Тұғыры биік – Қазақстан

1 328 Views

Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Елімізде білім, ғылым, денсаулық, спорт салалары сәт сайын даму үстінде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында еліміздің өткені, қазіргісі мен болашағы жайлы айтылып, бізге жаңа серпін мен жаңа белестерді бағындыруға жігер қосты. Біздің мақсатымыз – еліміздің ертеңі, болашақтың иесі жастардың бойына еліне деген махаббат сәулесін сеуіп, дәнін дарыту. Оның тамырланып, өсіп өркендеуіне қамқорлықпен жағдай жасау – ортақ парызымыз.
Тәуелсіздік – біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз. Жас мемлекет тарихындағы жаңа дәуір дәл осы тәуелсіздіктен бастау алады. Қазақ халқының егемендікке ұмтылған қадамы сәтімен жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – дербес Қазақ елі келді. Тұңғыш Елбасымыз айтып өткендей, «Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік! Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентер сәтте қазақ елінің еркіндігі, бостандығы жолында бас тіккен азаматтардың, солардың қатарында бұл күнге жете алмай, туған Қазақстанның егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен желтоқсан құрбандарының рухына тағзым етіп, еске алуды парыз санаймын. Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та, аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін».
Түйіндей келе, біз ғасырлар бойы қаншама ұрпақтың арманы болып өткен тәуелсіздіктің, ұлттық мемлекет құру мұратының жүзеге асқан заманында өмір сүріп отырмыз. Ендігі күні іргетасы сапалы қаланған мемлекетіміздің шаңырағы шайқалмай, Тәуелсіздіктің тұғырлы туы мәңгіге желбірей беретініне күмән жоқ. Өйткені, қазақ деп соғар жүрегі бар әрбір Алаш баласының жұмылатын тұсы, ешбір тайсалмайтын ісі де осы Тәуелсіздік болуы тиіс. Ендеше, тәу етер Тәуелсіздігіміздің туы желбіреген күні құтты болсын!

Г. Мамбетова,
Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты
орта мектептің
кітапхана меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: