ТАРИХИ МҰРА – ҰЛТТЫҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ

18 Views

Ұлттың болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі – оның тарихы мен мәдениеті. Ғасырлар қойнауынан жеткен салт-дәстүр, тарихи ескерткіштер, сәулет өнері мен рухани мұралар – халықтың өткен өмірінен сыр шертетін баға жетпес қазына. Оларды сақтау мен келер ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның маңызды міндеті.

Қазақстан – тарихы терең, мәдениеті бай мемлекет. Ұлы Даланың төсінде қалыптасқан өркениет іздері, көне қалалар мен тарихи орындар халқымыздың бай рухани әлемінен хабар береді. Әрбір ескерткіштің, әрбір көне жәдігердің артында ел тарихының бір парағы жатыр.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 40-бабында азаматтардың тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті екені бекітілген.

Бұл – тарихи құндылықтарды қорғаудың тек мәдениет саласы мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін білдіреді. Себебі тарихи мұраға құрмет – туған жердің өткені мен бүгінін байланыстыратын рухани сабақтастықтың көрінісі.

Әсіресе жас ұрпақтың туған өлке тарихын танып, ата-бабадан қалған мұраға қызығушылығын арттыру маңызды. Мектептерде өлкетану бағытындағы жұмыстарды жандандыру, тарихи орындарға танымдық экскурсиялар ұйымдастыру, музейлер мен кітапханалардағы мәдени-ағартушылық шараларды көбейту – осы бағыттағы нәтижелі жұмыстардың бірі.

Тарихи ескерткіштерді бүлдірмеу, көне жәдігерлерге ұқыпты қарау, ұлттық дәстүрлерді құрметтеу – әр адамның мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігін танытады.

Өткенін қадірлеген елдің болашағы да берік болады. Өйткені тарих – тек кешегі күннің шежіресі емес, ол ұлттың өзіндік болмысын сақтайтын, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани негіз.

Сондықтан тарихи-мәдени мұраны қорғау – өткенге тағзым ғана емес, келешекке жасалған қамқорлық.

Бижанов Қожайхан Қазыбайұлы, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий