Ардагер – ел бірлігінің алтын діңгегі
14 Views«Қарты бар елдің – қазынасы бар» дейді дана халқымыз. Бұл – жай ғана айтылған сөз емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өмірлік ұстаным. Өйткені қария…
ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МЕН ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТЕК ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК МӘСЕЛЕСІ ЕМЕС, БҰЛ МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУЫ МЕН ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫНЫҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ. ҚАЗАҚСТАН ӨЗ ТӘУЕЛСІЗДІГІН АЛҒАН СӘТТЕН БАСТАП БҰЛ БАҒЫТТА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІ ҚАБЫЛДАП, ІШКІ ЗАҢНАМАНЫ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖЕТІЛДІРІП КЕЛЕДІ.
қамӘйелдердің
құқықтары – бұл адам құқықтарының ажырамас бөлігі. Қазіргі қоғамда бұл мәселе тек теңдікті ғана емес, сонымен бірге қыз-келіншектердің қауіпсіздігін, экономикалық тәуелсіздігін және шешім қабылдау деңгейіндегі рөлін арттыруды қамтиды.
Еліміздің қолданыстағы Ата заңы Конституцияның 16-бабына сәйкес, заң мен сот алдында бәрi тең және Қазақстан Республикасының азаматын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды.
Бұл бап елдегі гендерлік теңдіктің ең басты құқықтық іргетасы болып табылады.
Әйелдер мен ерлердің қоғамдық өмірдің барлық салаларында тең мүмкіндіктерге ие болуын реттейтін арнайы заң бар. Ол Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 8 желтоқсандағы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» заңы.
Бұл Заң елдегі гендерлік теңдікті қамтамасыз ететін ең басты құқықтық құжаттардың бірі. Бұл заң әйелдер мен ерлердің қоғамдық өмірдің барлық салаларында тең құқықтарға ие болуын ғана емес, сол құқықтарды жүзеге асыру үшін тең мүмкіндіктер (жағдайлар) жасалуын мемлекет атынан кепілдендіреді.
Енді гендерлік теңдік туралы айта кетсек. Қазіргі демократиялық қоғамның басты құндылығы – адам құқықтары, ал оның ажырамас бөлігі – гендерлік теңдік. Әйел теңдігі тек әлеуметтік ұран емес, бұл – мемлекеттің экономикалық және саяси тұрақтылығының кепілі.
Мысалы, жоғарыдағы Заңның 9 – бабына сай мемлекеттік органдардың басшылары кадрларды іріктеу, орналастыру және қызметінде өсіру кезінде әйелдер мен ерлердің тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекеттік қызметтегі бос лауазымдарға конкурс жарияланғанда әйелдерге жынысына байланысты шектеу қоюға жол берілмейді делінген. Яғни аталған бап әйелдердің елдің саяси өміріне және мемлекеттік басқару ісіне ерлермен бірдей араласуын кепілдендіреді.
Әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі – жалпы теңдіктің негізі. Осы заңның 10-бабына сәйкес, бірдей қызмет атқаратын және біліктілігі бірдей әйел мен ер адамның жалақысында айырмашылық болмауы тиіс. Сондай-ақ, бос жұмыс орындарына конкурс өткізгенде жыныстық артықшылықтар ескерілмейді. Жұмыс беруші әйел адамнан оның отбасылық жағдайы немесе бала жоспарлауы туралы заңсыз талаптар қоя алмайды.
Заңның 12-бабына сәйкес, қыздар мен әйелдердің кез келген мамандық бойынша білім алуына, ғылыммен айналысуына шектеу қойылмайды. Оқулықтар мен бағдарламаларда әйелді төмендетіп көрсететін гендерлік таптаурындарға жол берілмеуі шарт.
Осы заңның 11-бабына сай ерлер мен әйелдердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігінің тең бөлінуі тиіс. Бала тәрбиесі мен үй шаруашылығы тек әйелдің міндеті емес, бұл істерде ерлі-зайыптылар тең құқылы және тең міндетті деп танылады. Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың отбасы мүлкін иеленуде құқықтары тең.
Ал, ана мен бала құқықтарын қорғау туралы не айтуға болады? Қазақстан Республикасында ана мен баланы қорғау – мемлекеттік саясаттың ең басты бағыттарының бірі. Бұл құқықтар елдің Конституциясында, Еңбек кодексінде, Әлеуметтік кодек сінде және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде берік бекітілген.
Қолданыстағы Конституцияның 27-бабына сәйкес, неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады. Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi делінген.
Еңбек кодексінің 54-бабына сәйкес, Жұмыс берушінің бастамасымен жүкті әйелдерді, 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді, сондай-ақ, 14 жасқа дейінгі (мүгедектігі бар бала болса 18 жасқа дейінгі) балаларды тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналарды жұмыстан шығаруға мүлдем рұқсат берілмейді (кәсіпорын толық таратылған жағдайларды қоспағанда).
Жүкті әйелдерді, 3 жасқа дейінгі баласы бар аналарды түнгі жұмыстарға, демалыс күндері еңбек етуге және үстеме жұмысқа тартуға тек олардың өз жазбаша келісімімен ғана жол беріледі. Бұдан бөлек бір баласы барларға – әрбір үзіліс кемінде отыз минут және екі немесе одан көп баласы барларға – әрбір үзіліс кемінде бір сағат болатын қосымша үзілістер беріледі. Бұл уақыт жұмыс уақытына қосылып, жалақысы толық сақталады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылда әйел құқықтарын қорғау туралы да көп нәрсе айтуға болады. Қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі – адам құқықтарының, оның ішінде әйелдер мен балалардың қауіпсіздігінің сақталуы.
ҚР Конституциясы, «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдары Қазақстанда әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басты заңнамалық нормативтік құжаттар болып табылады.
Конституцияның 20-бабында адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне қол сұғуға болмайды және олар заңмен қорғалады. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездiк көрсетіп немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлап жәбiрлеуге не жазалауға болмайды деп көрсетілген.
Ең басты өзгеріс: Жаңа заң бойынша отбасылық-тұрмыстық аядағы зорлық-зомбылық әрекеттері толығымен криминализацияланды. Яғни бұрын әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен реттеліп келген бірқатар әрекеттер енді тікелей Қылмыстық кодекске (ҚК) ауыстырылды.
Қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес, әйелдерге қарсы жасалған агрессиялық әрекеттер үшін жауапкершілік айтарлықтай күшейтілді.
Қылмыстық кодестің 109-1 бабына сәйкес, тән ауруына ұшыратқан, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге алып келмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау – 80 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 80 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 25 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. Сонымен қатар осы Қылмыстық кодекстің 108-1 бабында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 2 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Бұдан бөлек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодестің 64-бабына сәйкес, отбасылық-тұрмыстық жанжалдар кезінде ерлі-зайыптыларға тек бір рет қана сотта татуласуға рұқсат берілді. Егер бір жыл ішінде құқық бұзушылық екінші рет қайталанса, тараптардың татуласу мүмкіндігі заң жүзінде толығымен жойылды.
Кейіннен (2024 жылы) бұл әрекеттердің көбі қылмыстық жауапкершілікке (Қылмыстық кодекске) ауыстырылып, шектеу тағы да қатайтылды. Яғни Қылмыстық кодекстің 68-бабына сәйкес, денсаулыққа қасақана жеңіл немесе орташа зиян келтіру, сондай-ақ, ұрып-соғу фактілері бойынша (ҚК 108-1 және 109 1 баптары) егер бұл әрекеттер қайталап жасалса немесе кәмелетке толмағандарға қатысты болса, тараптардың татуласуына мүлдем тыйым салынады. Тіпті бірінші рет жасалған күннің өзінде, іс сотқа жеткенде судья жапа шеккен әйелдің шынайы еркі мен психологиялық жағдайын ерекше тексереді.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалық базасы ана мен бала құқықтарын халықаралық стандарттарға сай қорғауға қауқарлы. Еңбектегі жеңілдіктер, әлеуметтік жәрдемақылардың өсуі және қауіпсіздікті қылмыстық тұрғыдан бекіту – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Мемлекеттің міндеті – осы заңдардың әрбір өңірде, әрбір жұмыс орнында және әрбір отбасында мүлтіксіз орындалуын бақылауда ұстау.
Толғанай КЕҢЕСБЕКОВА,
адам құқықтары жөніндегі
Ұлттық орталықтың Жамбыл облысы бойынша өкілдігінің
бас маманы.