Көкжөтел дегеніміз не?
49 ViewsЖоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдалуымен және ауыр жөтелдің пайда болуымен сипатталатын жедел инфекция көкжөтел деп аталады. Көкжөтел — жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығын…
Биыл шілде түспей жатып-ақ, тау су көздерінен келетін ағын су тартылып қалып, суармалы алқаптарға ылғал жетіспей шаруалардың көктемде еккен қант қызылшасы, беде, бау-бақша, жеміс ағаштарын суаруы қиындап кетті. Иә, ол рас Қарақыстақ, Көкдөнен, Талды бұлақ, Мақпал, Қайыңды өзендерінен келетін ағын су шілде айында мүлдем азайып кетеді. Өйткені бұл кезде тау басындағы мұздақтар да еріп бітіп, оның үстіне жауын-шашын мөлшерінің де азаятын мезгілі осы шілде айы ғой. Дегенмен, республикалық «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының Құлан өндірістік бөлімшесімен алдын ала келісім-шартқа тұрған 114 шаруа қожалығы күні бүгінге дейін 949,4 гектар алқапты суландыру үшін 15 миллион 330 мың текше метр су алды.
Он ауылдық аймақ: Қайыңды, Тереңөзек, Өрнек, Құмарық, Көгершін, Көкдөнен, Құлан, Абай, Қарақыстақ, Жаңатұрмыс күні бүгінге дейін суармалы алқаптарға орналасқан жоңышқаны, бау-бақшаларын бір рет қана ылғалдандыра суарып алуды аяқтап келеді. Елді мекендер маңындағы «Жасыл ел» және «Жасыл белдеулер» бойынша саябақ және дендросаябақтар жасап алғандарға да мыңдаған түп сән ағаштары мен жеміс көшеттеріне ылғал беру оңай шаруа емес. Өкінішке орай ауданымызда қолдан жасалған байламалар, тоғандар жоқ десе де болады. Көктем мен күз айларында пайдаланылмай жатқан суларды осындай тоғандарға жинаса шаруалар судан тапшылық көрмес еді. Мәселен, Жаңатұрмыс ауылындағы «Әділ» шаруа қожалығы (басшысы Қалдан Әділов) бұрынғы «Ақкүшік» көліндегі суды байлама жасап алып, қазіргі таңда бороздалық тәсілмен елу гектар алқапқа ылғал беруді мотордың күшімен жүзеге асырып отыр. Мұны қазіргі таңдағы құрғақшылық жағдайындағы мелиорациялаудың ең тиімді әдісі деп түсінген жөн болар.
Су шаруашылығының қызметкерлері өздерінің төл мерекесін табиғаттың осындай қиындықтарына қарамастан лайықты қарсы алып отыр деп айта аламыз. Бізде осы салада 40 жылдан астам уақыттан бері табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан су технигі Жанкелді Болатбеков деген азамат бар. Оны Қарақыстақ су жүйесінде еңбек ететін өз әріптестері «өз ісінің нағыз маманы» деп атайды. Сондай-ақ, осы учаскеде көп жылдан бері гидропостта реттеуші болып еңбек етіп келе жатқан Мадияр Әбдірахманов пен мұрап Ербол Қуанышбаевтың есімдерін де ерекше атап айтуға болады. Өйткені олар өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Тереңөзектің халқы мұрап Әділ Бақашевті аузынан тастамай айтып отырады. Сол сияқты көкдөнендік кәсіпкер әрі мұрап Бекзат Сәрсебаевтың, абайлық Әлімжан Мұсабековтың, Шөңгердегі Асқар Байдәулетовтың еңбектерін де ерекше атап айтуға тұрарлық.
Иә, «Бір тамшы судың да сұрауы бар». Ал, мынадай шілденің шіліңгір ыстығында ондаған шақырым жердегі жоңышқалыққа немесе қызылша алқабына, ауылдардағы саябақтарға нәр беріп, айналамызды жасыл желекке орандырып отырған су шаруашылығы қызметкерлері емес пе?! Елбасының «Жасыл ел» – «Жасыл белдеу» бағдарламасына орай аудан әкімі Е.Садырқұловтың Құлан өндірісітік бөлімшесінің сұранысына биыл да көрсетіп отырған көмегі зор. Ендеше олардың да еңбегін ұмытпайық. Өйткені су – тіршілік көзі екенін білесіздер, ал, осы өмір нәрін ысырапқа жол бермей пайдалану бәріміздің абзал борышымыз. Су шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі құтты болсын, ағайын!
Бекмырза Шалданбаев,
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Құлан өндірістік бөлімшесінің басшысы.