Ниязқұловтар әулетінің қоңырқай тірлігі көпке үлгі
Ардагер ұстаз, 2018 жылы республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында бас жүлде иеленген Ниязқұловтар әулетінің тірегі, ауданның Құрметті азаматы, тыл ардагері, Қазақ ауылының тұрғыны Өмен Ниязқұловпен біраз жылдар бұрын танысқан едік. Таныстығымыз артқан сайын менің оған деген ілтипатым жоғарыламаса, еш төмендеген емес. Оның себебі мынада. Ол – ең әуелі кез келген қызметте әділдіктің үстем болғанын қалайды. Бұл – бір. Екіншіден, екінің бірі айта бермейтін ақиқатты көбінесе осы кісінің аузынан естіп қаламыз. Бұған қуанасың әрине. Әйтпесе, қара басының, бала-шағасының қамын ойлайтын атаққұмар «шалдар» көп қазір. Өмен ақсақалды өз басым ол қатарға жатқыза алмаймын.
Пәлен жыл ұстаздық қызметте еңбек еткен соң ба, ол әрқашан көсіле сөйлейді. Басшы-қосшысың ба, ол жағына да қарамайды. Кеуде керіп, астамсып сөйлегенін көрмеппін ешқашан. Ақылын айтып отырады үнемі. Былтыр «Ақ жол» газетінің 100 жылдығына арналған журналистер арасындағы республикалық конкурстан жүлделі болып, мерейіміз тасыған сәтте алғашқылардың бірі болып құттықтаған да осы Өмен ақсақал еді. Өйткені, ол – газет біткенді қалт жібермей оқиды. Оның ішінде аудандық газет те бар.
Өмен Ниязқұловтың қызметтік баспалдағына қарасақ, қарапайым ұстаздықтан бастап, мектеп директорына дейін қызмет еткен жан. Көптің қолы жете бермейтін мектеп басшылығына ол 30 жасында-ақ көтерілді. Сексен сегіз жасқа келген Өмен ақсақал сол шақтарды қимастықпен еске алады бұл күндері. Өзінің айтуынша, 40 жасында Құмарық ауылындағы (қазір Болтай батыр) Карл Маркс мектебіне директор болып тағайындалған екен. Ол 1980-1983 жылдардың аралығы болатын. Сенесізбе, сол тұста білікті басшы аудан бойынша 19-сатыда тұрған мектеп ұжымын бір жыл ішінде үздік бестіктің қатарына қосқан. Одан кейін отбасылық жағдаймен Абай ауылына ауысып, 1984-1992 жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі болып қызмет жасады. Ол дәл осы қызметті 1992-1995 жылдар аралығында туған жері Қазақ ауылындағы М.Әуезов атындағы тірек мектепте де атқарған.
Қытай ойшылы Конфуцийдің «Халық үшін адал қызмет ете алдым ба? Достарыммен қарым-қатынаста адалмын ба?» – деген қанатты сөзі – «Қазақстан оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» атанған Өмен Ниязқұловтың өмірлік ұстанымы. Осы ұстанымды Өмен ақсақал өзі дәріс берген шәкірттеріне де жиі айтатын. Бүгінде оның тәрбиесінен сусындап, үлкен өмірге қадам басқан азаматтардың көбісін дүйім ел таниды. Мысалға алатын болсақ, Ринат Мырзагелдиев, Жұмабай Байнатов секілді шәкірті ілімнің негізін ғылымнан іздеді. Қазіргі таңда бірі – математика ғылымының кандидаты болса, ал енді бірі – атағы дардай Алматы техникалық университетінің академигі, профессор. Сондай-ақ, «Аманат» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қанат Арыстанбеков, аудандық білім бөлімін басқарған білікті педагог Ләззат Өтеулиева да Өмен қарияның төл шәкірттері. Жиынтық санын есептегенде, Өмен ақсақалдың 44 жылдық ғұмыры ұстаздықпен өтіпті.
Биыл Өмен ата мен зайыбы Баян апамыздың отау құрғанына – 67 жыл болды. Олар өздерінен тараған 8 ұл, 3 қыз, 14 келіннен, 34 немере, 35 шөбере сүйіп отыр. Бір айта кетерлігі, бұл әулетте бәрі қарапайым. Менменсіну олардың табиғатында мүлде жоқ. Керісінше, бойларында кішілік, адалдық, сыйластық байқалады. Неге? Өйткені, Өмен ақсақалдың тәрбиесі солай. Ынтымағы жарасқан Ниязқұловтар әулетінің берекелі өміріне қарап, «адам ұрпағымен сыйлы» деген тәмсілдің философиясын түсінгендей боласың. Өмен атаның зайыбы Баян апамыз да ұзақ жылдар бойы орыс тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен. Кемпірі оған әрқашан қолдау көрсетіп отыратындығын да айта кеткеніміз жөн осы арада.
Ағайын-туысқа сыйлы, ауыл-аймаққа есімдері құрметті жандардың ұл-қыздары әке-шеше тәрбиесінен тәбәрігі мол тағылым алды. Әрісі – Алматыда, берісі – Тараз қаласындағы жоғары оқу ордаларында оқып, білімдерін жетілдірді. Жинаған білімі мен тәжірибесінің арқасында Өмен ақсақалдың Нұрлан есімді ұлы ішкі істер саласында аянбай қызмет етіп, зейнетке шықты. Нұрланы иығына подполковник шенін таққан нағыз патриоттың өзі. Қазір адвокат болып жұмыс істейді. Ерболы мен Мейірханы да ішкі істер саласында еңбек етіп, бірі – майор, екіншісі – старшина болып зейнетке шықты. Қызы Марал болса, Луговой ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып жұмыс істейді. Ал Бөріхан Ниязқұлов Жамбыл облыстық жылу мекемесінде директордың орынбасары. Қалған ұл-қыздарының да қызметтері жоқ емес, бар. Олардың да өз саласының білгір қызметкерлері екеніне қылаудай күмән келтірмейміз.
Қайбір жылы Өмен ақсақалдың құтты шаңырағында қонақ болған жағдайымыз бар. Жас болсақ та, сол баяғы әдетіне салып, төрден орын ұсынған мейірбан ұстазбен біраз шүйіркелескенбіз сонда.
– Мен әке-шешеден ерте айырылған адаммын. Бала күнімді еркелікпен өткіздім дей алмаймын. Өмірім қызу жұмыспен өтті. Еңбек еткен дұрыс әлбетте. Бірақ, қазіргі жастар отау құруға асықпайды. Ол дұрыс емес. Мына Баян апаң екеуміз ерте отбасын құрдық. Бұл кісі дәулетті отбасының қызы тұғын. Іргеміздегі Қарақыстақ ГЭС-нің тұңғыш директоры болған Ртай Малдыбаевты естіген боларсың. Сол кісі Құдай қосқан қосағымның әкесі. Біз отау құрарда қайын атам «тақымыңда қотыр тайың да жоқ екен» демеді. Керісінше, қолдап, демеп жүрді. Өте салмақты жан еді. Сөзге келместен, күйеубаласы ретінде ақ батасын берген болатын. Одан жаман болған жоқпыз. Міне, өзің көргендей, көбейіп жатырмыз. Құдайға шүкір, ауылдағы абыройлы әулеттің біріміз, – деп аяқтады сөз соңын сексеннен асқан ұлағатты ұстаз.