Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен 2023 жылдың 4 айында мемлекеттік сатып алуды жүргізу ережелерін бұзған үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту нәтижелері

76 Views

Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментімен 2023 жылдың 4 айында мемлекеттік сатып алуды жүргізу ережелерін бұзған үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту нәтижелері

Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» № 392 заңының 14 бабы негізінде мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне камералдық бақылау жүргізеді.
Мемлекеттік сатып алуларға камералдық бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №598 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Камералдық бақылаудың мақсаты – бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, мемлекеттік аудит объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру және мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені азайту болып табылады.
Камералдық бақылаудың ден қою шаралары:
1) барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың орындауы үшін міндетті камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберу;
2) мемлекеттік аудит объектілерінің бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған кодтары мен шоттары, сондай-ақ, банк шоттары бойынша (корреспонденттік шоттарды қоспағанда) барлық шығыс операцияларын тоқтата тұру;
3) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген құзырет шегінде әкімшілік іс жүргізуді қозғау болып табылады.
Департамент тарапынан, камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы жіберілген хабарламаны мемлекеттік аудит объектісі, ол мемлекеттік аудит объектісіне тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындау қажет.
Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды мемлекеттік аудит объектісіне хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде дербес жойған кезінде, лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды.
Егерде камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы жіберілген хабарлама жоғарыда белгіленген мерзімде орындалмаған немесе тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» № 235 Кодексінің 462 бабының 3 бөлігі негізінде Департамент әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасын толтыруға мәжбүр болады.
Аталған бап бойынша істерді әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған аудандық және оларға теңестiрiлген соттар қарайды.
2023 жылдың 3 айында хабарламаны орындамаған немесе тиісті деңгейде орындамағаны үшін 19 лауазымды тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып сот қарауына жолданды және мекемелердің банк шоттарының шығыс операциялары тоқтатылған. Оның ішінде, бүгінгі таңға мерзімдеріне қарай 12 лауазымды тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды, қалғаны сот қарауында.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу саласы бойынша заң бұзушылықтың жүйелі түрде қайталануына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру орын алуда.
Бұл ретте, 2022 жылы заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғаларға қатысты 562 әкімшілік хаттама толтырылып, 112,6 миллион теңге айыппұл салынды, оның ішінде:
1) мемлекеттік сатып алу веб-порталына мемлекеттік сатып алу жылдық жоспарын уақтылы орналастырмау;
2) әлеуетті өнім берушілерді немесе өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қойып, сотқа жүгінбеуі немесе уақтылы жүгінбеу;
3) бәсекелестік ортаны сақтамай бір көзден келісімшарт жасау;
4) конкурсқа (аукционға) қатысуға алдын ала жіберу хаттамасында, қорытынды туралы хаттамада әлеуетті өнім берушінің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімін қабылдамау себептерінің егжей-тегжейлі сипатталымын көрсетпеу;
5) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезінде олардың біртекті түрлері және оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлмеу;
6) әлеуеттi өнiм берушiлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасында көзделмеген бiлiктiлiк талаптарын белгiлеу;
Заң бұзушылыққа жол беру өз кезегінде бюджет қаражатының уақтылы әрі тиімді игерілмеуімен қатар, бюджет қаражатының үнемделуіне, мемлекеттік бағдарламалардың, орталық аппарат пен өңір басшысының тапсырмаларының уақтылы орындалуына кері әсерін тигізеді.

М.Егембердиев,
Жамбыл облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит
департаментінің басшысы.

Поделиться ссылкой: