Ұстаз ретінде қызмет етуге тырысамын
Бүгінде білім саласында орын алып жатқан өзгерістер өте көп. Қоғамның бір бөлігі оны құп көрсе, екінші бөлігі ашық түрде пікір айтып, қарсы болып жатқаны жасырын емес. «Әліппенің» қайта оралғанын қалайды. Одан бөлек олар бұрынғыдай бор ұстап, қара тақтаға қат-қатымен әріп жазған ардақты да, аяулы ұстаздарды аңсайды. «Олар» деп отырғанымыз – ата-аналар. Енді қайтсін, «болашағымыз» деп отырған бүлдіршіндерінің қазіргі жайына алаңдайды шарасыздан. Осыған орай, біз аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжаппаровты сөзге тартып, ашық әрі еркін форматта сұхбаттасып көрген едік.
??????????? Түлектердің 501-і ҰБТ тапсыруға өтініш берді –Еркін Серікханұлы, сұхбат беруге келіскеніңізге алғысымыз шексіз! Алдымен бізге аудандағы білім саласының бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндап берсеңіз…
– Ауданда 39 білім беру ордалары бар. Олардың ішінде 8-і бастауыш, 3-еуі негізгі, 28-і орта мектеп. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы барлық мектептер жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес жұмыс жасауда. Биылғы оқу жылы аяқталуына байланысты қазір 9-11 сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсыруда. Сондай-ақ, 27 түлек «Алтын белгі» иегері атануға үміткер. Мектеп бітіруші 596 оқушының 501-і ҰБТ тапсыруға өтініш білдірді. Тестілеу 20-25 маусым аралығында өтеді деп жоспарлануда. Оған қатысушы түлектер сақадай сай дайын отыр. Айта кететін жайт, биыл білім саласы цифрландыру жүйесіне аса басымдылық беруде. Нәтижесінде біз арнайы eduschool.kz, edugarden.kz онлайн порталдары арқылы жұмыс жасауды бастап кеттік. Осы онлайн порталдар арқылы кез келген ата-ана балаларын 1-сыныпқа тіркей алады. Сондай-ақ, мектеп жанындағы шағын орталық пен аудан сыртындағы сауықтыру орталықтарына да онлайн өтініш беруге мүмкіндіктері бар. Аталмыш бастамалардың бір ерекшелігі бала өзі қалаған білім ордасына 1- сыныпқа бару мүмкіндігіне ие бола алады.
– Жақсы жобаларды қолға алып жатыр екенсіздер, өз жемісін береді деген сенімдеміз. Білім саласында өзгерістер көп деп жатырмыз ғой, біздің байқауымызша, қазір оқушылар бұрынғыдай мазмұндама, шығарма жазбайды. Оның себебі неде?
– Жаңартылған білім беру мазмұнына көшкендіктен, оқушы білімін бағалау жүйесі өзгерген. Яғни, оқушыны күнделікті жасаған жұмысына қарай қалыптасушы және жиынтық бағалау әдістері арқылы бағалаудамыз. Тоқсан сайын және оқу жылының соңында қорытынды жиынтық бағалау болады. Соны тапсырған оқушы емтихан тапсырмайды. Яғни, 1-10 сыныптардың оқушылары оқу жылы аяқталысымен демалысқа шығады. Ал 9,11 сынып оқушылары мемлекеттік емтихан тапсырады. Мұның бір ерекшелігі, бұрын оқушылар ана тілінен шығарма жазса, қазіргі таңда олар кем дегенде 250 сөзден тұратын эссе жазады. Математика пәнінен бақылау жазып, Қазақстан тарихынан ауызша билетке жауап береді. Таңдау пәндері бойынша арнайы тест тапсырады. Барлық тапсырмалар мөрмен бекітіліп, арнайы конвертте құпия сақталып келеді.
Жеткен жетістіктер жетерлік – Аудандық білім бөлімі осы жылы ауыз толтырып айтарлықтай қандай жетістіктерге жетті?
– Әрине, аудандық білім бөлімінің бағындырған белестері баршылық. Жеткен жетістіктері де жетерлік. Алдымен, ұстаздардың еңбегін баяндап берейін. Педагогтардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында өткізілген республикалық байқауларда ауданымыздың ұстаздары көптеген жүлделі орындарды иеленді. Шығармашылықпен шұғылданатын іскер басшылардың мәртебесін арттыруда жаңа тұрпаттағы басшының моделін қалыптастыру – білім бөлімінің басты міндеті. Сондықтан, республикалық, облыстық сындарға қатысып, жеңімпаз атанып жатқан басшылар мен педагогтарды ерекше атап өткен жөн. Жуырда ғана облыстық «Жас директор» байқауында Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің директоры Ақбота Стыбаева І орынды жеңіп алды. Бұл аудандық мектеп басшыларының әлеуеті зор екендігін айқындайды. Мұндай көрсеткіштерге оқушыларымыз да жетіп отыр. Атап айтар болсақ, «Айқанат» оқушылар арасындағы республикалық тікелей өткізілетін олимпиадаға облыстық іріктеуден 4 оқушы өтіп, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін соңғы байқауға жолдама алды. Ал, Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Нұрлан Нұргерім «Мен педагог мамандығын таңдаймын» тақырыбында ТарМПУ-дың ұйымдастыруымен өткізілген олимпиадаға қатысып, арнайы гранттың иегері атанды. Сондай-ақ, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бойынша өткен «Шерхан Мұртаза оқулары» байқауында да ТИГУ-дың грантын иеленіп, қос бірдей ЖОО-ның шақыртуын алды. Аталмыш мектептің тағы да бір түлегі Данияр Байкеев СДУ-дың математика пәнінен 30%-дық жеңілдігін ұтып алса, Алғабас орта мектебінің 11-сынып оқушысы Қойшыбай Нұртас жаратылыстану бағыты бойынша ғылыми жоба байқауында ТарМУ-да тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. Бұдан өзге де, өнер, спорт салалары мен пәнаралық олимпиадаларда, басқа да бағыттар бойынша жеткен жетістік жетерлік. Мәселен, Ә.Бөкейханов атындағы орта мектептің оқушыларынан құралған команда көрермен көңілін табар көріністері арқылы жуырда ғана Ақтөбеде өткен республикалық байқауда облыс намысын қорғап, ІІ орын еншілеп келді. Бұл біздің биылғы оқу жылында жеткен жетістіктеріміздің бір парасы ғана.
Ақылы сынамалардан түбегейлі бас тарттық – Ағымдағы оқу жылында ҰБТ — ге өзгеріс енгізілгені бәрімізге белгілі. Аталмыш өзгертулер мектеп бітіруші түлектерге қаншалықты тиімді?
– Ауданның бірқатар оқушыларымен жеке-жеке тілдескенімде тестілеуге енген өзгерістердің тиімділігіне көзім жетті. Нақтырақ айтсам, оқушы тестілеуді қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында 4 рет тапсырады. Алдыңғы қаңтар және наурыз айларында өткен ҰБТ сынама тестілеу ретінде есептеледі. Содан жиған ұпайына сай сертификат алады. Егер де оқушы ҰБТ-де аз ұпай жинап қалған жағдайда, сертификат күшімен ақылы түрде кез келген оқу орнына тапсыра алады. Ал маусым айында өтетін тестілеу нәтижесімен мемлекеттік тегін білім беру конкурстарына қатысуға толықтай құқығы бар. Демек әрбір оқушы ҰБТ-дан аз ұпай жинаған күнде де, ЖОО-ға тапсыра алады. Шамамен биыл мектеп бітіруші түлектердің 84 пайызы тестілеуге қатысады. Оқу жылында мұғалімдер мен білім беру орталықтары тарапынан түрлі семинарлар өткізілді. Біз ЖОО-мен арнайы меморандумға қол қойған едік. Олар сол келісімге байланысты біздің мұғалімдердің білімін шыңдады. Бұрындары сынама тестілеуді жиі өткізетінбіз. Бірақ биыл ата-аналар сынақ кітапшаларының ақысын өз қалталарынан төлеу керек болатын. Оған кейбір ата-ананың наразы болуын ескеріп, тоқтатып қойдық. Себебі, бір бала сынама тест тапсырғанда, екінші бала тапсырмай қалса ол оған міндетті түрде әсер ететіні белгілі. Сондықтан аудан әкімдігімен бірлесе отырып, ҰБТ-ге дейін ешқандай сынама тестілеу өткізбеу туралы шешім қабылдадық. Осылайша біз ақылы сынамадан түбегейлі бас тарттық.
– Оқушының ҰБТ-де жоғары нәтиже көрсетуіне ұстаздардың да қосар үлесі орасан зор. Осы тұрғыда мұғалімдердің біліктілік санатын көтеру мақсатында қандай іс-шаралар жүргізілді?
– Білім мекемелеріндегі педагогтардың біліктілігін, кәсіби шеберлігін арттыруда жылдық жоспарға сай 2018-2019 оқу жылы пән мұғалімдері мен директордың орынбасарларына әдістемелік көмек көрсету мақсатында 31 оқу-әдістемелік семинар, 33 семинар-практикум, 3 ғылыми-практикалық конференция, 13 дөңгелек үстел, 20 форум және 16 мектеп пен 12 балабақшаның педагогтарына әдістемелік көмек көрсетілді. Оқу жылында аудан бойынша түрлі конкурстар болып, 81 педагог республика, 35 педагог облыстық байқау жеңімпаздары атанды. Республикалық «Үздік педагог» атағының иегері Роза Мамбетиярованың қазақ тілі мен әдебиетінен «Эссе жазудың теориясы мен әдістемесі» тақырыбындағы 10-11 сыныптарға арналған бағдарламасы облыс көлемінде таратылды және көмекші құрал есебінде жарыққа шықты. Малдыбай орта мектебінің химия пәні мұғалімі Зибира Байбақтиева мен Ақтоған орта мектебінің ұстазы Гүлнұр Қуантаеваның авторлығымен «Химия пәнінің мұғалімдеріне арналған дидактикалық материалдар жинағы» тақырыбында жаңартылған білім беру мазмұнына сай жасалған әдістемелік оқу құралы жарыққа шықты. Сондай-ақ, ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында жақында ғана ауданның 225 ұстазы облысқа барып тест тапсырып, оның 70 пайызы өз білімін қорғап шықты. Алдағы уақытта олар өздеріне тиесілі үстемақыларын алатын болады.
Жүйелі жұмыстар жасау қажет – Үстемақы демекші, ұстаздардың көпшілігі ағылшын тілін оқу курстарынан өтті. Алған сертификат бойынша белгілі мөлшерде қаражат төленіп жатқанын білеміз. Үстемақы алып отырған ұстаздардың ағылшын тілін білуі қаншалықты талапқа сай?
– Бұл бойынша былтыр ауданның жаратылыстану бағытынан дәріс беретін 18 мұғалім оқып келді. Білім деңгейін шыңдап келген ұстаздар бүгінде оқушыларға ағылшын тілінде сабақ жүргізуде. Бұл жерде ескеретін бір жайт бар. Ұстаз сабақты 45 минут бойы ағылшын тілінде өткізуге тиісті емес. Тек сабақ тақырыбына сәйкес белгілі теориялар мен терминдерді ағылшынша түсіндіруі керек. Осы бағытта білім алған 18 мұғалімді аудандық білім бөлімінің әдіскерлері семинар-тренингтарға шақырып, педагогтардың қатысуымен түрлі тақырыптарда сабақтар өткізді. Кем-кетік тұстарын түзету жұмыстары жасалып жатыр. Қазір 9 айлық ағылшын тілін оқу курсынан өткен ұстаздар қосымша үстемақы алуда. Дегенмен, мойындауымыз керек әлі де мұғалімдердің білімдерін шыңдау үшін көптеген жүйелі жұмыстарды жасауымыз қажет.
– Түсінікті. Енді жазғы сауықтыру лагерлерінің жұмыстары жайында не айтасыз?
– Ауданда 14102 оқушы бар. 39 мектептің 38-де мектеп жанынан ашылған жазғы сауықтыру лагерлері бар. Аз қамтылған отбасынан шыққан 1172 бала лагерге қабылданған. Олар арнайы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, оқушылардың 85 пайызын сауықтыру лагерімен қамту ойда бар. Аудан сыртында Әлия Молдағұлова атындағы жазғы сауықтыру лагеріне биыл аз қамтылған, көп балалы отбасынан шыққан 200 баланы қамту жоспарлануда. Тағы бір қуантатын жағдай, eduschool.kz онлайн-порталы арқылы баланың жағдайы туралы расталған арнайы анықтаманы тіркеп, өтініш қабылданған жағдайда лагерге баруға білім бөлімінің араласуынсыз тікелей жолдама беріледі. Дәл осы eduschool.kz онлайн-порталы арқылы мектеп жанындағы шағын орталықтарға да өтініш беруге болады. Ал еdugarden.kz порталы балабақшаға кезекке тұру мәселесі бойынша көмек көрсетеді. Болашақта тегін тамаққа, тасымалға қабылдауды ұйымдастырып жатырмыз. Білім бөлімінің кез келген мәселесі жөнінде ата-аналарға смартфон арқылы жұмыс жүргізу көзделуде. Жаһандану заманындағы цифрлық жүйе бойынша балабақшадағы жағдай мен балаға берілетін күнделікті ас мәзірін де көріп отыруға болады. Бұл – білім саласының жеткен жетістіктерінің бірі.
Қызметкерлер қатаң жазаға тартылады – Бас бармақпен бағалайтындай бастамалар екен. Бұрындары балабақша тапшылығы көзге ұрып тұратын. Аталмыш мәселе қаншалықты шешімін тапты?
– Ауданда 14 шағын орталық, 23 балабақша тіркелсе, оның 9-ы жеке меншік мекеме. 3025 бала мектеп жанындағы шағын орталыққа барады. Десе де, 871 бала әлі күнге кезекте тұр. Оның 750-ге жуығы Құлан ауылының тұрғындары. Құлан ауылында жеке меншік балабақшаның көптеп салынуына байланысты ата-ана таңдау құқығына ие болғаны рас. Мәселен, бізде 75 орынға салынған «Азиза» жеке меншік балабақшасы бар. Бірақ ол жерде қазір 30 бала ғана тәрбиеленуде. Себебі, кезекте тұрған ата-ана баласын өздері қалаған балабақшаға бергісі келеді.
– Аудандық білім бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары қай деңгейде жүргізілуде?
– Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің тапсырмасына сай, мектепте оқитын өскелең ұрпақты жемқорлықтан ада болуға үйрету мақсатында түрлі жұмыстар атқарылуда. Мектептерде «Адал ұрпақ» еріктілер клубы бар. Соған сәйкес қалжың өлеңдер, карикатура, шығарма байқаулары өтіп тұрады. Барлық мектептердің асханаларында «Адалдық дүкені» орналасқан. Ол жерден оқушы өзіне қажет затты, сатушының бақылауынсыз, белгіленген соманы төлеу арқылы ала алады. Осылайша бала ұрлық жасамау, адал болу сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп өседі. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінде заңсыз ақша жинамау туралы стендтер ілінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, білім бөлімі басшысы мен мектеп директорының қолы қойылған бұйрықты орындамаған жағдайда қызметкер қатаң жазаға тартылады.
Жеткен жетістік әрбір ұстаздың үлесі – Ауданның «бас ұстазы» атанғаныңызға 1 жыл болды. Сіз келгелі өзіңіз басқарған салада қандай өзгерістер орын алды?
– Білім саласы өзгеріске толы сала. Ол тек біздің ауданда ғана емес, күллі әлемде секунд санап өсіп жатыр. Жаһандану заманында жаңа технология, жаңа білім беру әдісі, жаңа бағыттар айналыстағы өзгерістерге ұшырап отырады. «Киіміне қарап қарсы алады, біліміне қарап шығарып салады»,- деген сөз осыған байланысты айтылса керек. Мен бұл салада басшы ретінде емес, ұстаз ретінде қызмет етуге тырысамын. Себебі, кез келген істі өзің жасап көрмейінше, сол саланың маманы болмайынша оны жаныңмен түсіне алмайсың. Сондықтан, былтырғы оқу жылы мен биылғы жылды салыстыру мүмкін емес. Жеткен жетістік, болып жатқан өзгерістер тек басшыға байланысты емес. Ол осы салада еңбек етіп жүрген әрбір жанның үлесі. Ал, жетістікке жету үшін бағыт-бағдар беру, оны қолдап, сенім арту – менің тікелей міндетім.
– Осы жылы Елбасы тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдануы керек болатын. Осы Заң мұғалімдердің мәртебесін қаншалықты биіктетеді деп ойлайсыз?
– «Педагог» мәртебесін асыру тек білім бөлімінде қызмет жасайтындардың ғана емес, жалпы адамзаттың ортақ парызы. Себебі, баланы қалыптастыратын, ертеңгі күнгі болашағына тікелей әсер ететін бірден бір адам болса, ол-ұстаз. Кезінде таптаурынға түсіп, жоғалтып алған мәртебені қайтару оңайға соқпасы анық. Кейде ата-аналар да келіп, жөн-жосықсыз мұғалімнің беделін түсіріп кетеді. Сонымен қатар, мұғалімдерді көптеген іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға себепсіз тартатыны тағы бар. Осы жайттарды ескерген Елбасының өзі алдыңғы жылы осы мәселені көтерді. Осыған байланысты біз алдағы уақытта педагог құқықтарын заң аясында бекіту туралы шешімді күтіп отырмыз. Аталған заң күшіне енсе, «ұстаздар қауымының» қай жұмысты істеуі міндет, қай жұмыс істелмеуі керек екендігі анықталады.
– Ашық әңгімелескеніңізге көп рахмет! Алдағы атқарар жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан
Нұрай ЖАЙЛАУБАЙ.