Тәубенің зоры – Тәуелсіздік

1 783 Views

«Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз», – деп еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтып өткендей, тәуелсіздікке жетер жолда талай қиындықты еңсерген қазақ халқы бүгінгі күні егеменді, болашағы жарқын, дербес мемлекеттердің бірі болып отыр. Білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен айқасқан ержүрек батыр аталарымыздың арқасында біздер, бейбіт елдің аспаны астында өмір сүрудеміз. Бұл – біздің баға жетпес байлығымыз. Себебі, Тәуелсіздік – өлшеуі жоқ, құнды қазыналардың бірі. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырларымыздың «Қайтсек те жауға бермейміз» деген ұранмен қол бастап, есіл ерлердің рухын көтергені, Отанына деген махаббатын оятқаны бәрімізге аян. Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен астасып жатқан ұлан-ғайыр даланы жат жұртқа бермеу үшін қайтпас қайсар батырларымыз жан аямай күресті. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске алып келді.
Жылдар бойы Ресейдің отаршылдық саясатына көніп келген қазақ бүгінгі күні өзінің дегеніне еркін түрде қол жеткізе алды. Біздер бақыттымыз. Өйткені, бірлігі жарасқан елде өмір сүреміз. Өз құқығымыз, өзіміздің дербес пікіріміз бар. Бұдан асқан бақыт бар ма?! Қазіргі таңда Қазақ елі дамыған елдердің қатарында. Бізді әлем таныды, Тәуелсіздігімізді мойындады. Бұл жетістікке жетудің өзі талай маңдай тердің жемісі. Осының бәрі сындарлы ғылым, саналы білімнің арқасы деп білемін.
Құдайға шүкір, ата-баба арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізген, алыс, жақын шет елдерде абыройы асқақ, дамушы елдердің алдыңғы қатарында келе жатқан, 30 жасқа енді толып, оңы мен солын ажыратар елге айналдық.
Қазір әр қазақтың көңілі жаздың жайма шуақ күніндей десем де болады. Ызғарлы желтоқсанда алаңға шығып, қазақы намыстың ұшқынын ұқтырған аға-әпкелерден есті естелік қалды бізге. Ең бастысы, желтоқсаншылардың арқасында тәуелсіздікке қол жеткізгеніміз көңілге қуаныш ұялатады. Еліміздің болашағы үшін жанын беріп, осы күнді бізге табыстап кеткен желтоқсаншыларға мың алғыс. Азаттықты бағалау, қастерлей білу – әрбір қазақстандық азаматтың парызы. Сондықтан тәуелсіздіктің ақ таңы мәңгілік болу үшін әрбір адам өз тарапынан елге деген, жерге деген сүйіспеншілігін сақтап, еліміздің ынтымақ бірлігінің бұзылмауына атсалысуы тиіс. «Бірлік барда тірлік бар» дегендей, ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып, сыйластықта өмір сүрсек, еліміздің іргесі сөгілмесі анық.

Жанат Сейдалиева,
Шолаққайыңды бастауыш
мектебінің меңгерушісі.

Поделиться ссылкой: