Мыңнан астам мектеп салынады

554 Views

Мемлекет басшысы өткен жылы да Жолдауын 1 қыркүйекте жария еткен еді. Ал, биылғы Жолдау мемлекеттік басқарудың жаңа моделі, жаңа жағдайдағы экономикалық даму, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, қолжетімді әрі сапалы білім, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, экология және биоалуантүрлілікті және азаматтардың мүддесін қорғау, цифрландыру, азаматтарды мемлекеттік басқару ісіне тарту, ұлттың жаңа болмысы бағыттарын қамтыды. Жолдауда елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы айтылды. Мемлекет басшысының Жолдауы мынандай мәселеге арналды. Біріншіден, пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму. Орталық Азия бойынша экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан туындаған қиындықтарға қарамастан, өз алдына дұрыс бағыт қоя білді. Бұл жөнінде Президент Жолдауында кеңінен баяндалды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылға дейінгі бекітілген ұлттық жобалар туралы айтып, стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық орнымызды күшейту және әлемдік деңгейде экономикамызды нығайту екенін жеткізді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ұлттық компаниялар мен еншілес компаниялар қысқартылғанына тоқталды. Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға ауқымды көмек көрсетіп отырғанын айтып, «Қиын жағдайда қалып қойған азаматтарға көмектесу – басты міндеттердің бірі» деген Президент бізге түбегейлі өзгеріс керектігін алға тартты. Мемлекет басшысы әлеуметтік көмек нағыз мұқтаж жандарға берілу керектігін баса айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы білім саласындағы болып жатқан өзгерістерге тоқталып, білім беру саласына коронавирус пандемиясы мен қашықтан оқыту кері әсер еткенін сөз етіп, елімізде мектептер саны 2025 жылға дейін кемінде 1000-ға жетуі керектігіне баса назар аударды. Одан бөлек, Мемлекет басшысы ғылым саласында грантты қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту керектігін айтты.

Мұратжан Мейманханов,
Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты.

Поделиться ссылкой: