Ағаш көшеттері отырғызылды
51 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Біз «Өткенді саралап, болашақты бағамдайтын» халықпыз. Осы дәстүрмен жыл аяқталар тұста артымызға қарайлап, жеткен жетістіктерімізді електен өткізіп көрдік. Сонымен жеті қазынаның біріне баланатын ит жылы ауданымыз үшін қолайлы, жағымды жаңалықтарға толы болды деуге толық негіз бар екен.
Ең алдымен жылдың басты жаңалығына тоқталсақ. Биыл тұрарлықтар ауданның 80 жылдық мерейтойын тойлады. 1938 жылы Меркі ауданынан жеке дара бөлініп, отауын тіккен ауданның бүгінде әлеуеті артып, экономкасы дамып келеді. Аудан халқы мерейлі тойын дүркіретіп өткізді. Дүбірлі той қарсаңында Еңбек Ерлерінің аллеясы мен ауданның «Құрметті азаматтарына» арналған тақта ашылды. Ат шаптырылып, бәйге берілсе, салтанатты жиын барысында ауданның дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтарға 80 жылдық мерекелік медаль табыс етілді.
Әлгінде аудан экономикасы қарқынды дамып келеді деген едік. Ендеше, ауданның әл-ауқатының өсуіне серпін берген ауыл шаруашылығының жеткен жетістіктеріне тоқталсақ. Биыл Т.Рысқұлов ауданы облыс көлеміндегі он ауданның ішінде Жамбыл мен Меркі ауданын алдыға жіберіп, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Оған себеп, ауылшарушылық саласының межелеген міндеттерінің басым көпшілігі 100%-ға толық орындалуынан болып отыр. Атап айтқанда, осы жылы аудан бойынша 86666 гектар жерге дән себіліп, 224600 тонна астық қамбаға құйылған. Біз шашау шығарылмай жиылған астықты жай ғана сандармен көрсетіп отырмыз. Дегенмен, оның артында егін алқабында жүрген диханшылардың маңдай терінің жатқандығын ескергеніміз жөн болар.
Биыл Елбасының қолынан қарапайым қойшының баласы, жаны жайсаң, жүрегі жомарт жерлесіміз Сайрамбай Дөненбаев үлкен марапатқа ие болды. Шаруасы шалқыған «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісіне Президенттің Жарлығы бойынша «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Осылайша қолына таяқ ұстаған әрбір шопанның қиын еңбегі бағаланды деген ойдамыз.
Соңғы жылдары «отбасылық құндылықтар», «отбасы мәртебесі» деген сөздерді жиі айтып жүрміз. Тіпті, республика көлемінде үлгілі отбасыларды анықтау мақсатында «Мерейлі отбасы» атты ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Аталмыш конкурстың биылғы жеңімпазы болып жерлесіміз Өмен Ниязқұловтың отбасы атанды. Отасқандарына 62 жыл болған ақсақалдың бүгінде 12 баласы, 33 немересі мен 20 шөбересі бар. Қазақ ауылының тұрғыны Өмен ақсақал ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет еткен. Қазіргі таңда қарияның жолын 6 келіні мен 9 немересі жалғастырып отыр.
Одан бөлек ауданда сан түрлі ғимараттар бой көтеріп, шалғай ауылдарда медпункттар мен балабақшалар көптеп ашылды. Аудан орталығынан қарт жандарға арналған ардагерлер үйі де бой көтерді. Бір сөзбен айтқанда, бірқатар істер атқарылып, ауданның сәулеті мен келбеті айтарлықтай өзгерді.
Жәнібек СӘДУАҚАС.