Бір кем дүние

433 Views

Салауаттың арманы

Салауат неше жасында,
Жасыл кәмшат бөркі басында.
Дұшпанды қырған сол Салауат
Ақ Еділ, Орал тасында.
(Башқұрт халық жыры)
Баяғыда патша Пугачев көтерілісін басып, оның басын дөңбекте шауып тастады ғой.
Пугачевтің бас көмекшісі, бас сардары Салауат Жолай баласы да қолға түскен. Патша әскерін ойсырата қырған Салауатты өлім жазасына кесуге көзі қимай, әйел патша Эстонияның ар жағындағы, Балтық теңізіндегі Палдиск деген аралға айдатып жіберген (әкесі Жолаймен бірге).
Сол аралда Салауат өле-өлгенше (аяқ-қолы кісендеулі) тас тасып, шведтердің шабуылынан сақтайтын қамал соқты.
Әрі жас, әрі көркем, әрі ақын Салауаттың сонда туған жерін, Орал тауын, Ақ Еділін аңсап шығарған жырларын Бас қасқыр (Башқұрт) елі осы күнге дейін сүйіп айтады.
Қайтар едім, жолым жоқ,
Сулар буған менің жолымды.
Жұлдыздардан көпір салар едім,
Бұғаулады тағдыр қолымды…
Пугачевтан генерал атағын алған, аса дарынды қолбасшы, сегіз қырлы, бір сырлының құлжасы – Салауат арманына жете алмай, туған жерден алыста, Балтық теңізіндегі аралда мәңгі қалды.
Бір кем дүние деген осы да.
Туған халқы қанша заман өтсе де осы күнге дейін:
Жайлауда жүрген жылқының
Аласы көп те, бозы жоқ.
Дұшпанды қырған сол Салауат,
Аты қайтты, өзі жоқ… –
деп жырға қосып, жоқтау айтқандай болады.
Шын бір кем дүние.
Кестелі қалта

Алматыдағы Қонаев ескерткішін айналдыра скамейкалар қойылған. Ғабең (Мүсірепов) сол жерде демалып отырады. Кейде мен қасына барып отырамын. Ғабең «Космос» деген сигаретті тұтата бастайды.
Мен:
–Бұл темекіні қай уақыттан бастадыңыз? – деп сұраймын.
– Сірә, 18 жастан, – дейді. – Бір қыз маған моншақтап, кестелеген кисет (қалта) тігіп сыйлады. Кисетті қалтаға бос салып жүрмейсің. Саратов махоркасын толтырып, жұқа шылым қағаз сатып алып, соған орап, «козья ножка» жасап тартамын. Түтінді ішке тартпаймын. Қос танаудан түтінді жарыстыра шығарсаң, қыздар қызығатын сияқты.
Әне, бұл «дос» содан басталған.
Бұл кезде Ғабең 84 жаста еді.
Ал темекіні 18 жаста бастаса, шынында да «ескі дос» болған.
Бірақ бұл да бір кем дүние.
Мен:
– Өкпеге зиян шығар, – деп едім. Ол:
– Ысталған ет көпке шыдай ма, әлде жас ет көпке шыдай ма? – деді.
Бір жылдан кейін, 85-те қайтты.

«Қаламгерде»

Мың да тоғыз жүз жетпіс жылдың он бірінші қазаны еді.
Ғабең (Мүсірепов) маған ақша беріп, бір шөлмек коньяк алдыртты.
– Қазір Шәкір Әбен деген шал келеді. Өзі дәстүрлі халық ақыны, философ ақын, – деді Ғабең. – Семейден…
Кешікпей Шәкір ақын келді. Басында дөңгелек құндыз бөрік. Сақалы аппақ. Қолында таяқ.
Шағын стол басында үшеуіміз отырмыз. Сөзді Шәкір ақын бастады. Ғабеңе қарата:
– Сені бір көрсем деп едім. Басқа арызым жоқ. Жасым сексен екіде. Құжат бойынша – жетпіс алты, – деді Шәкір ақын.
– Е, келесі жылы мен де жетпіс беске келемін. Менен бір жас үлкен бола ғой. Кісінің жасын туған күнімен емес, қай шақта, қандай қайратта, соған қарап есептеу керек, – деді Ғабең.
Сол жетпіс беске мен (Ш. М.) биыл (2007 ж. 28 қыркүйек) келдім. Шәкір ақын мен Ғабит Мүсірепов о дүниелік болғалы қай заман…
– Жасты қайратыңа қарап есепте, – деп еді Ғабең. Кім біледі…
Бәрібір бір кем дүние.

Талант сатылмайды

– Бәрін де сатып алуға болады, — деді Ғабең бір жолы. –
Ақшаң болса қалтаңда,
Талтаңдасаң – талтаңда!
Бәрін де – атақты да, ар-ұятты да, әйелдің махаббатын да…
Ал бірақ талантты сатып ала алмайсың. Ешқашанда. Талантты адам бермейді, Құдай береді.
Біздің Союздың (Жазушылар одағын айтады. – Ш. М) есігі айқара ашық: халтураға да, дарынсыз сүмелектерге де. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сол. Білдің бе?
Мен, әрине, білемін.
Бұл да бір кем дүние.
… Қазіргі Жазушылар одағы – біздің Мыңбұлақтың егіс даласындай: еккен арпа-бидай арамшөптің, есекмияның, кекіренің арасынан көрінбейді.
(Жалғасы бар).

Поделиться ссылкой: