Жаңа заман – жаңашыл ұстаз

2 265 Views

Мәртебелі және абыройлы, қазіргі заманға сай жаңашыл ұстаз – қоғам айнасы. Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби: «Ұстаз тумысынан өзіне айтылғанның бәрін жетік түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселерінің бәрін жадында сақтайтын, ешбірін ұмытпайтын, алғыр да зерек ақыл иесі, өте шешен, өнер-білімге құштар, жаны таза және әділ, жұртқа үлгі көрсететін, қорқу мен жасқануды білмейтін ержүрек болуы керек» – деген екен. Тізбектелген бұл қасиеттер ұстаз мамандығының бейнесін айқара ашқандай. Аталмыш мамандықтың біз үшін де, қоғам үшін де маңызы зор. Заман өзгерген сайын, қоғам дамыған сайын, соған сай технологиялар да өркендей берері сөзсіз. Осыған байланысты біраз мамандықтың өз маңызын жойып, тарих қойнауына кеткені немесе сан қилы мамандық пен түрлі кәсіптің өзара кірігіп, жаңа тың сапаға ие болып жатқаны да аян. Осы ретте педагог мамандығы қашан да өз маңызын жоймай, керісінше адам мен қоғам тұрғанда әрқашан ең қажетті мамандықтың бірі әрі бірегейі болып қала беретіні ақиқат. Себебі, ешкім білім саласын айналып өте алмайды.
Қазақ халқы үшін ұстаздықтың орны ерекше, келешегі үлкен деп есептеймін. Мәселен, ерте­ректе ауылдың ақсақалдарына, жасы үлкен кісі­лерге сәлемдескен жас буынның «молда бол, балам» деген баталы сөзді жиі алатыны көркем әдебиеттен белгілі. Сол заманда ауыл молдаларының балаларды жинап алып, әріп үйретіп, ұстаздық еткенін ескерсек, бұл батаның астарында балалардың болашақта малшы не егінші емес, көзі ашық, көкірегі ояу, болашағы кемел, келер ұрпаққа берері мол ұстаз болуын қалаған үлкен тілек жатыр. Тіпті, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фараби де Түркістан өңірінің топырағында өсіп өнген. XIX ғасырда білім мен ғылымның шамшырағы болған, даналықтың бойтұмары Абай Құнанбайұлын қазақ елінің ұлы ұстазы десек те болады. Ұлы, дархан даладан осындай қайталанбас мыңдаған ұстаздар шыққан. Осы ғұламалардың өсиеті, бүгінгі рухани жаңғыруымыз негізінде, жаңа заманға сай жаңашыл, бәсекеге қабілетті педагогтарды білім сахнасына шығару мақсатында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен түрлі игі бастамалар қолға алынуда. Солардың бірегейі алдыңғы жылдың 26 желтоқсанында Парламент қабылдаған «Педагог мәртебесі туралы» Заңы. Аса көп талқылануды қажет еткен, төрт бағытты қамтитын бұл заңның негізгі мақсаты – ұлағатты ұстаздар қауымының құқықтарын кеңейту, өзіне тән емес жұмыстардан босатып, жүктемесін азайту еді.
«Үкіметке білім саласына білікті мамандарды тарту үшін жалақыны төрт жыл ішінде екі есеге көбейтуді тапсырамын» – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі еліміздегі барша ұстаздардың құлағына майдай жаққаны ақиқат. Десе де, Президенттің «білікті мамандар» деген сөзіне баса назар аударған жөн. Осы тұрғыда «Білікті маман қандай болу керек?», «Білім сапасын көтерудің негізгі тетігі неде?» деген сұрақтардың тууы заңды. Оқытатын оқушыға деген шынайы сүйіспеншіліктің болуы, әрбір сабаққа қатысты мәліметті аса зор ықыласпен түсіндіре алуы, білім беру жүйесінің сапалылығы, жоғары дәрежедегі теориялық білімінің болуы, ізденгіштігі, құзіретті, толерантты тұлға қалыптастыруға деген креативті ойлары, кәсіби шеберлігі мен шығармашылық қызметі бұл сұраққа жауап бола алады. Сонымен қатар, егер мұғалім халықаралық олимпиада, түрлі байқаулар жеңімпазын әзірлесе, үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы алады. Сондай-ақ, «магистр» деңгейіндегі мұғалімдердің жалақысына үстеме қосылады. Осы ретте еңбек демалысы, жүктемесі, медициналық сақтандыру қатаң түрде ескерілетіні де айтылды. Көңіл қуантарлығы, ұстаз денсаулығы ақшаға сатып алынбайтын, әрбір шәкірт үшін маңызды фактор ретінде бағаланғандығы. Заңға сәйкес, енді мұғалімдер сақтандыру жүйесімен жылына бір рет толық медициналық тексеруден өтіп, жеңілдікпен емделу мүмкіндігіне ие болады.
Бұл аталған түрлі игі бастамалардың басты мақсаты – ұстаз атаулының қоғамдағы беделін көтеріп, білім культін одан ары жетілдіру болып табылады. Дегенмен, педагогтар тарапына беріліп жатқан үлкен мүмкіндіктердің де өз қайтарымы болуы шарт. Сол үшін білім беруде қалыптасқан дәстүрлі формадан тыс жаңашылдыққа бас бұруымыз қажет деп санаймын. «XXI ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры» деп аталатыны мәлім. Сондықтан біз, ұстаздар, шәкірттерге ғылым негіздерінен мәліметтер беріп қана қоймай, оларды дүниежүзілік білім, ақпараттармен суарып отыруға тиіспіз. Бұл істе нәтижеге қол жеткізу үшін, әрбір ұстаз қоғамда болып жатқан тез өзгеріп тұратын әлеуметтік-экономикалық, педагогикалық өзгерістерге төселгіш, жаңаша ойлау жүйесін меңгерген, жан-жақты білімді, тұтас дүниетаным бар рухани бай адам болуы қажет. Өз пәнінің шеңберінде қалып қойған мұғалім балаға білім беруде, тәрбиелеуде биік мақсаттарға жете алмайтыны анық. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың қолында екендігін ескерсек, ал оларды терең білімді, жан-жақты дамыған, интеллектуалдық деңгейі жоғары етіп қалыптастырудың бірден-бір жолы – оқушыларға білім берудің тиімді әдістері мен тәсілдерін іздестіру, шығармашылығын дамыту. Бұл да шебер, білікті мұғалімнің еншісіндегі дүние. Әлемнің бірнеше елінен сынақтан өткізілген жаңаша оқытудағы модульдік, дамыта оқыту, деңгейлі саралап оқыту, сын тұрғысынан ойлау секілді технологияларды мұғалім өз ізденісі арқылы оқушының қабілетіне, деңгейіне сай іріктеп қолдануы тиіс. Сонымен қатар, әрбір жаңашылдыққа ұмтылған ұстаз кәсіби шеберлігін жетілдіруде өзінің стратегиясын құра білуі қажет.
Ендеше, ұстаздар қауымы мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, қарастырылған жеңілдіктерді ескеріп, өз пәнін жете меңгерген, жаңашылдыққа жаны құмар кәсіби, білікті мамандар шоғыры білім сахнасында дендейді деп сенеміз. Білім сапасы қашан да, ұстаз қызметінің сапасына тығыз байланысты.

Қанат Лебаев,
балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығының мұғалімі.

Поделиться ссылкой: