Жолдау – табыс пен тұрмысты дамытудың тетігі
Қазақстан егемендік алғалы мемлекет қолынан іс келетін кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, шаруасын дамытуына жағдай жасады. Соның нәтижесінде бүгінде кез келген кішігірім ауылдан шағын және орта бизнестің көзін көре аламыз. Бұл мемлекеттің қарапайым халықты кемел келешекке қол жеткізіп тіршілік көзін табуына мүмкіндік бергендігі деп топшылаған жөн. Кім қандай кәсіппен айналысып, оны қалай бастаймын десе де, оның алдынан ешқандай кедергі туындаған емес. Керісінше, мемлекетке де, өзіне де пайдасы тиетін мүмкіндікті мол етіп ұсына білді.
Алдағы уақытта да шағын және орта бизнесті дамытуға да жіті көңіл бөлінетін болады. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күні Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айтты. Президент жаңа Жолдауда «Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ оларға мемлекеттік шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет» деді.
Сонымен қатар, қазіргі күні әлем халқын әбірге салып отырған коронавирус індетінің салдары да Президент Жолдауында көрініс тапты. Оны Мемлекет басшысы: «Әлемді жайлаған індеттің беті қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақыт ұттырмай індетпен күресу шараларын дееу қолға алдық. Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ.» дей келіп, вакцина салдырудың маңызды екеніне тоқталды.
Жолдау – мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін аса маңызды рөл атқарады. Себебі, осы құжатта айтылған тапсырмалар мен міндеттемелердің жоспарлы орындалуы экономикамыздың, халықтың хал-ахуалының түзелуіне үлес қосады. Сондықтан әрбір қазақстандық Отанның адал азаматы ретінде Жолдауға қолдау білдіруге тиіс.
Б.Шалданбаев,
«ҚазСушар» мемлекеттік мекемесінің «Құлан» өндірістік бөлімшесінің басшысы.