Өрнектегі ӨЗЕКТІ мәселелер өз шешімін табады
Жамбыл облысы әкімдігі бекіткен жұмыс алгоритміне сәйкес Ерболат Салқынбекұлы бірнеше ауылдық округтерге жұмыс сапарымен барып, тұрғындардың тіршілігін байқап қайтқан болатын. Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімі арнайы мемлекеттік органдардың басшыларымен бірге кезекті сапарын Өрнек ауылдық округінде жалғастырды.
Айта кетейік, тұмса табиғатымен ерекшеленетін Сұлутөр тауының етегінде орналасқан округ — аудандағы ең үлкен ауылдық округтердің бірі. Қазақстанның Еңбек Ері Сайрамбай Дөненбаевты тудырған Жарлысу, атақты Әбжаппар Жылқышиев ауылы, округ орталығы Өрнек, күні кеше ғана сексеннің сеңгіріне шыққан Жошыбайдың Сейтханы туған Сәлімбай ауылы мен Сұмқайты елдімекені дәл осы Өрнек ауылдық округіне қарайды. Халықпен етене араласып, сол ортадан өсіп шыққан Бауыржан Ақүрпеков қазір ауыл әкімі қызметінде. Айтуынша, аймақта 16635 гектар егістік, 53854 гектар жайылым, 22269 гектар шабындық,400 гектар суғармалы алқап бар. 4 мектеп, 3 кітапхана, 3 шағын орталық, 2 амбулатория, балабақша, клуб, ветеринария мекемесі, мектеп-интернат, 1 өлкетану мұражайы бүгінде елді мекенде тұратын 4200 тұрғынға қызмет көрсетіп отыр.
Аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы іссапарын Жарлысу ауылында жаңадан ашылған «Тәттімбүбі» балабақшасынан бастады. Мекеме жағдайымен танысқан соң, балабақша алдына абаттандыру жұмыстарын жауапкершілікпен жүргізіп, отырғызылған ағаштар мен гүлдерге ерекше күтім жасау керектігін тілге тиек етті. Әрмен қарай Әбжаппар Жылқышиев ауылында орналасқан өлкетану мұражайына кіріп, орталық қызметкерлеріне көңілге қонымды кеңестер берді. «Мәселен, Өрнек қалашығынан табылған тарихи жәдігерлер туралы зерттеу жұмыстарын толық жүргізіп, нақты әрі толық ақпаратпен келушілерді қамтамасыз ету керек. Сол арқылы балалардың өзі туып өскен мекенді зерттеуге деген қызығушылығын арттыруға болады. Әрі әлі ашылмаған тарих тылсымын танып, ертеңгі күнге ерекше жаңалық енгізер тарихшы тумасына кім кепіл?» деп, алдағы атқарылар жұмыстарға табыс тіледі. Сондай-ақ, аймақта халық жағдайы үшін қызмет ететін аурухана қызметкерлерімен тілдесіп, ақ халатты абзал жандарды төл мерекелерімен құттықтады. Білікті маманның міндеті мемлекеттік қызмет түрлерін жатқа білу ғана емес, тұрғындар үшін қолдан келгенше аянбай тер төгу екендігін айтты. Дегенмен, тазалық тәмсілі болған денсаулық сақтау үйінің тазалығына аса көңілі толмады. Расында, округте орналасқан амбулаторияның бірінде тек дәрігерге дейінгі көмек көрсетіледі. Ал, қаңқасы ескі заманда қаланған округ орталығындағы амбулаторияға мардымды жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Дәл осы медпункт жыры Сәлімбай ауылында да өзекті. Жуырда өткен аудандық мәслихаттың сессия отырысында аталған мекенге медпункт салу керектігі жайлы сөз қозғалған еді. Сондықтан, берілген уәде уақытылы орындалады деген сенімдеміз. Сапар барысында аудан әкімі ауылдық округтегі білім беру ордаларының да хал-ахуалымен танысты. Мекеме басшыларына «нағыз басшы барды жоқ қылмайды, жоқтан бар жасайды» деп, басшылық қызметтің жәй-жапсарын жете түсіну керектігін айтып, арнайы тапсырмалар берді. Округтегі мектептер толығымен ауыл балаларын қабылдауға қауһарлы. Тек Сұмқайты елдімекенінде білім беру ордасының жоқтығына байланысты оқушылар Ақыртөбе орта мектебіне қатынайды. Ол үшін жыл сайын ауылдық округ әкімдігінен қаражат бөлінеді.
Аталмыш өлкеде халық қажеттілігінен туындаған «тізесі» шыққан тақырыптар да жетерлік. Мәселен, Әбжаппар ауылының тұрғындары әлі күнге арықтан аққан суды тұтынады. Бұл мәселенің майы ішіліп, сорпасы қайнағалы қашан? Сондай-ақ, округ орталығынан өзге ауылдарда орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Аудан әкімі Сәлімбай, Жарлысу, Әбжаппар, Сұмқайты елді-мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу керектігін айтып, тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Ауыл ағаларының айтуынша, асықты алшысынан түсіріп ойнайтын балалар ойын алаңдарын аса қажет етпейді екен. Жә, бастысы алаң бар. Көгілдір отын мәселесіне келсек, округ бойынша 88 аулаға газ кірмеген. Өрнек ауылының өзінде 41 аула үй алдына келіп тұрған табиғат байлығының берекесін көре алмай отыр. Айта кететін қуанышты жайт, аудан әкімі өз сөзінде округке газ құбырларын жүргізген мердігерлермен тілдесіп, келісім орнатқанын айтты. Демек, осы уақытқа дейін аулаға газ кіргізу үшін 315 мың теңге қаражат жұмсасаңыз, енді 200 мың теңгеге кіргізе алады екенсіз. Ерболат Салқынбекұлы аталған бағаны 95 мың теңгеге түсіру үшін тағы да келіссөздер жүргізетіндігін жеткізіп, тұрғындарды қуантты. 2 ай көлемінде ауылдық округті міндетті түрде газбен қамтамсыз ету керектігін, ол үшін жағдайы төмен отбасыларға соманы бөліп төлеу мүмкіндігін де қарастыратынын мәлімдеді.
Жасалған іссапар бойынша Алғабас орта мектебінің акт залында аймақ тұрғындарымен қорытынды жиын өтті. Округ әкімі Бауыржан Ақүрпеков халықты ағымдағы жылдың 5 айында атқарылған жұмыстар тізімімен таныстырды. «Осы уақытқа дейін келіп түскен 26 жазбаша өтініштерді уақытылы қарастырып, жеке тұлғалармен жүздесу жұмыстары жүргізілді. 23 балаға шағын орталыққа жолдама берілді. Әбжаппар ауылындағы бейітті қоршауға жергілікті бюджеттен 1 млн 100 мың теңге бөлінсе, көше шамдарын ауыстыруға 200 мың теңге бөлініп, толығымен шамдар ауыстырылды. Аймақта 385 көп балалы отбасы тұрады. Оларға әлеуметтік көмек беру жұмысы шартты және шартсыз түрде іске асады. Жыл басында 93 отбасынан өтініш келіп түсіп, қазір 87 отбасы әлеуметтік көмек алады» дейді. Жиын әрмен қарай еркін форматта өтті. Аудан әкімі мен окург әкіміне тұрғындар толғантқан сұрақтарын тікелей қойып, жауабын алды. Газ, су, жол, жарық мәселесінен өзге ауылға мәдениет үйін салу керек. Қызығы сол, талай топты жарған танымал таланттар мен мәдениет қайраткерлерін тудырған өлкеде бірде-бір мәдениет үйі жоқ. Аталған өлкеден кіл жақсылар мен өнерлі өрендердің өсіп шығатынын жақсы білеміз. Кешегі гитарасын жанына серік еткен әнші Гүлмира Ақүрпекова, сахна саңлағына айналған Жалғас Толғанбайдың өзі дәл осы өлкеде туып өскен. Өнердің өресін, қадірі мен қасиетін жете ұғынған тұрғындарға мәдениет үйін салып бермеу ұят тірлік болары анық енді. Сондай-ақ, кезекті сауалдарының бірінде ауыл ақсақалдары егістік жерлер мен жайылым жерлердің жайын қозғады. Жеке меншікте жүрген бос жерлерді халыққа пайдалануға қайтару керек деп өтініштерін білдірді. Жиын соңында ақсақалдар жұмысына жаңа кіріскен аудан әкіміне толағай табыстар тіледі. Үлкеннің қуанышын көріп, батасын алған Ерболат Салқынбекұлы да тұрғындар қамы үшін аянып қалмайтындығын жеткізді. Аудан әкімінің жіті қадағалап, ескертуімен хаттамаға еніп, қағазға түртілген істің қаралатынын білеміз, қаралған іс өз шешімін табады деп сенеміз.
Нұрай ЖАЙЛАУБАЙ.