Ботулизм – инфекциялық ауру
Ботулизм (аллантиазис, ихтиизм) – ботулотоксиннің әсерінен дамитын, сопақша ми және жұлынның зақымдануымен сипатталатын жедел токсикоинфекциялық ауру.
Барлық елдердегідей Қазақстанда да ботулизммен аурудың басым көпшілігі (89%) үйде дайындалатын тағам өнімдерін (маринадталған саңырауқұлақтар, көкөніс консервілері, үйде дайындалған балықтар т.б.) пайдалануымен байланысты. Ботулизм қоздырғышы табиғатта кең таралған. Оны жануарлардың, балықтардың, су шаяндардың ағзасынан табады. Солар арқылы топыраққа, суға түседі. Берілу механизмі – нәжіс – ауыз. Ботулизм қоздырғышымен контаминацияланған көкөніс, саңырауқұлақ, ет, балық консервілері, шұжық. Топырақпен немесе жануарлар нәжісімен ластанған кез келген тағам түрінде Cl. Botulinum споралары болуы мүмкін.
Ботулизмнің 3 түрі бар:
1.Тағамдық ботулизм;
2.Жарақаттық ботулизм;
3.Нәрестелердің ботулизмі.
Ең жиі кездесетін түрі – тағамдық ботулизм.
Жұғу жолы: алиментарлы, токсин дамыған тағамдық азықтар арқылы (үйде консервіленген ет, көкөністер, саңырауқұлақтар, үйде тұздалған сан еті (окорок). Ботулизмнің жасырын кезеңі 2-12 сағаттан 7 күнге дейін созылады, жиі 18-24 сағат. Алғашқы кезеңде ауру 3 клиникалық вариантта дамиды.
– Интоксикация симптомдары: бас ауыруы, айналу, бұлшық еттердің әлсіздігі, тез шаршағыштық, ұйқысыздық;
– гастроинтстинальды синдромның көріністері: жүрек айну, қайталама құсу, іш өту, ауамен кекіру, іштің кебуі, эпигастральды аймақтың ауру сезімі. Дене температурасы қалыпты немесе субфебрильді болады;
– паралитикалық синдром-офтальмоплегиялық белгілерден басталады. Көрудің нашарлауы, көздің алдында тордың пайда болуы, диплопия. Науқастарда аккомадация парезі пайда болады.
Диагностикасы. Лабораторлық диагностика науқастан алынған қан, құсық массасы, асқазанның шайынды суынан ботулотоксин және ботулизм қоздырғыштарын анықтауға негізделген. Емдік сарысуды енгізбестен бұрын көк тамырдан 8-10 мл қан алады. Ботулотоксинді нейтрализация реакциясы арқылы анықтайды. Ал аурудың қоздырғышы қоректік орталарға (пепсин-пептон, Китта-Тароцци ортасы, Хоттингер сорпасы) себу арқылы анықтайды.
Профилактикасы. Ботулизмнің алдын алу шаралары тағамды өңдеу, тасымалдау, сақтау барысында санитарлық гигиеналық талаптарды қатаң сақтауға байланысты. Консервілерді үйдің жағдайында дайындаған кезде ұқыптылық танытып, тамақтарды ботулизм қоздырғышының спораларынан сақтау керек. Консервілерді стерилизациялау автоклавта 120°С температурада жүргізіледі. Үйде дайындалған консервілерді қабылдаудың алдында 10-15 минут қайнату керек. Сонда ботулотоксин тіршілігін жояды.
Сондықтан да тұрмыстық жағдайдағы жасалған тағамдардан уланудың және ботулизмнің алдын алу үшін базарлардан, сауда дүкендерінен, сапасын куәландыратын құжатсыз сатылып жатқан консервіленген тамақ өнімдерін аларда қатты көңіл бөлу керек. Үйде қолдан консервілеу, қақтау, сүрлеу жұмыстарын жүргізу кезінде, шикі заттың тасымалдануы, сақталынуы, санитарлық-гигиеналық, термиялық өңдеу ережесінің сақталуы қатаң қадағалануы тиіс.
Г.Темирбекова, аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары.
Г. Сәрсенбек, аудандық бөлімшесінің бактериологиялық және паразитологиялық зертханасының дәрігері.