Кеңестің әлеуетін арттыру – аса маңызды

907 Views

Қоғамдық кеңес отырысынан

Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Оған аталмыш кеңестің төрағасы Шорабек Атабаев қатысып, өзі жүргізіп отырды. Сондай-ақ, жиынға аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, бірқатар бөлім басшылары, кеңес мүшелері, ауылдық округ әкімдері қатысып, күн тәртібіндегі мәселелерді жан-жақты талқылады. Жиынның күн тәртібінде үш өзекті мәселе қаралды. Оның ең алғаш­қысында аудандық мемлекеттік сатып алу комиссияларының заң талап­тарына сәйкес жұмыс атқаруы сара­лан­ды.
Жалпы ағымдағы жылы аудандық бөлімдер бірнеше мемлекеттік сатып алу ісін жүргізген. Оның ішінде 11-ін қаржы бөлімі жүргізсе, қалған 10-ын білім мен ішкі саясат бөлімдері ұйымдастырған. Бұл туралы жиында кеңес төрағасы Шорабек Атабаев мәлімдеді. «Жалпы биыл ауданда 21 отырыс өткізілген. Бөлім басшыларының сөзіне сенсек, барлық мемлекеттік сатып алу істері өз дең­гейінде жүргізіліпті. Дейтұрғанмен, комиссияға қатысты орын алған олқы­лық­тар жоқ емес, бар. Дәлірек атап ай­­тар болсақ, жоғарыда аты аталған бөлім­дер комиссия құрамына Қоғамдық кеңес­тің бір мүшесін кіргізуді жөн деп санамаған. Яғни, бұл жерде ҚР-ның «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы­ның 7-бабындағы 1-тармақтың 8-тармақшасында көрсетілген талаптар мүлдем орындалмаған. Алдағы уақытта бұл кемшіліктерді болдырмауға тиіспіз» деп аталмыш мәселе бойынша онға жуық мекеменің жұмысына мониторинг жүргізген Қоғамдық кеңестің мүшесі Мұратхан Стыбаевқа сөз берді.  Кеңес мүшесі өз баяндамасында бірнеше бөлімнің жұмысы тексерілгенін, сондай-ақ, олардан бірқатар кемшіліктер табылғанын жеткізді. Әсіресе, Майра Базарова басқаратын білім бөлімінде 5 рет комиссия отырысы өткізілгенін, оның бірде-біріне Қоғамдық кеңес мүшелері қатыстырылмағанын, тіпті отырыстың өтетіндігі жөнінде тиісті деңгейде хабарланбағанын мәлімдеді. Сөз соңында кеңес мүшесі алдағы уақытта бөлім басшылары жоғарыда айтылған кемшіліктерге жол бермей, бірлесе жұмыс жасау керектігін алға тартты.
Жиында мемлекеттік сатып алу ісі бойынша кемшілік жіберген бөлім басшылары Тойшығұл Жапарқұлов пен Майра Базарова да сөз сөйледі. Аудандық қаржы және білім бөлімдерінің басшылары алдағы уақытта өткізілетін мемлекеттік сатып алулардың комиссия құрамына міндетті түрде Қоғамдық кеңес мүшелері енгізілетінін айтты. Ізінен осы мәселе бойынша шешім жобасы мен ұсынымды Қоғамдық кеңестің мүшесі Қанатбек Арыстанбеков жария етті. Кеңес мүшелері шешімді бірауыздан қолдады.
Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындар жайында да сөз қозғалды. Ол жайында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айхан Назарбеков кеңінен ақпарат берді. Ал үшінші мәселе бойынша кеңес төрағасы Шорабек Атабаев сөз сөйлеп, ауылдық округтік жерлерде қоғамдастық жиналыстарының регламенттерін бекіту туралы жоба жасалғанын, оның барлығы ауыл әкімдеріне таратылғанын айтты. Сөз соңында қоғамдық кеңестің функциясын ауылдық жерлерде құрылған қоғамдастық жиналыстары толық атқара алатынын мәлімдеп, округ әкімдеріне осы жұмысты тиісті деңгейде жандандыру керектігін өтінді. Бұл жұмыстар кеңестің жұмысын ілгерілетуге, әлеуетін арттыруға өз септігін тигізетінін де атап өтті.
Жиын соңына қарай бірқатар кеңес мүшелері өз ұсыныстарын айтты. Атап айтар болсақ, оқушыларды ыстық тамақпен қамту, қауіпсіздікті күшейту төңірегінде Рахманәлі Әбдіқадіров пен қоғам белсендісі Түзел Алагөзова сүбелі ой айтса, аудандық маңызы бар мекемелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барлық жағдай жасау бойынша ұсынысты Қанатбек Арыстанбеков жеткізді.
Дәл осы ұсыныстарға жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев жауап берді. «Бүгінгі жиын барысында бірқатар мәселелер қозғалды. Бәрі өзекті әрі түйткілді. Әрине, жұмыс болған жерде кемшілік те болады. Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алуға байланысты жіберілген қателіктерді жою барысында бірлесе жұмыс істейтін боламыз. Тіпті, бұл жұмыстар қатаң бақылауға алынады. Әрине аталмыш сатып алу конкурстарында жергілікті кәсіпкерлер жеңіске жеткені бізге де жақсы. Бұл бір жағынан аудан экономикасын дамытуға оң әсерін тигізер еді. Бірақ, заң талаптарына сәйкес, біз ешкімге шектеу қоя алмаймыз. Мемлекеттік сатып алулар ашық әрі электронды форматта жүргізіледі. Қоғамдық кеңестің отырысында тәртіпті күшейту, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасау бойынша да өзекті мәселелер көтерілді. Әрине бұл ұсыныстарыңызды өз басым ұтымды деп санаймын. Сол себепті де алдағы уақытта бұл мәселелерді жан-жақты қарастырып, бір шешімге келетін боламыз» деп өз ойын түйіндеп, жиынды қорытындылады.

Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Поделиться ссылкой: