Жағдай толықтай қалыпқа келтірілді

266 Views

Аудан аумағында 2021 жылдың 20 мамырында басталған нөсер жауынның мол жаууы салдарынан көлбеу ағындар пайда болып, нәтижесінде тау бөктеріне жақын орналасқан Өрнек, Ақыртөбе, Тереңөзек, Қайыңды ауылдық округтерінде таудан келетін ағын суға жауын суы қосылып, су көлемі біршама көтерілген болатын.
Табиғаттың тосын құбылысынан ағып келген су Өрнек ауылдық округіне қарасты Өрнек ауылындағы 3 үйдің, Ақыртөбе ауылдық округіне қарасты Ақыртөбе ауылындағы 7 үйдің, Қайыңды ауылдық округіне қарасты Мамайқайыңды ауылындағы 3 үйдің, барлығы 13 үйдің ауласына кірген. Күш-құралдарының іс-қимылы шұғыл түрде ұйымдастырылып, жиналған суды сай салаға бұру арқылы қауіптің беті дер кезінде қайтарылды. Су тасқыны салдарынан зардап шеккен азаматтар, мал шығыны жоқ. Тек, Өрнек ауылдық округіне қарасты Сәлімбай ауылына кіреберістегі шағын көпірдің екі жақ тұйықтаулары аздап бүлініп, шұғыл түрде қалпына келтіру жұмыстары дер кезінде жүргізіліп, қазіргі кезге толық қалпына келтірілді.
Қалыптасқан жағдайды бағалау үшін оқиға орнына аудан әкімі Садырқұлов Ерболат Салқынбекұлы шұғыл жетіп, мәселені толық өз бақылауына алды. Аулаларына су кірген әрбір үйді аралап, үй иелерімен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жоғарыда аталған ауылдардағы көшелер мен үй аулалары толық тазартылды.
Су деңгейінің көтерілуі салдарынан бүлінген, бұзылған жөндеу жұмыстарын қажет ететін аула (қора-жай, сарай т.б.) анықталған жоқ.
Тасқын су орын алған жағдайдан кейін 2021 жылғы 21 мамырға қараған түнгі сағат 02.00 шамасында жағдай толық қалыпқа келтірілген. Қазіргі таңда жағдайы бірқалыпты.
Аудан аумағындағы су тасқынына қатысты жағдай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында.
Апат айтып келмейді. Тек уақытылы қабылданған шаралар ғана халықты сенімді қорғауға, ықтимал төтенше жағдайдың дамуына жол бермеуге қабілетті. Ең бастысы – су тасқыны қаупін азайтып, ауылдардың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету.

«Құлан таңы» ақпарат.

 

Поделиться ссылкой: