ҚОНАЕВТЫҢ ЕСІМІН ЕЛЕМЕУГЕ БОЛА МА?

502 Views

Облыс әкімдігінің жол басқармасына, Тұрар Рысқұлов ауданы әкімі мен Ақниет ауылдық округі әкімінің назарына!

Иә, сонау Мойынқұмның жиегіне тиіп тұрған «Әбілхайыр» даласында 1954 жылы тың кеңшары – «Подгорный» астық совхозы шаңырақ көтерді. Тыңға түрен түсіріп, күні кеше ғана жоңғармен шешуші шайқас болған сайын дала төсіне ең алғашқылардың бірі болып келген де ұлты орыс, украин азаматтары болатын. Сондықтан болар олар жаңа ауылға «Юбилейное» деп ат қойды. Рас, ол кезде коммунистер мен лениншіл комсомол жастардың дәурені жүріп тұрған мезгіл болатын. Бірақ, заман өзгерді. Ат ескіріп, оның мәні мен мағынасы жоғалды.Осы тыңда туған кеңшарға сол жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев үш мәрте келді. Алғашқы сапарында «Подгорный» астық совхозын құруға ұйытқы болса, екінші жолы келгенде «Биғаш» учаскесіне яғни құм жиегіне дейін асфальт жол салуға түрткі болды. Үшінші сапарында Луговой ауданын аралап, мол астықтың куәсі болды. Шындығын айтатын болсақ Димаш Ахметұлының тыңды түлетуге қосқан үлесі өте зор еді.
Міне, сондықтан да алғашқы тыңгерлер А.Кутяковтың, Н.И.Голиктің, Ә.Апайтөсовтың, Раушанбек Бөкетовтың бастама көтеруімен ауылға тау тұлға Қонаевтың атын беру мәселесі көтерілді. Ақыры 2018 жылы шілде айының 13 жұлдызында 3903 нөмірімен Әділет департаментінде тіркеліп, ауылға Қонаевтың аты берілді. Содан бері де міне, үш жылдың жүзі болып қалды. Ауылдың тұсына дара тұлғаның аты жазылған тақта орнатылып, округ әкімі іс қағаздары мен мөрін өзгерткенімен «Алматы-Ташкент» тас жолы бойындағы осы ауылға бұрылатын бұрылыстағы көрсеткіш тақта яғни паннодағы «Юбилейное ауылы» деген жазу өзгертілмей әлі тұр. Оған неге осы күнге дейін дара тұлға, үш дүркін Социалистік Еңбек Ері атағын алған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтай асылымыздың аты жазылмаған? Әлде облыстық және аудандық жол басқармаларының басшылары осынау арда азаматымыздың атын менсінбей отыр ма?
Ақ ниет ауылдық округінің әкімі Нұрдос Тұрабаев: «Облыстық және аудандық әкімдіктерге бағынышты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне бірнеше мәрте хат жолдадық. Бірақ олардан осы күнге дейін орнықты жауап ала алмай отырмыз» дейді. Сонда: «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» дегендей бір жазуды өзгертуге құлық танытпай отырған кім? Біз соны білгіміз келеді. Осы уәдесінде тұрмайтын басшыларды облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев жөнге салса дұрыс болар еді. Өйткені үш жылдан бері бір жазуды өзгерте алмаған басшыға қандай шара қолданса да жоғарғы лауазымды басшының өз ықтияры емес пе? Әлде әлгілер Қонаевтай нар тұлғаның есімі берілгенін мазақ еткілері келе ме?

Редакциядан: Қалай болған күнде де сөзбұйдаға сала бермей тиісті жол ұйымы басшыларынан орнықты жауап күтеміз.
Фотоайыптаудың суретін түсіріп, газетке әзірлеген журналист С.Қожеке.

Поделиться ссылкой: