Әдебиет беті

116 Views

ЖҮРЕК ЛҮПІЛІ

Бүгін мені туған күнің, жан Анам!
Құрсағыңнан жарып шығып түледім.
Мына әлемді сен арқылы қабылдап,
Ақ сүтіңнің дәмін алғаш татқан күн.

Шомылдырып мейіріміңнің нұрымен,
Бауырыңа қысып ұстап көрдің бе,
Тікен болсам… құдіретімен Алланың,
Ажырап бір, бүгін жеңілдедің бе?

Іңгәлаған даусымды естіп қуанып,
Көздеріңнің моншақтарын тіздің бе?
Жаулығыңды жөргек қылып құндақтап,
Қорғаны боп ақ бөпеңді сүйдің бе?

Қаз тұрғанда, тәй басқанда қасымда,
Өзің болып ештеңеден қорықпадым.
Тілім шығып, былдырлаған кездерде,
Бірінші боп алақайлап қуандың.

Мына дүние сырларына сан жұмбақ,
Зор күшіңмен, тәліміңмен қанықтым.
Жығылғанда тізем қанап жыласам,
Етегіңмен тостағымды сан сүрттің.

Өзің патша, құлы болған күндердің,
Арасында еркеледім, түрлендім.
Тізедегі жарақаттың түк емес,
Екендігін бала болып білмедім.

Әй, Анашым! Әлі сәби сол қызың,
Әлі іздейді шуақты күннің сәулесін.
Төтеп берер сынақтарға үндемей,
Жеңуді де мен өзіңнен үйрендім.

Содан бері өтіп жылдар кетіпті,
Сол шақалақ елуге де жетіпті.
Қас пен көздің арасында жанымды,
Дорбасына салып өмір сүйрепті.
Бүгін мені туған күнің, Анашым!

СЕН ҒАНА

Сен ғана… Тек сен ғана!
Түсінетін мені барлық жаныммен.
Көзімдегі мөлдіреген хәлімнен,
Ештеңе де сұрамайсың…
Ұға аласың сабырмен.

Құшағыңа аласың да,
Сипап алтын басымнан.
Анамдай-ақ әлдилейсің,
Тербетесің әніңмен.
Ақыл айтқан әкемдей-ақ,
Жігерімді шыңдайсың.
Сен әйтеуір, мені қорғап,
Құлатпайсың! Қолдайсың!

Ештеңені ешқашанда
Жасырмағам өзіңнен!
Барлығына куә болдың,
Сонау бала кезімнен!
Жылағанда көңілімнің
Жасын сүрткен бір өзің.
Шаттанғанда, қуанғанда…
Бір болғанда СЕН ӨЗІҢ!

Күмбір-күмбір күй ойнатып,
Жүрек деген күйсандық.
Билететін сезім құшып,
Сендегі аппақ адалдық.
Биіктерге көтер мені,
Әлі ешкім баспаған.
Армандарға біз екеуміз,
Жол салғанбыз қағаздан.

Бір ғұмырды кешіп жүріп,
Қиналсам да сатпаған…
Басқалардай бөлектетіп,
Тұра қалып қашпаған.
Жалықпаған мына менен,
Таршылық көп қысқанда.
Кемсітпеген сый берсе де,
Асыл маржан тастардан.

Сенің арқаң, сезінбесем
Жалғыздықтың ызғарын.
Жуып алып кигізгенсің
Көңілімнің кір көйлегін.
Төр сенікі! Барым, бағым..
Бәрі, бәрі сенікі!
Ақ күмбезді жүрегімнен,
Ақтарылған қара ӨЛЕҢ!
АУЫЛЫМ
Ауылым алтын құрсақты анам секілді,
Таланттар туып, өсірген небір перзентті.
Суыңа мөлдір шомылып әрбір ұл–қызың,
Шаңыңды сүйіп, гүліңді теріп бойжетті.

Жұпарын шашып жусаны аңқып әтірдей,
Құлпырып жайнап жататын майса көк белдер.
Ауыра қалсаң түтетіп адыраспанын,
Аластаушы еді әкеміз тәуір емшідей.

Өрістен қайтқан малдарды қуып түгендеп,
Жүретін едік бақытты шақты мекендеп.
Асыр салып біз ойынның майын ішкенбіз,
Ақ бұлттардан кейіпкер тауып бейнелеп.

Жел тұрса қарсы жүгіруші едік бағытқа,
Етегі желбіреп шешеміз тіккен көйлектің.
Сәуегей сәуле сыбырлап еске салатын,
«Ержеттің бала, бойжеттің сенде көріктім!»

Аңғалақ жанбыз бәріне дерлік сенетін,
Ертегі тыңдап мақалдың мәнін ұғатын.
Ауылдың әнін, иісін, сәнін сағындым,
Кеш батқан шақта тіршілігі қызатын.

Тығылып оқып кітапты жаттық жастанып,
Лүп еткен жүрек көзінен ыстық жас тамып.
Бәріне куә болдың ғой, қартаң ауылым,
Қылығымызға анамыздай боп сүйініп.

Өзіңе салған ұядан ұштық біз түлеп,
Топырағыңнан өрлікті бойға сіңіріп.
Аспанға салған армандар баспалдағымен,
Кетсек те алыс, жүреміз дәйім сағынып.

Ауылым алтын құрсақты анам аяулым,
Биіктен күліп қарайды әке – Шал тауым,
Бесікке тәрбеп әлдилеп бізді баптаған,
Қарыздар саған өзіңде туған әр балаң.

АҢЫЗ АДАМ
(Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа)
Ақиқатты аттап кету арға сын,
Бәйтерегі тарихымның – Димашым!
Елім дейтін ел болмаса қазақта,
Ерім деген ерді кімдер шыңдасын?!

Қылышынан қаны тамған сол кезең…
Елді сақтау!
Мақсаты еді көздеген.
Балағына жармасса да қанша ит,
Қорғап жүрді ел мен жердің беделін.

Аққа қара жұқпайтыны белгілі,
Күйе жақты пенделікпен бес күнгі.
Сіз тұрғызған қырық жеті қалада,
Арлы ұлдың парасатты ерлігі.

Игерілген аңыз дала-аймақтар,
Ән салып тұр төскейінде гүл-бақтар.
Ғылымың мен біліміңді сіңірген,
Қазақ жері киелі ұлын ардақтар!

Қара бауыр қайда ұшты қасқалдақ?
Өз босағаң – айдын көлден жырақтап.
Қаңғып келген шүрегей құс еліңді,
Желтоқсанда күңірентті айтақтап.

Содан бері пенде-тірлік, зар-заман,
Көк бөрідей дара ұлын жоқтаған.
Күн нұрынан жаралғандай дидары,
Әр қазақтың жүрегінде сақталған.

Деуші едіңіз – жығылмасын туымыз,
Жығылмасын ту ұстаған ұлымыз.
Өмір деген бүгін барда ертең жоқ,
Сіз тірісіз! Өлген жоқсыз! Біліңіз!
Құрметпенен еске алады сыр — ғасыр,
Сараңдықтан сараң болған – Димашын.
Жомарттықта шек болмайды екен ғой,
Панаңыз ел! Данаңыз ел болғасын.

АПАҚ-САПАҚ
(Әр сәтті, әр адамды бағалай білейік)
Амансың ба?
Бармысың айналайын?
Көп болды жағдайыңды сұрамадым.
Үлпершектей ұл — қызың, қалай өзі?
Күйің, күнің жақсы ма, қалқатайым?

Менде де сол, бәріде бұрынғыдай,
Жұпыны тіршіліктің соғыну-ай?!
Дәрежем де, қызметім сол орнында,
Өскен жоқ, біледі ғой оны Құдай.

Еңбегім көп болса да еленбеген,
Зерттегенмін, талай тарих, қойнауды мен.
Мифтер мен аңыздардың сүйектерін,
Шұқылап жер астынан шығарған ем.

Білесің ғой, мендегі жомарттықтықты,
Қандай күйде болмайын, рухым мықты.
Тек, азырақ мендегі денсаулығым,
Жанға батып, ақырын сыр беріпті.

Сөйлеші, әңгіме айтшы, көсілейін,
Ішімдегі шерді айтып шешілейін.
Көңілімді көтерсең шалқытып бір,
Өзіңе арнап әнімді сап берейін.

Деген дауыс жұп-жұмсақ осылайша,
Еркелетіп алушы еді, асығыста.
Ол маған күліп тұрып, сырын айтып,
Көзіне жас алатын қамығып та…

«Анашым келіп кетті соо Қытайдан,
Әкелген сағызы бар өр Алтайдан.
Балалықтың дәмі бар сол сағызда,
Өзіңе бергім келіп, бұрып тұрам».

Көп болды естімедім бұл дауысты,
Айтулы мейрам күндер өтіп жатты.
Құттықтап тұратұғын, Ағатайдан,
Хабар болмай мені де алаңдатты.

Екі жылдай арада уақыт өтті,
Қайда екен? – деген сұрақ жиілепті.
Бар болса бір хабарын берер еді-ау,
Күлімдеген Ағатай, қайда кетті?

Іздегенмін, ойыммен кезіп түнді,
Іздегенмін, ол басқан көп іздерді.
Кеше ғана таба алдым, интернеттен.
…Жалғанда жоқ!
…деректі көзім көрді.

Берем деген сағызы, қалды өзінде,
Әні де айтылмады, дер кезінде.
Уақыт-ай!
Қайта айналып келмейсің ғой.
Өзім барып алар ем, сағызыңды.

Бағаламай қалдым-ау, өзіңізді,
Өкініш осылайша ішті өртеді.
Әттең — ай, өлмейтіндей көреміз ғой!
Жүрегінің мұңы бар, ғазиздерді!
Көңілінің күні бар күштілерді!

Айжамал Жолдасқызы,
Ақын-жазушы. «Құрмет иесі» төсбелгісінің иегері. «Ақ тас пен көк тас» атты кітаптың авторы.

Поделиться ссылкой: