КІТАП ОҚУ – РУХАНИ ДАМУДЫҢ ЖӘНЕ ӨЗІҢДІ ТАНУДЫҢ ЖОЛЫ
«Кітап – адамзат ақыл-ойының
қазынасы» деген сөздің мәні ешқашан
жоғалмайды. Өйткені кітап оқыған
адам тек білімін толықтырып қана
қоймай, өмірге деген көзқарасын
кеңейтеді, ойлануды, саралауды, жақсы
мен жаманды ажыратуды үйренеді.
Әсіресе бүгінгі ақпарат ағыны күшейген
заманда кітап оқу – адамның рухани
әлемін байытатын, ішкі мәдениетін
қалыптастыратын маңызды әдет.
Ел болашағы – білімді, ойлы, рухани бай жастардың қолында екені
анық. Осы орайда елімізде жүзеге
асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт»
бағдарламасының маңызы ерекше.
Бағдарламаның негізгі идеясы – қоғамда
кітап оқу мәдениетін қалыптастыру,
жастардың әдебиетке қызығушылығын
арттыру және оқырман ұрпақ тәрбиелеу.
Бұл бастама кітапты күнделікті өмірдің
ажырамас бөлігіне айналдыруға
үндейді.
Мен үшін кітап оқу – бос уақытты
тиімді өткізудің ғана емес, өзімді
танудың, өмірлік ұстанымдарымды
қалыптастырудың жолы. Әр оқылған
шығарма адамға жаңа ой салып, кейіпкерлердің тағдыры арқылы өмірдің
түрлі қырын түсінуге мүмкіндік береді.
Жуырда оқыған Пауло Коэльоның
«Алхимик» шығармасы маған ерекше
әсер қалдырды. Шығармадағы басты
кейіпкер Сантьягоның арманына
жету жолындағы ізденісі, кездескен
қиындықтарға мойымауы, өз жүрегінің
үнін тыңдауы адамды мақсатқа адал
болуға жетелейді. Бұл туындыдан
түйгенім – әр адамның өз арманы
бар. Алайда сол арманға жету үшін
батылдық, табандылық пен сенім қажет.
Кейде адам іздеген бақытының өзіне
жақын екенін де түсінбей жатады.
Сондықтан өмірдегі әрбір сәттен сабақ
алып, алға ұмтылу маңызды.
Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы
адамдық сезімнің тазалығын, адалдық
пен жауапкершілікті, шынайы махаббаттың қадірін терең түсіндіреді.
Шығармадағы кейіпкерлердің қарымқатынасы арқылы адам бойындағы ізгі қасиеттердің маңызын ұғынасың. Бұл
кітап маған сыйластықтың, сенімнің, уәдеге беріктіктің өмірдегі орны
ерекше екенін тағы бір мәрте сезіндірді.
Ал Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы – қазақ әдебиетіндегі
психологиялық тереңдігімен ерекшеленетін құнды туынды. Ақбілектің
басынан өткен ауыр тағдыр, оның жан күйзелісі мен өмір үшін күресі
оқырманды бей-жай қалдырмайды.
Шығармада әйел тағдыры, қоғам көзқарасы, адамдық қадір-қасиет пен рухани жаңғыру мәселелері кеңінен
көрініс тапқан. Ақбілектің қиындыққа қарамастан өмірден өз орнын табуға ұмтылысы маған қайсарлық пен
төзімділіктің мәнін ұқтырды.
Осы үш шығарманың тақырыбы әртүрлі болғанымен, барлығын біріктіретін ортақ ой бар. Ол – адамның өзінөзі тануы, өмірлік мақсатын айқындауы, қиындыққа қарсы тұруы және адамдық
қасиеттерін жоғалтпауы.
Жастармен жұмыс істейтін маман ретінде кітап оқудың тәрбиелік
мәнін ерекше бағалаймын. Себебі жас ұрпаққа бағыт-бағдар беру үшін олардың қызығушылығын түсіну, ойөрісін кеңейтуге ықпал ету маңызды.
Кітап оқитын жас – ойын еркін жеткізе алатын, өз көзқарасын қалыптастырған, өмірлік құндылықтарын бағалай білетін
тұлға. «Кітап оқитын ұлт» бастамасы әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Кітап оқу тек белгілі бір байқауға немесе науқанға қатысу емес. Ол – үздіксіз жалғасатын рухани қажеттілік.
Сондықтан жастар арасында кітап алмасу, әдеби талқылаулар, оқырман кездесулері мен кітап челлендждерін
ұйымдастырудың маңызы зор. Мұндай шаралар жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, ортақ
оқырмандық мәдениетті қалыптастырады.
Менің ойымша, кітап оқуды насихаттау сөзбен ғана шектелмеуі керек.
Әр адам өзі оқып, өзі үлгі көрсетуі
қажет. Өйткені оқыған кітабыңнан алған
әсеріңді өзгелермен бөлісу – кітапқа
деген сүйіспеншілікті таратудың ең
қарапайым әрі әсерлі жолы.
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге, – деп хакім
Абай Құнанбайұлы айтқандай, бар
білімнің бастауы кітап болып табылады.
Бүгін оқылған бір кітап ертеңгі өмірлік
шешімге ықпал етуі мүмкін. Ендеше,
кітап оқуды әдетке емес, өмірлік
қажеттілікке айналдырайық! Рухани
бай ұлт болудың бастауы – кітап оқитын
саналы ұрпақ тәрбиелеуде емес пе?!
Айгерім ҚАСЫМ,
«Жастар ресурстық орталығы»
КММ-нің Ақбұлақ ауылдық округі
бойынша жастар инспекторы.
