ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – КЕЛЕР ҰРПАҚ АЛДЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

15 Views

Табиғат – адамзатқа берілген баға жетпес байлық. Таза ауа, мөлдір су, жасыл желек пен құнарлы жер – тіршіліктің негізгі тірегі. Алайда табиғи ресурстарды ұқыпсыз пайдалану, қоршаған ортаны ластау және экологиялық талаптарға немқұрайлы қарау бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.

Қоршаған ортаны қорғау – тек белгілі бір мекемелердің немесе мамандардың міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы міндет Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында да нақты көрініс тапқан.

Ата Заңның 37-бабында Қазақстан Республикасы азаматтарының табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті екені көрсетілген. Сонымен қатар мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Ал адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндіретін фактілер мен мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді.

Бұл талаптың астарында үлкен мән бар. Табиғатты қорғау – тек бүгінгі күннің мәселесін шешу емес, болашақ ұрпақтың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне жағдай жасау.

Қазіргі таңда елді мекендердің тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға тастау, ағаш отырғызу, су көздерін ластамау секілді қарапайым әрекеттердің өзі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Әр тұрғын өз ауласынан, өз көшесінен бастап тазалыққа мән берсе, тұтас елді мекеннің келбеті өзгереді.

Бұл ретте табиғатты қорғау бағытындағы қоғамдық бастамалар мен экологиялық акциялардың да маңызы зор. Тұрғындардың ортақ іске жұмылуы, жастардың табиғатты аялауға атсалысуы – экологиялық жауапкершіліктің артуына жол ашады.

Табиғат бізге ата-бабамыздан қалған аманат қана емес, келер ұрпаққа табысталатын ортақ мұра. Сондықтан оны сақтау әрқайсымыздың азаматтық борышымыз болуы тиіс.

Таза қоршаған орта – салауатты өмірдің кепілі. Ал табиғатқа деген жанашырлық әр адамның күнделікті дағдысына айналғанда ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз.

Өтегенов Серікбай Асанханұлы- Көгершін ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий