Зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру

330 Views

1998 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілді. Ынтымақты зейнетақылардың мөлшері біртіндеп қысқаруда. Өйткені оларды тағайындау кезінде тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жинақтаған еңбек өтілі ескеріледі.

Ынтымақты зейнетақы мөлшерінің азаюы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақымен өтелуге тиіс (аударым кезеңі мен зейнетақы жарналарының мөлшері неғұрлым көп болса, оның мөлшері соғұрлым жоғары болады).
Қазіргі уақытта зейнетақы төлемдері бірнеше компоненттерді қамтиды:
1) бұл ең төменгі деңгейде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60%-ын құрайтын мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі. Ол 10 және одан аз жыл еңбек өтілі бар немесе мүлдем еңбек өтілі жоқ барлық азаматтарға кепілді түрде береді. Бұл ретте еңбек өтілі үлкен азаматтар үшін базалық зейнетақының мөлшері 10 жылдан асқан әр жыл үшін 2%-дан артады, ал 33 және одан да көп жыл өтілі кезінде базалық зейнетақы ең жоғары мөлшерге – ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-на жетеді;
2) бұл жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен және 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға республикалық бюджеттен төленетін ынтымақты (еңбек) зейнетақы.

Ынтымақты зейнетақыны тағайындаудың негізгі шарттары 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілінің болуы (толық зейнетақы үшін ерлер/әйелдер — кемінде 25/20 жыл; 25/20 жылдан аз еңбек өтілі кезінде толық емес зейнетақы жинақтаған өтілге пропорционалды түрде тағайындалады), сондай-ақ, 1998 жылдан бастап үзілістерге қарамастан қатарынан кез келген орташа айлық табыс есебінен есептеледі.
3) бұл жинақтаушы зейнетақы, онда жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы қызметкерлердің 10% міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылады.
Бұл ретте алынатын зейнетақы­лардың мөлшері зейнетақы жарнала­рының мөлшеріне және оларды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тұрақты аударуға, сондай-ақ, зейнетақы жинақтарының кірістілік деңгейіне байланысты болады.
Осылайша, барлық үш деңгейдегі зейнетақымен қамсыздандыру (ынты­мақты, базалық және жинақ­таушы зейнетақы) еңбек өтіліне байланысты екенін атап өтеміз. Еңбек өтілі неғұр­лым ұзақ болса, зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болады.
Сонымен қатар, ел Президенті Қ.К.Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халық­қа Жолдауында зейнетақы жүйе­сінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар кешенін ұсынды.
Олардың бірі – 2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын 61 жас деңгейінде 5 жылға тоқтата тұру.
Бұл шара коронавирус панде­мия­сының азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін ескере отырып қабылданды.
Алдағы 5 жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту бойынша шаралар қабылданады деп жоспар­лануда. Бұл ретте ауыл медицина­сына, азаматтардың денсау­лығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтарының желісін құруға және кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады.
Осыған байланысты 2028 жылға дейінгі кезеңде елдегі зейнеткерлік жасты айқындау кезінде ескерілетін факторларға: демографиялық, эконо­микалық көрсеткіштерге, өмір сүру ұзақтығының серпініне, халықтың денсаулық жағдайына, зейнетақы мөл­шеріне және т.б. тұрақты талдау жүргізіліп, соның нәтижесінде бұл мәселе қосымша қаралатын болады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін тиісінше ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан 70%-на дейін, ең жоғарғысы тиісінше 100%-дан 120%-ға дейін кезең-кезеңмен арттыру көзделеді. Бұл ретте базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13% (бүкіл кезең ішінде 51%) құрайтын болады.
Ұсынылған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Айгүл Манапбаева,
№ 3 зейнетақы және
әлеуметтік қамсыздандыру
бөлімінің
бас маманы.

Поделиться ссылкой: