Қарттарын қадірлеген ел ардақты
Аталған тақырып аясында аудандық М.Төлебаев атындағы саз мектебінде әуезді, сазды кеш өтті. Аудан әкімдігі білім бөлімінің бастамасымен саз мектебінің ұжымы ардагер ұстаздарға дастархан жайып, концерттік бағдарлама ұсынды. Алғашқы құттықтау сөз аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаровқа берілді. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагерлерге ақжарма тілегін жеткізген ауданның бас ұстазы саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардақтыларға қандай құрмет көрсетілсе де лайықты екенін атап өтті. Сол секілді Жамбыл облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының аймақтық құқықтық инспекторы Тимур Оразбаев та құттықтау сөз сөйлеп, ізгі лебізін білдірді.
Құттықтау сөзден кейін саз мектебінің оқушылары «Мектеп вальсі» әнін шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Кеш барысында ардагер ұстаз Төлжан Абумаликова ұстаз мәртебесі, бала тәрбиесі жөнінде ой қозғап, шәкірттерін мақтан тұтатынын сөз етті. Ұстаздық қызметтің ұлылығы жөнінде сөз өрбіткен Қалбибі Қалдығұлқызы да естеліктерімен бөлісіп, әуелете ән салып берді. Саз мектебінің директоры Бердібек Бабасовтың құттықтауынан кейін мектеп ұжымынан құралған ансамбль күмбірлете күй тартса, оқушылар әннен шашу шашты. Мерекелік кешке келген ардагерлерге аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
Мереке Сейдашым.