Бірлесе білген ел бәрін жеңеді

525 Views

Мемлекет басшысы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялап, Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.
Мемлекет басшысы айтып өткендей, бүгінде республикадағы ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарау қажеттігі туындаған. Осы орайда 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге өсіру туралы шешім қабылданды. Президент Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап бергендей әсер қалдырды. Себебі ондағы барлық қамтылған бағыттар ел ертеңі үшін аса маңызды.
Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа Жолдау, ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын көрсетіп бергендей. Мемлекет басшысы өз Жолдауында, қарапайым еңбек адамының, зейнеткерлердің, мемлекеттік қызметкерлер мен білім-ғылым саласындағы еңбек етіп жүрген ғалымдардың, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әрқайсысының міндетін, қызметіндегі өзгерістер мен жаңалықтарды санамалап айтып өтті. Ел Президентінің халыққа жолдаған Жолдауын өз басым толық қолдаймын. Себебі оның еліміздің өркендеп өсуіне, ынтымақ пен бірліктің нығаюына, көп ұлтты халқымыздың татулығын сақтай отырып, үлкен биіктерге жетелейтіндігіне аса қатты сенімдімін.

Қожайхан Бижанов,
аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: