ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК – АДАМҒА ДЕГЕН ҚАМҚОРЛЫҚТАН БАСТАЛАДЫ
Қоғамның дамуы мен мемлекеттің өркендеуі ең алдымен адам өмірінің сапасымен өлшенеді. Әрбір азаматтың әлеуметтік жағдайы, өмір сүру деңгейі мен ертеңгі күнге деген сенімі – мемлекет үшін маңызды бағыттардың бірі. Өйткені әлеуметтік тұрғыдан қорғалған қоғамда тұрақтылық пен өзара жауапкершілік қалыптасады.
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында азаматтардың әлеуметтік қорғалуына ерекше мән берілген. Атап айтқанда, Ата Заңның 31-бабында Қазақстан Республикасы азаматтарына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепілдік беріліп, жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты және өзге де заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандыру құқығы бекітілген.
Бұл норма – әлеуметтік қолдаудың құқықтық негізі. Ол өмірдің түрлі кезеңінде көмекке мұқтаж болуы мүмкін азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған. Әсіресе еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан, жалғызбасты қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен асыраушысынан айырылған отбасылар үшін әлеуметтік кепілдіктердің маңызы зор.
Сонымен қатар аталған бапта ерікті әлеуметтік сақтандырудың, өзге де әлеуметтік қамсыздандыру нысандарының, волонтерлік қызмет пен қайырымдылықтың қолдау табатыны көрсетілген. Мұның өзі қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.
Әлеуметтік қолдау тек материалдық көмек көрсетумен шектелмеуі тиіс. Кейде бір адамның жағдайын сұрап, мәселесіне құлақ асу, қиын сәтінде жанынан табылу да үлкен демеу бола алады. Қайырымдылық пен волонтерлік қызметтің қоғам өміріндегі орны да осында.
Мемлекеттің басты байлығы – адам. Сондықтан азаматтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік құқықтарын қорғау және әрбір жанға лайықты өмір сүруге мүмкіндік жасау қашанда өзекті болып қала береді.
Әлеуметтік әділеттілік – қағаз жүзіндегі міндеттеме емес, ол әр адамның күнделікті өмірінен сезілуі тиіс құндылық.
Салимбаев Серік Тастанбекұлы, аудандық билер кеңесінің төрағасы.
