Құрылыс жұмыстарына зер салды

478 Views

Өткен жұмада ауданымызға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет арнайы іс-сапармен келді. Іс-сапар барысында Рүстем Рысбайұлы аудан аумағында атқарылып жатқан бірқатар игі жұмыстармен танысты. Жалпы аймақта облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған жобалар өте көп. Солардың бірі – «Асарлатып үй салу» жобасы.

Бүгінде бұл баянды бастаманың аясында облыс аумағында 150-ден астам үй салынған. Оның 20-ға жуығы біздің аудан аумағында бой көтерген. Президент қолдауына ие болған аталмыш жоба биыл да өз жалғасын табуда. Үстіміздегі жылы аты аталған жоба бойынша салынған үйдің біріне көгершіндік жас отбасы қол жеткізгелі отыр. Жеті бүлдіршінді тәрбиелеп отырған отбасыға берілетін үйдің құрылысымен танысқан аймақ басшысының орынбасары атқарылған жұмыстарға жоғары бағасын берді. Дәл осындай жоғары бағаға ие болған нысандардың бірі – «Арай» көпқабатты тұрғын үйі. Бүгінде бес қабаттан тұратын 80 пәтерлік үйдің құрылысы толық бітуге жақын. Қазіргі таңда аталмыш тұрғын үйдің жанынан дәл осындай тағы бір нысан көтерілуде. Айта кетейік, бұл жұмыстар тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындардың сұранысын орындау мақсатында атқарылып жатқан игі бастамалар. Рүстем Рысбайұлы іс-сапар барысында білім және денсаулық сынды үлкен салалардың жұмыстарымен де танысты. Атап айтар болсақ, Ю. Гагарин атындағы негізгі мектебіне жапсарлас салынып жатқан спорт залдың құрылысы және Құлан, М.Горький атындағы мектептердің жылыту маусымына дайындығын пысықтады. Сондай-ақ, орталық ауруханаға да бас сұғып, ондағы отқазандықтың бүгінгі жай-күйіне баға берді. Кемшін кеткен тұстарды атап өтіп, аздаған уақыт аралығында ретке келтіруді тапсырды. Уәде мен үдеден шыға алмаған мердігерлерге тиісті шаралар қолдану керектігін алға тартты. Назардағы нысандардың қатарында Луговой ауылында іргетасы қаланып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешені де болды. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары «Теміржолшы» және «Кең дала» көшелеріне төселіп жатқан жолдың сапасымен де жақын танысты.

«Құлан таңы» ақпарат.

Поделиться ссылкой: