Айнұр Тәтібекова – «Үздік педагог» белгісінің иегері

185 Views

Жағымды жаңалық естісек, оқырманға жеткізуге асығып тұратын ғадетіміз бар. Қуанышты хабарды неге жазбасқа? Жақында қуанышты хабар естідік. Абай атындағы шағын орталықты орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тәтібекова Айнұр Андабекқызы «2023 жылдың үздік педагогі» атағының иегері атаныпты. Осы жағымды жаңалықты естіп, ерекше қуандық, шыны керек. Өйткені, Айнұр Андабекқызы осы атаққа әбден лайық мұғалім.

Салтанатты марапаттау рәсімі 6 желтоқ­санда Астана қаласында өтіп, оған ҚР Оқу ағар­ту министрі Ғани Бейсембаев қатысқан екен. Министр республикалық байқауға қатысып, үздіктер қатарынан көрінген ұстаздарды жетістіктерімен құттықтап, «Үздік педагог» белгісін және сертификат табыс етіпті.
Айта кетейік, атал­мыш республикалық байқауда биыл об­лыс бойын­ша 6 педагог жүлдегер болып, «2023 жылдың үздік педагогі» атағы­­на ие болып отыр.
Енді Тәтібекова Айнұр Андабек­қызының адами болмысы туралы жазып өтсек дейміз. Ол 2005 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институ­тының күндізгі бөлімін бітірген. Абай ауылындағы Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Айнұр Андабекқызы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасының, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрінің «Орта білім беру ұйымының үздік қызметкері» Құрмет грамотасының, «2023 жылдың үздік педагогі» атағының иегері. Аудандық, облыстық шығармашылық топтың мүшесі. Облыстық авторлық бағдарламалар мен оқу әдістемелік кешендерді сараптау кеңесінің мүшесі. «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша және тоқсандық жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар жинағы» мұғалімдерге арнал­ған көмекші құралдарының авторы, «Жамбыл жауһарлары», «Шешендік өнер» оқу курстары бағдарламасының авторы. Сондай-ақ, шығармашыл педагог бірқатар кәсіби байқауларда да топ жарды. Атап айтсақ, облыстық «Ең үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Қазақ тілінің үздік оқыту­шысы», І облыстық «Сөз мергені» олимпиадасында үздіктер қатарынан көрінді.
Оқушылары 2022-2023 оқу жылында 3 республикалық олимпиаданың, 3 шығармашылық байқаудың, 14 облыс­тық, 27 аудандық байқаулар мен олимпиадалардың жүлдегері атанды.
Өз басым аудандық білім бөлімі тарапынан ұйымдастырылатын байқауларға жиі барып тұрамын. Айнұр Андабекқызы дайындап әкелген оқушы міндетті түрде жүлдегер атанады. Оқушылары да оны әрдайым құрмет тұтып, сыйлап тұрады. Ең бастысы да осы емес пе?
Айнұр Андабекқызы бәзбіреулер секілді бос сөйлеп, құр мақтана бермейтін педагог. Ол бәрін еңбекпен дәлелдейді. «Үздік педагог» белгісі де осы сөзімізге нақты дәлел бола алады. Мысалы, өз басым білікті педа­гогтың Әліби Жұмабек есімді шә­кір­тін аудандық байқауларда жиі көретінмін. Әлібидің оқуға деген қабілетін арттырып, талантын шыңдаған біздің бүгінгі кейіпкеріміз, яғни Айнұр Андабекқызы. Әліби Жұмабек аудандық, облыстық, рес­публикалық «Абай оқулары» байқауы­ның жеңімпазы. Абайдың 200-ге жуық өлеңін, Абайдың 45 қарасөзін, Абайдың ақын шәкірттерінің 100-ге жуық өлеңдерін жатқа біледі. Осының бәрі қажырлы еңбек емес пе? Әліби Жұмабек 2022 жылы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары балл алып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, білім алуда. Одан кейінгі біз білетін Жұмашев Диас есімді шәкірті де аудандық, облыстық «Бауыржан оқулары», «Әбіш оқулары» байқауының жеңімпазы. Бүгінде ол журналистика мамандығында оқып жатыр. Толыбай Алина есімді шәкірті де Қанипа Бітібаева атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің олимпиадасында жүлделі І орын, республикалық жалпы білім беретін мектептерге арналған олимпиадасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша жүлделі ІІ орын, республикалық «Абайтану» олимпиадасынан жүлделі ІІІ орын, республикалық ХХІІ «Абай оқуларынан» жүлделі ІІІ орын иеленген. Білікті мұғалімнен дәріс алған Керімбек Нұрәли аудандық, облыстық, республикалық «Зерде» зерттеу жобалар байқауынан І орын иеленсе, Тұрғынбай Эльнара аудандық, облыстық «Мәшһүр-Жүсіп оқуларының» жүлдегері, ал, Мұхан Айғаным есімді шәкірті аудандық, облыстық «Д.Қонаев оқулары» байқауында ғылыми жоба бағыты бойынша жүлдегер атанған. Кейіпкеріміздің еңбек өтілі – 18 жыл, біліктілік санаты – педагог-шебер.
Жоғарыда да атап өттік қой. Айнұр Андабекқызы барлық марапатқа әділ түрде, ешкімге соқтықпай, таза еңбектің арқасында қол жеткізеді. Осы жолы да солай болғаны анық.
Әрбір мұғалім осылай еңбек етсе, болашағымыздың жарқын болары сөзсіз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: