Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
21 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн.
Биыл қас-қағым уақыт тәрізді, қанды жол, ауыр күндермен келген Тәуелсіздігімізге – 30 жыл толса, Желтоқсан көтерілісіне – 35 жыл. Жыл сайын 16-шы желтоқсан күні – біз бүкіл ел болып, тәуелсіздік күнін, сән-салтанатты іс-шарамен, мерекелік кештермен атап өтеміз.
Бүгінде 35 жыл толып отырған Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар, тек 1990 жылдардың бас кезінен бері ақтала бастады. Осынау бас көтеруге «ұлтшылдық көрініс» деп берілген саяси бағаның қате тұжырым екені мойындалып, қазір Желтоқсан көтерілісі Кеңес Одағының құлауына пәрменді соққы берген алғашқы бас көтеру ретінде қарастырылады. Ал оқиғаның бел ортасында жүргендер қазақ жастары ресми үгіт-насихат барысында «Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескендер» деп аталып жүр.
«Желтоқсан эпопеясы» кітабының авторы Мұхтар Шаханов бір сұхбатында: «Желтоқсан рухы шын мәнінде біздің ұлтымыздың рухани шыңдалуы. Сондықтан біздің бүгінгі таңдағы басты міндет – Желтоқсан рухын қолдау, насихаттау», – деген екен. Желтоқсан көтерілісі – ұлт санасынан өшпейтін, Тәуелсіздіктің алғашқы қадамы болып қала бермек!
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. 30 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен өттік. «…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгерді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін» деген Елбасының сөзі бар. Тәуелсіздік күні құтты болсын. Көк аспанымызбен астасқан Көк Туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін!
Мұратжан Мейманханов,
Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің директоры, аудандық мәслихат депутаты, «Каменка» БПҰ төрағасы.