Тарихы терең шаңырақ
Еңбекшілер депутаттары аудандық атқару комитеті 1975 жылы 1 қазанда аудан орталығынан 100 орындық музыка мектебін ашу туралы шешім шығарып, облыстық атқару комитетіне ұсыныс жасайды. Осы ұсыныс негізінде 1976 жылдың 13 тамызында Қазақ ССР Министрлер кеңесі өзінің №387-ші қаулысымен Луговой ауданынан музыка мектебін ашады.
Осы білім мекемесіне Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген Бибізура Дәндібайқызы Тілеулиева директор болып тағайындалады. – Домбыра, фортепиано, аккордеон сыныптары ашылып, К.Әбдіқадырова мен З.Физлова үшеуі 40 оқушымен жұмысын бастады.Әуез мектебі 1995 жылдан бастап қазақ музыкасының классигі, көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың атымен атала бастайды. Одан беріректе оқу ошағына Әуес Әріпбайқызы, Еркінкүл Нұрғазықызы, Данияр Берікұлы, Сейсен Бейсеуұлы басшылық жасады. Мен 2002 жылдан бастап осы қызметтемін. Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздары халқымыздың төл өнерін дәріптеп, ел ертеңі жас өрендерді өнердің қыры мен сырын меңгеруге баулып, олардың бойындағы талантын ашуға бар күш-қуатын жұмсап келеді. Осы 45 жыл аралығында музыка мектебінен бастауыш кәсіби білім алған 794 түлектің басым көпшілігі өз білімдерін музыка саласында жалғастыра отырып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүріп, мемлекетіміздің мәдениеті мен өнеріне өз үлестерін қосуда.
Қазіргі таңда музыка мектебінде ұлт-аспаптар, фортепиано, вокал бөлімдері бойынша «домбыра», «баян», «қобыз», «аккордеон», «фортепиано», «дәстүрлі ән», «вокал» сыныптары, сондай-ақ, Ақбұлақ, Жамбыл орта мектептері жанынан ашылған «фортепиано», «домбыра» сыныптарында 350 оқушы дәріс алуда. Оларға 34 оқытушы, яғни 23 жоғары білімді, 9 арнаулы орта білімді мамандар сабақ береді.
Мектебімізде «Айналайын», «Керемет» хор ұжымы, «Балдәурен» домбырашылар ансамблі, «Бибі» вокалдық тобы аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен іс-шараларға белсене қатысып, дипломант, лауреат атанып жүр. Мектеп оқытушыларынан құралған «Акапелла», «Құлан сазы» фольклорлық ансамблі бар. Ұстаздардың басым бөлігі аудандық мәдениет үйі жанындағы «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің мүшелері ретінде аудандық, облыстық мәдени іс-шаралар мен байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. 2014 жылы мектеп директорының орынбасары Ж.Әбілгазина республикалық «Үздік әдіскер» байқауында ІІІ орынды, мектеп психологы А.Тағыбаева республикалық «Үздік жыл психологы» байқауының «Шебер психолог» номинациясына ие болды. Осындай жетістіктеріміздің нәтижесінде мектеп ұжымына Халықаралық рейтинг беру одағының Ұлттық сертификаты, маған «Білім беру және мәдениет саласы бойынша еңбек сіңірген мемлекеттік қызметкер» деген төсбелгі берілді. Ал, Әбілғазина Жанат Нүсіпбекқызына «Жыл маманы» сертификаты тапсырылды.
2014 жылы Жамбыл облысының 75 жылдығына орай өткен II Халықаралық «Қаратау сарыны-2014» фестивалінде «Құлан сазы» фольклорлық ансамблі дипломант атанды. Ал, 2015 жылы домбыра сыныбының оқытушысы Базарбаева Нағима Нартайқызы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. 2016 жылы Қырғызстан Республикасының Ыстықкөл қаласында халықаралық «Art Aspeсt» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген халықаралық «Музыкальный сезон: ЛЕТО-2016» байқауына біздің мектебіміздің оқушылары да қатысты. 2017 жылы Халықаралық білім және ғылымды қолдау орталығы «Көшбасшы» оқу-әдістемелік орталығының ғылым мен білім саласының дамуына зор үлес қосып, ұрпақ тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін домбыра сыныбының оқытушысы Күздеухан Төлендібаевты «Білім беру ісінің майталманы» медалімен және Құрмет грамотасымен марапаттады. 2017 жылы «Қазақстан –Тараз» телеарнасының «Ауыл кеші көңілді» атты телевизиялық жобасына қатысып, өнер саласындағы жетістіктерімізбен және өнерімізбен танылдық. Сол жылы Астана қаласында өткен республикалық «MUSIC Time – 2017» байқауына қатысқан оқушыларымыз жүлделі үш орынға ие болып қайтты. 2018 жылы Тұрар Рысқұлов ауданының 80 жылдық мерейтойына арналған «Тұғыры биік туған ел» атты мерекелік концертте мектеп оқытушылары мен оқушыларынан құралған оркестр өз өнерлерін көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді.
Мектеп ұстаздары 2001 жылдан бастап VII рет өткізіліп отырған «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдардың көркемөнерпаздары шығармашылығының аудандық, облыстық фестиваліне белсене қатысып келеді. Мәселен, қыл қобыз сыныбының оқытушысы Айшабүбі Орманова облыстық гала – концертке жолдама алды. 2018 жылы мектеп ұжымы Жамбыл облысы «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сол жылы «Рухани жаңғыру: ХХІ ғасырдағы заманауи білім беру кеңістігінің парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда іс-тәжірибесімен бөліскені үшін Л.В.Уколова сертификат иеленді.
2019 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және қосымша білімге 100 жыл толуына орай, одан Алтынбек Қоразбаевтың 70 жылдық мерейтойы аясында «Әгугай домбыра» атты оқушылар арасында ән байқауы өтіп, одан да оқушыларымыз жүлделі орындармен марапатталды. Тараз қаласында өткен «Talents of Kazahstan» І республикалық байқауында 3 бас жүлде, 11 оқушымыз І орын, 2 оқушы ІІ орынға ие болды. 2007 жылдан бері облыстық, республикалық жастар Дельфийлік ойындарына мектебіміздің оқушылары үзбей қатысып келеді. 2019 жылы Тараз қаласында XV облыстық жастар дельфийлік ойындары байқауына ауданымыздың атынан аудандық жастар дельфийлік ойындарынан іріктеліп шығып, 1-ші және 2-ші орын алған жастар қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мектебіміздің оқушысы «Халық әні» номинациясы бойынша Жансая Сәрсенбаева I дәрежелі дипломмен және республикалық дельфийлік ойындарына жолдама, дәл осы номинация бойынша Алтынбекова Мерей Алтынбекқызы III дәрежелі дипломмен, эстрадалық вокал номинациясы бойынша Рамазан Илесов II дәрежелі дипломмен және республикалық дельфийлік ойындарына жолдама жеңіп алып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
2021 жылы XVII облыстық жастар Дельфийлік ойындарының аудандық кезеңінен іріктеліп домбыра, вокал, дәстүрлі ән, аккордеон, фортепиано, баян номинациялары бойынша облыстық жастар дельфийлік ойындарына жолдама алынды.
Мектебіміздің айта берсек жетістіктері өте көп. Осының барлығы ұйымшыл ұжым мүшелерінің бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуінің, бірлігі мен ынтымағының жемісі деу керек шығар. Мектеп тарихына байланысты айтайын дегенім осы еді.
Б. Бабасов,
Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің директоры.