Тәу етер Тәуелсіздік!

549 Views

Тәуелсіздік – «Қазақ» деген атауға қан мен жан кіргізіп, жерім деп желпінтіп, барша алпыс екі тамырымызды идіртіп, қастер тұтатын киелі ұғым.
Тәуелсіздік елімізге оңайлықпен келе қалған жоқ. Қаншама бабаларымыз осы жолда мерт болды. Біз бақыттымыз! Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Сол үшін де Құдайға мың да бір тәубе. Аз ғана уақыттың ішінде елімізді барша әлем танып үлгерді. Қазір қазақ елі еңсесі биік, қадамы мығым елге айналды.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың арқасында елімізді әлем танып, мойындады. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевты халқы қолдап, ата-бабамыз аңсаған күнге жетіп отырмыз. Бүгінде Қазақстан – тәуелсіз ел. Сол азаттық жолында бабаларымыз не көрмеді десеңізші?! Еліміздің басынан азап та, аштық та, сұм соғыс та өтті. Әсіресе, ХХ ғасыр қазақ халқы үшін қайғыға толы кезеңімен есте қалды.
1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері міне, 30 жыл да өте шықты. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінгі Қазақстан тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіл әлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел.
Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған көреген саясатының нәтижесі.
Біздің бағытымыз белгілі, мақсатымыз айқын. Ең бастысы, сол мақсатқа жету үшін не істеу қажеттігін жақсы білеміз. Нақты жоспар жасап, соны жүзеге асырып жатырмыз. Біз қолға алған игі бастаманың бәрін соңына дейін жеткіземіз.Кез келген кедергіні еңсеріп, қиындықты жеңуге дайынбыз. Тек, бірлігіміз бұзылмаса болғаны.
2021 жыл – барлық қазақстандықтар үшін елеулі жыл. Еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығына қадам басты. Тәуелсіздік жылдар ішінде көптеген табыстарға қол жеткіздік.
Тәуелсіздік – біздің халқымыз үшін аса қымбат. Себебі, тәуелсіздік ата-баба рухын көтерді, елімізді алпауыт елдердің қатарына қосып, әлемдік қауымға ендірді. Мәңгілік еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы, еңсесі биік, мәртебесі берік болсын! «Елдің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып – көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» – дейді Елбасымыз.
Алдағы уақытта Қазақстанды әлемге, бойында нағыз шынайы қазақстандық рухы бар, отаншыл жастар ғана таныта алады деп сенемін. Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

А. Бейсенбаева,
Ғани Мұратбаев атындағы бастауыш мектептің мұғалімі.

Поделиться ссылкой: