалар толықтай сақталған. Білім беру мекемелерінің оқу кабинеттері мен ішкі санитарлық тораптары талап етілген санитарлық талаптарды толық қанағаттандырады.Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1352,5 литр антисептик, 38 дана санитайзер, 75 дана тепловизор, 100 дана жавилар, 1820 дана медициналық қолғап, 226 дана медициналық төсеніштер, 39 дана кварц лампалары және 38 дана зарарсыздандырғыш тоннельдермен мектептер толықтай қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 14 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сонымен қатар мектептерге 590 мың тенгеге қосымша 800 литр антисептик таратылды. Аудан бойынша 1980 педагог бар. 312 педагог «СОVID-19» қарсы «СПУТНИК-V» вакцинасын салдырды. Оның 19-ы мекеме басшылары мен орынбасарлары, 285-і бастауыш сынып мұғалімдері, 8-і білім бөлімінің қызметкерлері.
Тілші: – Пандемия кезінде сабақ беру мен сабақтан тыс шаралар тоқтап қалған жоқ шығар…
М.А.Базарова: – Әрине, тоқтаған жоқ. Керісінше бәрі білім бөлімінің 2021 жылға арналған жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес аудан педагогтары мен оқушылары облыстық, республикалық шараларға қатысты.
Мәселен, «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық байқауында Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гауһар Бердімбетова жүлделі ІІ орын алып, Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Елена Ахметова алғыс хат иеленді.
«Үздік жыл психологы» облыстық байқауында Ақтоған орта мектебінің психологы Дамира Смайлова бас жүлдені жеңіп алды. Сүлеймен Демирель университетінің ұйымдастыруымен «Заманауи оқулық және білім беру құндылықтары» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференцияда Ақыртөбе орта мектебінің математика пәні мұғалімі Гүлжан Рахатова өз іс-тәжірибесімен бөлісті. Республикалық «Абай әлеміне саяхат» байқауында Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Мадина Дастанова, Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің мұғалімі Маулен Тобықов, Абай атындағы орта мектептің мұғалімі Айнұр Тәтібекова, №1 мектеп-лицейінің мұғалімі Жанат Тілеуқұлова жеңімпаз атанды.
Ақпан айында жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп оқушыларының республикалық олимпиадасының аудандық кезеңіне 9,10,11 сыныптардан 631 оқушы қатысып, 26 оқушы олимпиаданың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Облыс әкімінің «СӨЗДЕН- ІСКЕ» жобасын жүзеге асыру мақсатында барлық білім беру мекемелерінде «Мектепке тағзым!» акциясы барысында «Jambyl-tylek.kz» жобасына жалпы орта, негізгі, бастауыш мектептердің аудан бойынша 6903 танымал түлек тіркелген болатын. Танымал түлектердің өмір жолын үлгі ету мақсатында осы оқу жылында 60 онлайн кездесу ұйымдастырылды. «Мектепке тағзым!» акциясы аясында мектеп түлектері аудан мектептеріне демеушілік көмек көрсетіп, «Жомарт жүректер» тізімі жасақталып, арнайы видеороликтер түсірілді.
Осы шаралардың барлығы оқу-тәрбие процестеріне нұқсан келтірген жоқ. Қайта оның барлығы да санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып өтті.
Тілші: – Әңгімеңізге рахмет.