Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Осы аптаның сәрсенбі күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезекті сегізінші сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерғазы Еспенов, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл әкімдері және бөлім басшылары қатысты.
Жиында Т.Рысқұлов ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы, аудан аумағында қылмыстық құқық бұзушылықтың және әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу секілді бірқатар мәселелер талқыланды. Ең алғаш болып баяндама жасаған аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерғазы Еспенов аудан көлемінде 2021 жылдың алғашқы 6 айында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, аудан экономикасында оң динамика байқалып, бірқатар сала алшаң басып келеді.– Қазіргі таңда аудан бюджеті кірісінің жоспары 284,6 млн. теңгеге артығымен орындалып, жоспар 103,6 пайызды құрап отыр. Ал 8,1 млрд. теңгені құрайтын шығындардың кассалық атқарылуы 100 пайызға орындалды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өндірілген өнім көлемі 6,2 млрд. теңгені құрап, 2020 жылмен салыстырғанда 200 млн. теңгеге артты. Осының нәтижесінде нақты көлем индексі 103 пайызды көрсетіп отыр, – деді Ерғазы Жұмабекұлы. Сонымен қатар, Е.Еспенов құрылыс, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау салаларындағы оң өзгерістерді тілге тиек етті.
Келесі болып аудандық полиция бөлімінің бастығы Олжас Омарбеков аудан аумағында қылмыстық құқық бұзушылық пен әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының қалай атқарылып жатқандығы туралы баяндама жасады. Олжас Төлегенұлы 6 ай есептік кезеңде 34 алаяқтық қылмыс тіркелгенін, оның ішінде 3 ауыр санаттағы қылмыс орын алғанын айтты.
– 2020 жылы алаяқтық қылмыс фактісі бойынша ешбір дерек тіркелмеген еді. Өкінішке орай, биылғы жылы 15 алаяқтық қылмыс орын алды. Оның ішінде 3 дерек ауыр санаттағы қылмыс болып саналады. Алаяқтық қылмыстық істер бойынша жеке-жеке тиісті санкциялар алынған болатын, алайда қаражаттар шет мемлекеттердің есеп шоттарына кетуіне байланысты бұл істер аяқсыз қалды, – деді Олжас Төлегенұлы. Сондай-ақ, О.Омарбеков жол-көлік оқиғалары мен ұрлық қылмыстары жөнінде де баяндап, бұл мәселелердің қалай шешіліп жатқандығы туралы айтып өтті.
Олжас Омарбеков өз баяндамасын аяқтағаннан кейін мәслихат хатшысы мен депутаттардың сауалдарына жауап берді. Аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов: «Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл кері өсімдер өте көп екен. Мал ұрлығы, жол көлік оқиғасы, заңсыз айналымдағы қылмыстардың саны күрт өсіп кеткен. Бұның мәнісі неде?» деп сұрақ қойды. Өз кезегінде Олжас Төлегенұлы:
– Аталған мәселелер бойынша мен осы уақытқа дейін бірнеше ұсыныс айтқан болатынмын. Былтырғы жылмен салыстырғанда кері өсімдердің пайызы өсіп кеткені белгілі. Аудандық полиция бөлімі тарапынан түрлі амалдар жасалынып, қылмыстың алдын алу мақсатында техникалық және әлеуметтік базаларымызды жыл сайын жаңартып келеміз. Алайда, бұл мәселеде айыппұлдың құнын көбейтіп, заңды одан әрі қатаңдатуымыз керек секілді. Әйтпесе, мардымсыз бағадағы айыппұлды төлеп, тағы да қылмыс жасайтын адамдардың саны азаймайды, – деп жауап берді О.Омарбеков.
Ал аудандық мәслихаттың депутаты Серік Дәлібаев: «Аудан орталығында түнгі уақытта автокөліктер өзара жарыстар ұйымдастырып жүр. Бұл мәселенің алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімі тарапынан қандай шаралар атқарылып жатыр?» деп сұрақ қойды. Бұл мәселе туралы Олжас Омарбеков:
– Қазіргі таңда осы сипаттағы жағдайлардың алдын алып жатармыз. Алайда, түнгі уақытта біздің 4 қана қызметкеріміз аудан тұрғындарының тыныштығын күзетеді. Кез келген оқиға орнына баруға олардың мүмкіндіктері де болмай жатады. Сол себептен, аудан көлемінде «Сергек» камераларын орнату туралы ұсыныс айтқым келеді. Бұл жоғарыда аталған жол көлік оқиғаларының алдын алатыны сөзсіз, – деп жауап берді полиция бөлімінің бастығы.
Бұдан кейін аудандық мәсихаттың депутаттары жарыссөзге шығып, бірқатар мәселелер туралы айтып өтті. Алғаш болып жарыссөзге шыққан аудандық мәслихаттың депутаты Раушан Жұманқұлова аудандағы коронавирус індетінің таралу мәселесіне тоқталды.
– Сала мамандарының ескертулеріне қарамай, аудан тұрғындары түрлі жиындарды, тойларды ұйымдастырып жатыр. Нәтижесінде, коронавирус індетімен ауырғандардың саны күн сайын артып келеді. Егер де осылай жалғаса беретін болса, аудандағы эпидемиологиялық жағдай одан сайын нашарлай беретіні анық, – Раушан Көшербекқызы.
Ал аудандық мәслихаттың депутаты Серік Дәлібаев жарыссөзге шығып, ауылшаруашылығы саласында бірқатар түйткілді мәселелердің бар екенін айтып өтті.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттарының жабық мәжілісінде де бірқатар мәселелер талқыланды. Аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Тоқтар Мамырбай Т.Рысқұлов аудандық мәслихатының 2017 жылғы 28 қарашасындағы «Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиянын дербес құрамын бекіту туралы» № 20-6 шешіміне өзгерістер енгізу туралы айтып өтті. Ал аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Т.Рысқұлов аудандық комиссияның дербес құрамын қайта құру туралы мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Амреев Асқар Т.Рысқұлов аудандық мәслихаттың «Т.Рысқұлов ауданы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу және жинақталу нормаларын және тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, әкетуге, кәдеге жаратуға, арналған тарифтерін бекіту туралы» 2019 жылғы 30 қазандағы №47-6 шешімінің күшін жою туралы айтып, бұл туралы бірқатар мәселелерді баяндап берді.
А.ҚАНАТҰЛЫ.