ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫНДАҒЫТОҒЫЗ ТОРАБЫНДАҒЫ берекелі мекен

11 Views

Тоғыз жолдың торабындағы Луговой ауылында өндіріс пен кәсіпкерлік дамып, әлеуметтік нысандардың жұмысы жанданып келеді. Теміржол бойындағы тіршілік, вокзал маңындағы қозғалыс, жұмысқа асыққан жұрт, күнделікті шаруасына кіріскен ауыл адамдары – Луговойдың қалыпты тынысы. Шалғайдағы бірнеше елді байланыстырған болат жолдың бойындағы бұл елді мекеннің өмірі пойыздардың қозғалысымен біте қайнасқанымен, ауылдың бүгінгі әлеуеті бір ғана саламен шектелмейді. Мұнда кәсіпкерлік қанат жайып, әлеуметтік нысандардың жұмысы жүйеленіп, ауыл шаруашылығы да аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келеді.

Тұрар Рысқұлов ауданындағы өзіндік ерекшелігі бар өндірісті ауылдардың бірі – Луговой. Бүгінде мұнда 10142 адам тұрады. Түтін саны – 2378. Елді мекеннің жалпы жер көлемі 1768 гектар болса, оның 922 гектары елді мекен жеріне, 846 гектары жайылымға тиесілі. Ауылдың күнделікті тұрмысқа қажетті таза ауыз сумен, көгілдір отынмен және электр жарығымен қамтамасыз етілуі – тұрғындар үшін маңызды игіліктердің бірі. Ал өндіріс орындары мен кәсіпкерлік нысандарының жұмыс істеуі елді мекеннің экономикалық тынысын айқындай түседі. Луговойдың өндірістік әлеуеті ең алдымен теміржол саласымен байланысты. Ауылда 27 мекеме жұмыс істесе, оның 11-і – теміржол мекемелері. Бұл – елді мекеннің рельстермен байланысты арттырған жол бойында орналасуының заңды нәтижесі. Ауыл әкімі Жасұлан Өмірқұловтың айтуынша, елді мекенде экономикалық көрсеткіштердің барлық бағыттары бойынша оң динамика қалыптасқан.
– Ауылымыз заман ағымынан қалмай көркейіп, дамып келе жатыр десек, артық айтқандық болмас. Ауылымызда экономикалық көрсеткіштердің барлық бағыттары бойынша оң динамика қалыптасқан. Тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, – дейді ауыл әкімі.
Әкімнің сөзін ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де қуаттайды. Бүгінде мұнда 869 зейнеткер, 475 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 62 ана «Алтын алқа», 115 ана «Күміс алқа» иегері. Мүгедектігі бар азаматтар саны – 320. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға да тиісті көмек көрсетілуде. Табысы кедейшілік шегінен төмен 19 отбасының 114 мүшесіне 10,9 миллион теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылы 25 отбасының 142 мүшесіне 12,1 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген.
КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚОЛДАУ – ІСКЕРГЕ ЖАСАЛҒАН МҮМКІНДІК
Ауылдың экономикалық әлеуетін арттыруда шағын және орта бизнестің үлесі айрықша. Бүгінде Луговой ауылдық округінде 127 шағын және орта бизнес субъектісі және 1 ірі кәсіпорын бар. Оның ішінде 99 жеке кәсіпкер жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек, қоғамдық тамақтану, көлік жөндеу, тігін, сұлулық және басқа да қызмет түрлері ұсынылады. Ауылда 30 азық-түлік дүкені, 3 дәріхана, 3 тамақтану орны, 15 көлікке қызмет көрсету орны, 2 балалар массажы, 2 тігін шеберханасы, 1 банер шығаратын орын, 1 шрот, 1 кілем жуатын орын, 22 аралас дүкен, 2 жанармай құю бекеті, 1 газ құю бекеті, 5 сұлулық салоны, 5 монша, 3 оқыту орталығы және 1 қонақ үй бар. Теміржол жолаушыларына қызмет көрсететін сусын сататын дүкен мен кондитерлік өнімдер дүкені де ауылдағы қызмет көрсету ауқымының кеңейіп келе жатқанын аңғартады. 2026 жылы ауылда 1 азық-түлік дүкені, 1 сусын сататын дүкен ашылып, тағы 1 дүкен кеңейтіліп іске қосылған.
Бұл – ауылдағы кәсіпкерлік белсенділіктің біртіндеп артып келе жатқанын көрсетеді. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері де тиімді пайдаланылуда. Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2026 жылы асыраушысынан айырылған, көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған 3 отбасы мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болған. Әр отбасыға 1730000 теңгеден беріліп, жалпы 5190000 теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Ал өткен жылы аталған тұжырымдама аясында 8 азамат жалпы 12582400 теңге көлемінде мемлекеттік қайтарымсыз грант алған.
«Ауыл аманаты» жобасының 5-бағыты бойынша да жұмыстар жалғасуда. «Тараз кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына ұсынылған жобалардың 9-ы қолдау тауып, өз ісін жалғастыруда. Тағы 5 жобаның құжаттары қаралу үстінде. Ауылдағы кәсіпкерліктің дамуы – жаңа жұмыс орындарының ашылуына, қызмет көрсету сапасының жақсаруына және тұрғындардың табысын арттыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыт.
БІЛІМ – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ
Луговойдың әлеуметтік әлеуетін арттыруда білім беру саласының орны ерекше. Ауылдық округте 3 мектеп жұмыс істейді. Олар – Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейі, М.Горький атындағы орта мектеп және Т.Әубәкіров атындағы негізгі мектеп.
– Ауылымыздағы үш білім ошақтарында 2131 оқушы білім алып, 299 мұғалім еңбек етеді. Бұл мектептер ауылдың білім беру жүйесінің негізгі тірегі саналады. Дегенмен білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесі өзекті. Қазіргі таңда мектептер күрделі жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты аудандық білім бөлімі тарапынан жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және қаржы қарастыру жұмыстары ұйымдастырылуда, – дейді ауыл әкімі Жасұлан Өмірқұлов.
Ауыл әкімінің айтуынша, мектепке дейінгі тәрбие беру бағытында да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Ауылдағы 2 балабақшада 430 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша кезегі цифрлық база арқылы жүзеге асырылады. Жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар да бар. Ауылда «Аудандық балалар және жасөспірімдер орталығы» орналасқан. Мұнда 46 үйірме жұмыс істейді. Оларға ауыл бойынша 636 бала қатысады. Бұл – балалардың шығармашылық қабілетін дамытуға, қызығушылығын арттыруға және пайдалы іспен айналысуына жасалған мүмкіндік.
ӨНЕР МЕН СПОРТ – ӨРКЕНИЕТТІ АУЫЛДЫҢ БЕЛГІСІ
Елдің өркендеуінде мәдениет саласының да өзіндік орны бар. Луговой ауылдық мәдениет үйінде 4 үйірме жұмыс істейді. «Шабыт» би үйірмесіне 20 қыз, «Бегім-ай» вокал үйірмесіне 10 бала, «Мәнерлеп оқу» үйірмесіне 7 оқушы, домбыра үйірмесіне 11 оқушы қатысады.
Биылғы 7 ай ішінде ауылдық мәдениет үйінде 27 іс-шара өткізілген. Мұндай шаралар тұрғындардың мәдени тынығуын қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық өнерді насихаттауға, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін шыңдауға ықпал етеді. Ауылда бұқаралық спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Мұнда 1 балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы және 2 спорт мектебінің филиалы орналасқан. Спорт мекемелерінде 6 жаттықтырушы еңбек етеді. Спорт мектептерінде 6 спорт түрінен үйірмелер жұмыс істейді.
Атап айтқанда, күрес, дзюдо, кикбоксинг, бокс, футбол және волейбол бағыттары бойынша 429 жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Жыл басынан бері спорт саласында 16 іс-шара өткізіліп, оған 549 адам қатысқан. Бұл – ауыл жастарының спортқа қызығушылығының жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – БЕРЕКЕНІҢ БАСТАУЫ
Луговой ауылында ауыл шаруашылығы да өзіндік маңызға ие. Елді мекен тұрғындары мал шаруашылығымен айналысып, төрт түліктің санын көбейтуге күш салып келеді. Ауылдағы мал басының санын нақтырақ айтар бослақ, 15723 қой мен ешкі, 1162 ірі қара, 1241 жылқы және 9810 үй құстары бар. Бұл көрсеткіштер ауыл шаруашылығының тұрғындар тұрмысындағы орнын айқындайды. Мал шаруашылығы – ауыл тұрғындарының негізгі табыс көздерінің бірі. Төрт түлік өсіру арқылы тұрғындар өз отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, артық өнімін сатып, табысын арттыруға мүмкіндік алады. Ауылдың көркеюі мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуда инфрақұрылымның маңызы зор. Бұл бағытта да Луговой ауылында жүзеге асырылған жұмыстар баршылық.
Атап айтқанда, көше жарығының қызметіне, яғни күйген шамдарды, сымдарды және электр құрылғыларын ауыстыру жұмыстарына 3 миллион теңге бөлінген. Трансформаторға техникалық қызмет көрсетуге 1 миллион 200 мың теңге қарастырылған. Ауылдағы автомобиль жолдарына шұңқырлы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 11 миллион 250 мың теңге жұмсалған. Ал ауыл әкімі аппаратының теңгеріміндегі су құбыры желілерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына 13 миллион 802 мың теңге қарастырылған.
Бұл жұмыстардың барлығы ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысын жеңілдетуге, елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
ТҮРКСІБ ВОКЗАЛЫ – АУЫЛДЫҢ АЙМАҚТЫҚ МАҢЫЗЫН АРТТЫРАТЫН НЫСАН
Луговойдың тоғыз жолдың торабында орналасуы ауылдың көлік-логистикалық әлеуетін арттырады. Осы ретте Түрксіб вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының басталуы – елді мекеннің болашағы үшін маңызды қадам. Вокзалды қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен 2,1 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар вокзал аумағын абаттандыру жұмыстарына облыстық және аудандық бюджеттерден 225 миллион теңге бөлінген.
Бұл жұмыстар вокзалдың сыртқы келбетін жақсартуға, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және теміржол нысанының заман талабына сай болуына мүмкіндік береді. Түрксіб вокзалының жаңғыруы Луговой ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізері сөзсіз. Себебі теміржол саласы – ауылдағы жұмыспен қамтудың негізгі бағыттарының бірі.
БЮДЖЕТ – ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУЫНА НЕГІЗ
Ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуде бюджет қаражатының тиімді игерілуі де маңызды. Биылғы 7 ай ішінде ауыл бюджеті 174 миллион 49 мың теңге болып бекітіліп, бүгінгі күнге 100 пайыз игерілген. Ауылдағы салықтық түсімдердің жоспары 78 миллион 223 мың теңгені құраса, нақты түсім 79 миллион 916 мың теңге болып, жоспар 102 пайызға орындалған. Оның ішінде жеке табыс салығының жоспары 39 миллион 577 мың теңгені құрап, 100 пайыз орындалған. Жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық жоспары 315 мың теңге болып, 149 пайызға орындалған. Жеке тұлғалардың жерлерінен алынатын салық жоспары 580 мың теңгені құрап, 100 пайыз орындалған. Ал жеке тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салық жоспары 36 514 мың теңге болып, 102 пайызға орындалған.
Бұл көрсеткіштер ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің салықтық міндеттемелерін орындауға жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді. Салық түсімдерінің жоспардан артық орындалуы ауыл бюджетінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Луговой ауылының бүгінгі тынысы – елді мекеннің әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Мұнда өндіріс пен кәсіпкерлік қатар дамып, әлеуметтік салаларда да оң өзгерістер қалыптасуда. Ауылдың көркеюі мен дамуы – бір күннің немесе бір жылдың ғана нәтижесі емес. Бұл – тұрғындардың еңбегі, мемлекеттік қолдау, жергілікті атқарушы органдардың жүйелі жұмысы және елді мекеннің болашағына деген сенімнің жемісі. Алдағы уақытта да Луговойдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындардың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған жұмыстар жалғаса бермек. Луговойдың тынысы кеңейіп, тіршілігі түрленіп келеді. Өндірісі өркендеген, кәсіпкерлігі дамыған, жастары білімге, өнерге және спортқа ұмтылған ауылдың болашағы да баянды боларына сенім мол.
Қамар ҚАРАСАЕВА.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий