Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
24 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Ақын әрі күйші, шымырдың шын жорғасы ТӨРЕБЕК ӘБДІКЕРІМҰЛЫ
қазан айының 10-шы жұлдызында 85 жасқа толады
Төребек Әбдікерімұлын «Шымырдың шын жорғасы» дер едім. Жасы тоқсанды алқымдаса да қолынан домбырасы, аузынан шайырлығы түспеген нағыз дарын иесі. Төкеңді көптен бері білемін. Әкесі Әбдікерім қыран құс баптап, саят құрған әрі ағаштан түйін түйген ұста екен. Осы қасиеттері Төребек пен Жорабек сынды екі ұлына қатар дарыған ғой. Қашан, қай кезде барсаң Төкеңнің қолынан шапқысы мен балғасы түспейтін. Қолы қалт еткенде қос ішекті домбырасын алып күй шертеді. Сонда «Төкеңнің көкірегі тола күй ме?» деп қаласың. Өзінің жан сарайынан шыққан он шақты күйін ұлы Қаршыға да тартып, дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырып жүргеніне дән риза боласың. Сонау, ілгеріректе ағайынды Әбдікерімовтердің авторлық кешін де ұйымдастырдым. Сонда Төкеңнің айтыскерлігі бар екенін де байқағанмын.
Шау тартып, жасы 85-ке келсе де, Төребек ақын өзінің жыр қазынасын жалпақ жұртқа жария ете алмай жүргенін жасырмай айтып: «Тым болмаса бір кітабым жарық көрсе ғой?» деп армандайтын. Сол арманын «Шәушен» атты толғауында:
– Оң қабағым тартсашы, оң қабағым,
Оң көз тартса әмәнда жол болады.
Шағын ғана өлеңім жарық көрсе,
Жақсылықтың нышаны сол болады, – деп жырлайтын. Иә, қарт жыраудың мұңын түсінуге болады. Мен Төкеңнің шайырлығын Ақжол, Әбдіәкім, Қазыбай ақындардан кем көрмеймін. Қайта шайырдың шымыр жаңғақтай өлеңдерін оқып отырып, одан бүгінгі күннің нағыз реализмін, табиғаты тұнық шынайылығын байқаймын. Ақын:
– Өлгем жоқ, тірілердің сапындамын,
Көшеді көкжиектен сағым жалын.
От баспай, ойнақтамай күнім өтті,
Еңкейсем өлең болды сағынғаным.
Жасымда бай болуды көксемеппін,
Құланды қуды дейсің өкшелеп кім?
Күй шертіп, өлең жазып аңқылдаған,
Туғаннан түбі тесік қу шелекпін – дей келіп, өзінің қолы қысқалығын да жасырмайды. Осы уақытқа дейін он күй шығарып, төрт ән жазыпты. Оған мен жыраудың «Есім би» атты шежіре-дастаны мен онсан толғауын тағы қосар едім. Біз жаңатұрмыстық шайыр Қуандық Шолақты: «табиғат тамыршысы» деп жүрміз ғой. Ал, Төкеңді ойланбай-ақ, сол лектегі шайырлар шоғырына қосқан болар едім. Оның табиғат туралы лирикалары, тереңнен толғап жазған шер мен шоққа толы өлеңдері кімді де тебірентпей қоймайды.
Иә, Төребек ақынның атақ-даңқы, ат төбеліндей алған сыйлықтары жоқтың қасы. Егер оның творчествосына көз жүгіртсек, әлі де баспа бетін көрмей жатқан түйдек-түйдек төрт томдық қолжазбасын ақтарып оқысақ, оның шын шайыр екеніне шек келтірмейміз. Ақын, күйші, сазгердің оқырманға жол тартып отырған тұңғыш туындысы оның жүрегін жарып шыққан жауһар жырларының қанат қақты қарлығаштары екенінде дау жоқ. Т.Әбдікерімұлы Руми, Шамси сынды шығыс шайырларының жарық «жұлдызы» болмаса да, тарихымызға келіп қосылған үлкен тұлға, рухы биік қазыналы қартымыз. Шайыр :
– Жарылқайды кімдерді демеушілер,
Жұрттың бәрі үзген бе менен күдер.
Айға атылмақ ойым бар, қолым қысқа,
Аяғымда оймақтай емен-шідер, – деген өлеңімен өзінің өкінішіне осымен нүкте қойып, өз қаржысына оймақтай болса да орны мен оябы бөлек, тобықтай тоқтамы бар туындысын шығарып отыр. Автордың тырнақалды туындысы оның 85 жасқа толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Жақында шайыр өзінің осынау торқалы тойын Әбжапар ауылының төр жағындағы Қарабұлақ басындағы «Тау қымыз» демалыс орнында, табиғат аясында атап өтпекші.
Қарт шайырдың табиғаты тым бөлек. Ол «шыр» етіп дүниеге келгелі «сирек тас» пен Алатау шыңынан көз алмай келеді. Аса дарындылық та адамға Алланың қалауымен келетін сияқты. Төкеңнің қолынан шапқысы мен таспиғы ешқашан түсіп көрген емес. Иманы түзу қарияны ауыл-аймақ, қала берді аудан халқы сыйлап, құрметтейді. Ол өзі сиқым еліне қарындасын беріп, алты алашқа аты танымал атақты Есім би туралы толғау (дастан) жазды. Өмірден өткен есімі елге белгілі меценат, Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевтың туған ағасы Қалила оның күйеу баласы.
Иә, оның бойына біткен кішіпейілділік пен қарапайымдылық, ауылдастарына, тегі адамдарға деген туа біткен адамгершілігі мен сүйіспеншілігі оны үнемі төрге шығарып келеді. Ақсақал абызды Ақыртөбе, Өрнек өңірінің үлкен-кішісі пір тұтады. Осынау қызыл шырайлы жүзінен нұры төгілген жанды көрген сайын Қордайдың «қоңыр құлжасы» Кенен атамды, шымырдың шын жорғасы Шыныбек датқаны көргендей боламын. Егер Төкеңнен бата сұрай қалсаң, ойланбастан қолын жайып ақ батасын береді:
– О, халайық! Әлеумет!
Болмасын ақау жамау бет!
Мөлдірдей жүзім жүздерді,
Желпісін жылы самал леп.
Жетелесін тәтті үміт,
Болсын дәйім сәттілік.
Егеменді елімде,
Жүрейікші шат күліп.
Жастар болсын иманды,
Қарттар білсін жиғанды.
Кішілерден жасалсын,
Үлкенге ізет сый мәнді, – дейді.
Осынау аузында батасы, ауылында данасы бар Әбжапар елінің азаматтары қандай бақытты десеңізші. Бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Әбжапар ауылында шымыр балалары тұрады. Шап-шағын ауыл болғанымен, атағы алысқа кеткен. Мұнда жазушы Әбжапар Жылқышиев, әнші Гүлмира мен бапкер Нұрлан Ақүрпековтер дүниеге келген. Ауыл жұртының қарапайымдылығы сол емес пе? Олардың ешқайсысы: «мен пәленшемін» деп көкірегін соқпайды. Біздің кейіпкеріміз Төребек те, оның туған бауыры, ақын Жорабек те ешқашан кеуде соғып көрген жан емес. Қайта қазымыр емес, қазыналы қарттың күйін кешіп жүріп жатыр. Төкеңнің кіндігінен өрбіген бес ұл мен екі қыздың, олардың анасы Бакираның елге жаққан жағымды істері өзінше бір төбе. Бәрін айт та бірін айт, Төребек сынды абыздың артында «жақсы» деген сөздің қалғаны қандай ғанибет.
Сейсен Қожеке,
журналист-ақын, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері.
Суретте: қарт-жырау Төребек Әбдікерімұлы.
Әбжапар ауылы.