Ағаш көшеттері отырғызылды
65 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі Үкіметтің «Нұрлы жер» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, тұрғын үй алу кезегінде тұрған 1323 азаматтың өтінішін қанағаттандыру үшін алдағы үш жылға жоспар жасап отыр. Ең алдымен республикалық және облыстық бюджеттің қаржыландыруымен 2023 жылға дейін Құлан ауылындағы «Арай» тұрғын үй массивінен бес қабатты 80 пәтерлі төрт үй салу жоспарланған болатын. Алғашқы үйдің құрылысы 2020 жылғы 12 тамызда басталды. Биылғы жылдың тамыз айында сексен пәтерлі бір үйдің кілті кезекте тұрған азаматтарға беріле бастайды. Жыл аяғына дейін осындай тағы бір тұрғын үй пайдалануға беріліп, оған қоныстандыру жұмысы басталады. Қалған сексен пәтерлі екі үйдің құрылысы алдағы 2022 мен 2023 жылдары қолға алынады. Сонымен аудан бойынша 320 азамат осы үйлерден баспана алатын болады.
Сонымен қатар «Арай» тұрғын үй алқабынан жекеменшік тұрғын үй салуға 524 жер телімі бөлінген. Құлан ауылының бас жоспары бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу үш кезеңге белгіленді. Бірінші кезекте «Арай» шағын ауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жасалды. Дәлірек айтқанда, ауыз су мен электр желісі тартылды. Бұл жұмыстарды «Алуан ХХІ», «А и я сервис», «Жолғай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ойдағыдай атқарып қойды. Бүгінгі күнге дейін комиссияға 404 өтініш түсіп, оның 357-сі оң қорытындыға лайықты бағасын алды. 47 өтініш иелерінің атында жер телімі бар болуына байланысты арызы кері қайтарылды.
Ауданымызда қазіргі таңда Луговой ауылынан жаңа спорт кешенін салу қолға алынды. Спорт кешенін салуға Үкімет келісім-шарт бойынша 353 миллион 667 мың теңге қаржы қарастырып отыр. Кешен құрылысын салу өтпелі екі кезеңге қойылғандықтан, қалған қаржы алдағы жылы бөлінеді. Әзірге «Шымкентмелиорация» серіктестігі ғимараттың ірге тасын қалауды бастап та кетті. Келешекте дәл осындай спорт кешені Ақыртөбе, Көгершін, Жаңатұрмыс, Р.Сәбденов ауылдарынан да бой көтеретін болады. Сонымен қатар Жаңатұрмыс, Көгершін, Ақыртөбе, Көкарық, Қызылшаруа ауылдарынан мәдениет нысандарын салу жобада бар. Осыған орай сатып алу жұмыстары ұйымдастырылып, мердігерлік мекеме де анықталды. «Кантри-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас мердігер болып белгіленді.
Тамыз айында құрылысшылар өздерінің дәстүрлі мерекесі – Құрылысшылар күнін атап өтеді. Иә, Кеңес өкіметі тұсында ауданымызда колхозаралық құрылыс ұйымы, 2005-ші жылжымалы механикаландырылған колонна сияқты құрылыс ұйымдары болды. Осы құрылыс мекемелерінде еңбек еткен байырғы құрылысшылар арамызда әлі бар. Мәселен, осы мерекеге орай біз байырғы құрылысшы-инженер Бердіш Шахаровты, прорабтар Әбдіқадыр Оңалбеков пен Самат Каиповты, Бақтыбай Ақжоловты, Серік Сатишевті, Жекен Кәдірбаевты және тағы басқаларын төл мейрамымен құттықтаймыз. Олардың отбасына баянды бақыт, зор денсаулық тілейміз.
Басында баспанасы жоқ жанды қуанту үшін құрылысшы болу міндет емес. Сіздер білесіздер, Луговой ауылында «Жан жылуы» қайырымдылық қоры құрылды. Осы қордың жетекшісі Жәнібек Жүсіпов бес отбасына тұрғын үй салып беріп, қорғансыз қалған мүгедек балалар мен олардың ата-аналарын қуантты. Оған, бәлкім сіз де өз үлесіңізді қосқан шығарсыз. Өйткені қайырымдылық қорына қаражат әлеуметтік желі арқылы жиналды ғой. Қалай десеңіз де, жақсылық жасауға ұмтылыңыз. Өйткені сіздің бір сауапты ісіңіз мың адамға шапағатын тигізетінін ұмытпаңыз. Сонымен қатар құрылысшы болудың құрметті мамандық екенін де ұмытпаңыз.
Т.Жапарқұлов,
аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылыс және құрылыс бөлімінің басшысы.