Ернарға ерекше алғыс айтамыз

270 Views

Конституция күні қарсаңында шалғайда жатқан Жалпақсаз ауылының тұрғындары ерекше күйге бөленді. Себебі, дәл сол күні талай жылдар бойы ауылдықтардың басты мәселесіне айналған түйткіл өз шешімін тапты. Ол – теміржол өткелінің ашылуы. Ашылу салтанатына аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудандық мәслихат хатшысы Ербол Әбутәліпов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, және ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

Жалпақсаз ауылына апаратын аталмыш өткел 1968 жылға дейін қызмет көрсетіп келіп, белгілі себептермен жабылған. Өкінішке орай, ол сол күйі 2003 жылға дейін жабық тұрды. Тек зілзала зардаптарын қалыпқа келтіру мақсатында өткел 2003-2004 жылдары қолданысқа беріліп, кейіннен қайта жабылды. Жарты ғасырдан астам уақытта ауыл тұрғындары Тасшолақ ауылы арқылы қатынап, 10 шақырымға дейін айналма жолды пайдалануға мәжбүр болған. Ол туралы бізге ауыл ақсақалдары баяндап берді. «Бұл өткел бізге ауадай қажет. Неге десеңіздер, осы күнге дейін жол азабын әбден тарттық. Біздің ауылға өрт сөндіру немесе жедел жәрдем көліктерінің келуі өте қиын болатын. Кейде сағаттап күтіп отыратынбыз. Аллаға шүкір! Енді ондай жағдайға тап болмайтын шығармыз. Себебі бүгін аудан әкімінің бастамасымен өткеліміз қайта пайдалануға беріліп отыр. Сенесіздер ме?! Қуанышымызда шек жоқ. Сол үшін де аудан басшысы, баламыз Ернарға ерекше алғыс айтамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамасы біздің ауданда да жүзеге асып жатқанына шын қуаныштымыз» – деп, осыдан бірер уақыт бұрын аудан әкіміне осы өтінішпен барғандарын, жүйелі жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мәселенің оң шешім тапқанын айтты. Аудан әкімі Ернар Серікәліұлының айтуына қарағанда маңызды мәселенің шешілу жолы да оңай болмаған. Тұрғындар өтінішпен қайырылғаннан кейін аудан әкімдігі тарапынан «Қырғыз темир жолу» компаниясына ресми хат жолданған. Ағымдағы жылдың шілде айында аталмыш компанияның вице-президенті Дастан Абдылдаевич Усубакунов бастаған делегация ауданға арнайы келіп, өткелдің ашылуына өз келісімдерін берген. «Айыр қалпақты ағайындар өтінішімізді жерде қалдырған жоқ. Ол үшін алғысымыз шексіз. Бұл – бір. Екіншіден, алғысты осы игі бастамаға атсалысқан ауыл белсенділеріне, мекеме басшыларына және ауданның жомарт жүректі кәсіпкерлеріне айтқым келеді. Бұл баянды бастамаға аудан бюджетінен бірде-бір тиын жұмсалған жоқ. Бәрі демеушілер есебінен іске асты. Енді міне, 469 тұрғыны бар ауыл жол қиындығын сезінбейтін болады» – деп, аудан басшысы өз сөзін түйіндеді. Салтанатты жиында аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Ербол Әбутәліпов те сөз сөйледі. Олар «Орындағысы келген адам жол табады, ықыласы жоқ адам сылтау табады» деп оябы бөлек ой айтып, аудан әкімі бастаған жұмысшы топтың іскерлігін жоғары бағалады.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Расымен де, жақсының жақсылығын дөп басып айтуымыз керек шығар. Өткелдің ашылуы біраз жанға қуаныш сыйлағанын көзіміз көрді. Шат-шадыман күйге бөленген балалар, шашуды нөсер жауынға айналдырған әжелер, қос қолын жайып, бата берген ақсақалдардың қуанышын көргенде біз де ерекше күйге бөлендік. Ашылған өткел жақсылыққа апаратын жол болсын, ағайын!

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: