Зекет – ғибадаттың төресі

369 Views

Зекет – Исламның бес парызының бірі болып саналады. Тілдік мағынасы «пәктеу», «өсу» дегенді білдіреді. Шариғи мағынасы – белгіленген мал-мүлік пен дүниенің бір бөлі­гін Жаратушымыз белгілеп берген белгілі бір адамдарға мүлік етіп беру дегенді білдіреді. Зекет сөзінің мағына­лары көріп тұрғандай, зекеті берілген мал-мүлікке береке кіреді, көбейеді, өсіп өнеді. Зекеті төленген мал-дүниені Алла өзі сақтайды.
Құран Кәрімнің 32 жерінде зекет малын өтеуге әмір етіліп, соның ішінде 28-і намазбен бірге айтылған. Байқағанымыздай, зекеттің қасиеті намаздың қасиеті, сауабымен бірдей екен. Демек, әр мұсылман намаз бен зекеттің арасын бөліп-жарып ажыратпайды. Екеуіне де тең амал етеді.
Бұл жайында Құранда: «Намазды толық өтеңдер, зекетті беріңдер және Алла Елшісіне бой ұсыныңдар, әрине мархаметке бөленерсіңдер», – дейді. (Нұр сүресі, 56-аят).
Рамазан айы көптеген сауаптар жасайтын айы бол­ған­дықтан, мұсылмандар зекеттерін осы айда бергенді әдетке айналдырған. Төмендегі аят зекет берудің парыз екендігіне дәлел бола алады. Құранда: «Олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің…» (Тәубе сүресі, 103-аят).
Бай адамдар малдарының бір бөлігін кембағалдарға берулері парыз етілген. Бұл жайында Құранда: «Олардың мал-мүліктерінде сұраушы және кембағал үшін белгілі бір хақтары бар», – делінеді. (Мағарыж сүресі, 24-25 аяттар).
Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Малдарыңызды зекет беру арқылы сақтаңыздар. Науқастарыңызды садақа берумен емдеңіздер және түрлі бәле-жалаларды дұға ету арқылы қайтарыңыздар» – дейді. (Әбу Дәуіт риуаяты). Зекет­ті беруде еш кешіктірмегеніміз аб­зал. Имам Мұхаммед рахматуллаһи ғалайһи: «Зекетті әдейіге кешіктіріп бермей жүрген адамның куәлігі қабыл етілмейді» – деген. Шайтан адам баласына зекет бермеуге әрі малының азайып қалуы жайлы жаман ой салуы мүмкін. Алла Тағала зекет берушінің иесіне ойламаған жерден ризық-береке береді. Бұл жайын­да хадисте келтіріл­ген. «Мал-мүлік садақа берумен кеміп қалмайды». (Тирмизи).
Имам Ғазали рахматуллаһи ғалайһи айтады:
«Алла Тағала өз пендесіне жан және мал нығметін бер­ген. Дене зекеті үшін ғибадат арқылы шүкір ету, мал-мүліктің шүкірі зекет малын төлеу болып саналады», – дейді. Зекет беретін кісі өз уақытында зекетін төлемесе, малы шығынға ұшырайтыны жайында Айша анамыздан р.ғ. мынадай хадис риуаят етіледі: «Малдың зекеті төленбесе (кедей-міскінге берілмесе), ол малдың берекесі кете бастайды. (Имам Бұхари). Демек, зекет беру – қалған малдардың өсіп-өнуіне, кө­беюіне, ең бастысы берекелді болуына, түрлі бәле-жалалардан аман болуына себеп болады.
Алла Тағала бірнеше аяттарда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де байдың малында кембағалдың хақылары (үлестері) бар екендігін баяндаған. Солай екен, кімде-кім малының зекетін төлемесе, бәрібір де түрлі басқа жолдармен зор шығынмен шығып кетеді. Зекет малын төлеу үлкен ғибадат әрі Раббысының разылығына да қауыштырар ізгі амал болып саналады.
«Зекет кімдерге парыз?» деген сұраққа шариғат ақылы бар, балиғатқа жеткен, бай-дәулетті, мал-дүниесінің нысабы бір жылға толған мұсылманға парыз боп саналады. Сауда айналымындағы ақша, малдардың құны нысаб санына жетіп, бір жыл толса, зекетін беру парыз болады. «Сауда малдары» дегенде «сату ниетінде алынған қандай да мал-мүліктер мен заттарды» айтамыз. Олардың әрқайсысының өзінен зекет шығаруы мүмкін. Бірақ та, олардың жалпы құндарын есептеп берген абзал. Мысалы, киім-кешек, дәрі-дәрмектер сияқты саудамен айналысушыларды айтуымызға болады. Заттың ә дегендегі келген бағасымен де есептеуге болмайды. Өтпей қалған, сапасы жоғалған мүліктен зекет беру жақсы емес. Егер де бір кісінің аз ғана алтыны, аз ғана күмісі бар болған болса, ол екеуін қосқанда, нысабына жетсе зекет беру парыз болады. Тұрып жатқан үй, қолданылып жатқан ат-көліктер үшін зекет берілмейді. Жалға берілген ғимарат, дүкен және көліктен зекет берілмейді. Зекет малын кітап шығаратын орындарға немесе дін жолындағы шәкірттерге, дін қызметіндегі бауырларға, жалпы дін ілімдерінің таратылу жолдарына жұмсаса да болады. Сауабы мол. Шаруа малдарын жарты жылдан көбірек уақыт мерзімінде бағып жатқан болса әрі ол нысабына жетсе, ол малдардан да зекет беріледі. Түйенің саны 5-ке жетсе, нысабына жеткен болып, ол үшін зекетке бір қой беріледі. Ірі қара малының саны 30-ға жетсе, ол үшін бір жасқа толған 1 бұзау беріледі. Қой мен ешкінің саны 40-қа жетсе бір қой немесе ешкі беріледі. Сатылым (сауда) ниетінде үйде бағылып жатқан малдар санына емес, олардың құндары басты назарда қарастырылады. Егер құны нысап санына жететін болса, қырықтан бірі зекет үшін беріледі. (Шархул Уиқая, Әләмгирия, Бәдаиғ кітаптары).
Құрметті оқырман, зекет тақырыбына қатысты аздаған керекті мәліметтерді келтіре отырып, зекет амалына да терең мән беруіміз керек дегенді айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Мал-дүниеме, отбасыма береке кірсін дейтін болсақ, тақырыбымызға арқау болып отырған зекет мәселесіне терең үңілгеніміз абзал болады.
Алла Тағала баршамызға ғибадаттарды өз уақыттарында өтеуді нәсіп етсін.

Үмбет Сабырханов,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой: