Азаттық мәңгілік құндылық
Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесін тойлағалы отырмыз. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекетінің, ата-бабаларымыз талай жыл аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін айқындайтын маңызды аманат. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт болғанымен осы жылдары қаншама жетістіктерге қол жеткіздік.
Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан үлкен дәуір деуге болады. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Мемлекетімізді нығайта түсу үшін тағы не істеу керек?» деген сұрақтар толғандыруы тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды жиыстырып, болашаққа нық сеніммен қадам басу үшін өткенге оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізіп, сұрыптайтын уақыт.
Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, ел бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік деуге болады. Сондықтан Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, артық айтпаған болар едік. Тарихқа көз жүгіртсек, біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысып, қаншама тер төкті. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі керек.
Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды.
Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды.
Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да ерекше.Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп білеміз. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадымызда мәңгі сақталуы үшін келесі өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Бостандық, Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ.
Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Келесі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел! Біз Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан – 2050» Стратегиясының түпқазығы деп білеміз. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын шаруа.
Біз шынайы патриоттық сезіммен рахаттанып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Жастарға айтарымыз: кең байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жоспарларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа қуанып, әрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар демекпін!
Біз болашақта жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенеміз. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады.
Біз қуатты Тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Сондай-ақ, осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет.
«Тәуелсіздік тұтқасы бізге аманат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуы керек. Ұлтымыздың ұлы ұстанымы – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін.
Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек.
Бұл мақаламды «Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек, – деп айтып кеткен Елбасымыздың сөзімен аяқтағым келеді.Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын демекпін!
А.Кұрманбаева,
Көкарық бастауыш мектебінің меңгерушісі.