Шоқ тілді Шона
16 ViewsӨткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде белгілі сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай Басқар Битанов атындағы халықтық театр ұжымының ұйымдастыруымен «Жүз шымшыма»…
“Ана тілі” газетін оқығанда…
немесе «Неге осы уақытқа дейін айтылып жүрген Мәншүктің бүкіл өмірі – өтірік»?
Иә, ол рас, қазақ журналистикасы Мағира Қожахметова сияқты қыздары болмаса жетімсіреп қалар еді. Ол кісі: «Туған жерімде мені ешкім танымайды» деп ренішін білдіреді. Мағира әпкейді мен сонау жетпісінші жылдары Алматыда журналистика факультетінде оқып жүрген кезден білемін. Өйткені әпкемнің туған бауыры Қапезбен бірге оқыдым. Сол кезде-ақ, Мағира әпкейдің талай құлаққа жағымды, жүрекке жылы ұялайтын әңгімелерін естіп едім. Енді міне, «Ана тілі» газетінде (№43 (1615) 28 қазан-3 қараша, 2021 жыл) жарық көрген тілші Нұрсұлтан Мықтыбайдың ол кісімен болған ашық сұхбатын оқып отырып үлкен ойға қалдым. Ішімнен: «Осындай аузы дуалы сөз зергерін зеренділіктер, Көкшетау жұрты неге білмейді?» деп күйіндім.
Сұхбатта ол кісінің портреті, бар болмысы анық ашылған, тіпті әпкей шынын айтамын деп, сырын да айтыпты. Жасы биыл 75-ке толғалы отырған толағайдай тұлғаны біздің аудан жұртшылығы да білуі тиіс қой деп, қолыма қалам алып отырмын. Кезінде осы Құланнан Алма Оразбаева сынды қазақтың біртуар қызының қабірін тауып, оның басына құран оқытып, ол туралы айшықты мақала жазып едім. Ендігі сөз Мағира Қожахметова туралы.
Иә, әпкем бос уақытын босқа жібермей 20 жылдан бері «Бал бұлақ», 17 жылдан бері «Дертке дауа» газеттерін үзбей шығарып, оқырманын өзі тауып келеді. Ол кісінің қаламынан туған «Көшім хан – Сүзге», Бауыржан Момышұлы, Мәншүк, Роза Әкімбекова, Иманжүсіп туралы драмалық шығармалары сахнаға өзі сұранып тұрған туындылар. Десек те, әпкеміздің сұхбатта айтқан бір сөзі көкейімнен әлі кетпей тұр. Иә, ол кісі Мәншүкті көп зерттеді. Мағира Қожахметова «Қазір «менмін» деп жүргендер – ешкім емес» деген тақырыппен берген сұхбатта: «Осы уақытқа дейін айтылып жүрген Мәншүктің бүкіл өмірі – өтірік» дейді де… «Мәншүк туралы ән» деген фильм де түкке тұрмайды. Біріншіден, Мәншүктің әкесінің аты – Жеңсігәлі. Анасының аты – Тойырша. Екі туған ағасы болған. Біреуі соғыста хабарсыз кеткен. Мен Мәншүктің өмірін зерттеп тұрып жаздым. Себебі Әмина апаймен жақсы араласқанмын. Мәншүкті жазу үшін, оның өмірінің әрбір минутын зерттедім. Соғыста қалай қаза тапқанына дейін жатқа білемін. Мәншүктің денесіне снаряд түсіп, тас-талқан болған. Сонда Баймолдин деген қазақтың батыры «Қарындасым-ай, қарлығашым-ай» деп егіліп жоқтап, Мәншүктің сүйегін жинаған» дейді.
Иә, мұндай дерек-дәйекті біз де бұрын естімеп едік. Біздің Луговой кентінде Мәншүкке арналған ескерткіш тақта мен көше бар. Біздің жерлестеріміз де қазақтың батыр қызының есімін қастерлеп, есте тұтады. Сондықтан біз үшін Кеңес Одағының Батыры атанған Мәншүк Мәметова туралы әр дерек қымбат.
Газет материалдары бойынша мақаланы дайындаған журналист Сейсен Қожеке.