Қазақ тілі – ұлтымыздың жаны

1 380 Views

Тіл дегеніміз – ұлттық болмыс пен психология аясындағы ең сезімтал әрі нәзік сала. Олай болса, мемлекеттік тіл тағдыры қазақ ұлтының да тағдыры екені баршаға аян.
Тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Тіл – ұлттың жаны. Тіл – халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағы. Белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дана сөзі бекер айтылмаса керек. Бұл құдіреті сөз – ұлттық бейнемізді сақтап қана қоймай, оны дамыта беруге арнаған көрегендік сөзі екені даусыз. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, елдігіміз бен бірлігіміздің туы. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды. Көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе. Осы тұста мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Үкімет мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдық-техникалық жағдайларды жасауға көмектесуде. Қазақтың біртуар перзенті Мағжан Жұмабаев: «…Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат ешнәрсе болмасқа тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың дархан сайын даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ», – деп тіл жайында терең толғанған екен. Қазақ тілінің тағдыры ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екендігін біздің әрқайсымыз да терең түсінеміз. Қазақ халқының бүгінгі ұрпағы мақтанғысы келсе, артында осыншама тіл байлығын қалдыра білген бабаларымен мақтана алады.
«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Сол тіл мәселесі, оның ішінде мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілінің тағдыры жайында тіл маманы ретінде айтарым – мемлекеттік тілімізді аман сақтап, ілгері дамыту үшін бәрімізге ұлттық сана, азаматтық биік тұғыр, мемлекеттік идеология қажет. Қазір біз тілдің дамуының бүкіл жауапкершілігін өз мойнымызға алдық, өзімізден өзіміз талап ететін кезеңге жеттік. Қазақ тілі үшін бәріміз де қарыздармыз, сондықтан қолымыздан келген қамқорлығымыз бен көмегімізді өз тілімізден аямайық. Өйткені, тіл – біздің ертеңгі ұрпақтарымыздың панасы.

Ғалия Шонатаева,
«Тілдерді оқыту орталығы» Тұрар Рысқұлов аудандық бөлімшесінің меңгерушісі міндетін атқарушы және оқытушы.

Поделиться ссылкой: