Бір мезетте 20 қарсыласпен шахмат ойнады

458 Views

Бүгінде спорттың сан түрі бар. Біздің өңірде бұл саланың бокс, күрес сынды түрлері жақсы дамыған. Бәлкім, ауданымыздан бір емес, бес бірдей Олимпиада чемпионының шығуы соның айқын дәлелі болар. Сонымен қатар, киелі Құлан өлкесінде спорттың басқа да түрлері нық қадаммен қарыштап, дамып келеді. Соның бірі – шахмат ойыны.
Шахмат ойыны – адамның ақыл-ой ұшқырлығын талап етеді. Ежелден қалған аңыздар бойынша, шахматты ең алғаш болып біздің дәуірімізге дейін 1000 жыл бұрын үндістандық математик ойлап тауыпты. Ал кейбір деректер бойынша, шахмат біздің дәуірімізге дейін II-III ғасырда Мы­сыр, Ирак және Үндістанда пайда бол­ған деседі. Ғасырлар бойы әлемге аса танымал болған шахматтан ресми чемпионат алғаш рет 1886 жылы өтіпті. Содан бері әлемнің әр өңірінде дәстүрлі түрде жарыстар ұйымдастырылып ке­ле­ді.
Күні кеше Ақбұлақ шағын орта­лықты орта мектебінде кезекті рет оябы бөлек ойын ұйымдастырылды. Аталмыш мектептің оқушыларына шахмат ойынынан дәріс беретін талантты ұстаз Ниязбек Қайыповтың ұйымдастыруымен өткен жарыста жас бүлдіршіндер сынға түсті. Нақ­ты атап өтетін болсақ, жарысқа қатыс­қан оқушылар шахматтан әлемдік жарыстардың жүлдегері, талантты ойыншы, жерлесіміз Шапағат Қонысбаймен жеке дара ойнап көрді.
Бір мезетте бірнеше ойыншы­мен ойнауға мүмкіндік беретін шахматтың бұл түрі тақтамен жаңадан танысқан жандарға көп көмектеседі екен. Оны бізге әлемдік додалардың жүлдегері Шапағат Қо­ныс­байдың өзі айт­ты. «Бір мезет­те шахмат ойнайтын адамдар санына келсем, мен бұдан да көп ойын­шылармен ойнаған кездерім болды. Ең бастысы бүгінгі шара осындағы оқушыларға қызықты әрі пайдалы болса деймін. Ақбұлақ ауылына келгендегі басты мақсатым – осы. Бұл жолдастық кездесу. Сондықтан ойын барынша тартысты өтуде. Арай Қаржаубай, Нұрасыл Асықбай, Меліс Көшербай, Арон Қадыржан сынды оқушылардың ойынын ерекше атап өтуге болады. Олар тынбай еңбек етіп, ұстаздарының ұстанған бағытымен жүретін болса, биік белестерден көрінулері бек мүмкін», – деген Шапағат Қонысбай ойын соңына қарай «үздік» деп танылған ойыншылардың бірі Ақерке Әбдіқапармен тағы да ойнап, екеуара өткен ойынды кеңінен талқылап, өзге оқушыларға мастер-класс көрсетті.
Ойын қорытындысы бойынша мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Ляйла Еркінқызы Қазыбекова, директордың ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Сағымбайқызы Бейсембаева және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақыт Мұсабекқызы Еркімбаева сөз сөйлеп, шараға қатысқан әрбір жанға алғыстарын жеткізді. Әсіресе, олар дәл осындай талантты оқушыларды іріктеп алып, оларға барынша бағыт беріп жүрген Ниязбек Қайыповтың еңбегін жоғары бағалады. Салтанатты жиын соңында жарысқа қатысқан әрбір оқушы арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: