Адалдық бар жерде жемқорлық болмайды…

1 007 Views

Жемқорлық – әлемді жаулаған жегі құрт іспетті. Иә, өкінішке орай дәл осылай жазуымызға тура келіп тұр. Себебі, жаһанды жаулаған бұл індетпен қанша жерден жұмыс жүргізіліп жатса да, сыбайлас жемқорлық жойылар емес. Не істемек керек?
Осы және өзге де сауалдардың нақты жауабы өткен жұмада аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары РавильТөлебаевтың қатысуымен өрбіген алқалы жиында сөз болды. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов сөз сөйлеп ашып, жүргізген аталмыш жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, мектеп директорлары және журналистер қатысты.
«Адалдық – атадан қалған басты құндылығымыз еді. Өкініштісі сол, бұл қасиетті біз мүлде ұмытқандаймыз. Бүгінде қаншама адамдар сыбайлас жемқорлықтың салдарынан қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Біз бұның нақты санын көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында айтып жатсақ та, бұл індет тыйылар емес. Адалдықты тектен –текке мысал еткен жоқпын. Бұл қасиет – әрбір отандастарымыздың, әсіресе, мемлекеттік лауазымда ел басқарып жүрген азаматтарымыздың басты кредосына айналуы қажет. Әйтпесе, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың тамырына балта шабу мүмкін болмай барады. Егер болашағымыз жарқын болсын десек, адалдық біздің сертіміз болуы шарт» деді Равиль Қуанышбайұлы. Содан соң, аудан басшысы Ерболат Садырқұлов та сыбайластық қарекет турасында өз ойын ортаға салып, мәні бар мазмұнды мысалдар айтқаны үшін Равиль Төле­баевқа алғысын білдірді.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: