Оқушыларды отан сүйгіштікке тәрбиелеу – басты мақсаты
Ұстаз оқушының бойына ең әуелі тәрбиені сіңіріп, содан кейін ғана білім нәрімен сусындатады. Бұл талай ғалымның зерттеу нәтижесінде дәлелдеген методикасы. Тіпті, бұл жайында қазақ ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабиде сөз қозғап, «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі…» деген екен.
Дәл осындай ұстанымды берік ұстанатын ұстаздардың қатарына Ниет Сәлімбаевты да қосуға болады. Жарлысу ауылында орналасқан Айтқұл Шынасілов атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс беретін ұстаз осы күнге дейін талай шәкірт тәрбиелеп шықты. Оларды отансүйгіштікке баулып, әскери саланың қыр-сырына дайындады. Осы бағытта әлі тынбай қызмет етіп келеді.
Ниет Шәуенұлы 1957 жылы Тереңөзек ауылында дүниеге келген. Жарлысу жерінде орналасқан мектептің табалдырығын аттап, 1973 жылы Алғабас орта мектебін тәмамдаған. Ал, 1974 жылы арман қуған бозбала Алматы қаласына барып, Қазақ Ұлттық Университетіне түсіп, 1979 жылы «филология» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолын Ақбұлақ ауылындағы мектепте мұғалімдік қызметтен бастап, 1983 жылға дейін жұмыс істейді. Сол жылдан бастап, аудандық ішкі істер бөліміне ауысып, 11 жыл бойы жасөспірімдермен жұмыс, жергілікті учаскелік полиция, профилактикалық жұмыстарды жүргізуші маман ретінде қызмет етті. Кейіпкеріміз ауылшараушылығын алшаң бастыруға да өз үлесін қосқан азамат. Ол еліміз Тәуелсіздігін алған алғаш жылдары «Шәуе тегі», «Есім би» сынды шаруа қожалықтарын құрып, қызмет атқарды. Сонымен қатар, Алғабас совхозында да жауапты жұмыс істеді. Ал, 2011 жылдан бері ұстаздық мамандыққа қайта бет бұрып, осы күнге дейін ауыл мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беріп келеді.
Әскери саланы таңдап, оқуға түскен оқушылары да жетерлік. Солардың қатарына Мүслім Совет пен Дархан Нұрманалы сынды оқушыларды қосуға болады. Мектеп оқушыларының бойына ерлік пен жігерлік мінездерін дарыта білген ұстазға облыс және аудандық білім бөлімінің басшылары еңбегін жоғары бағалап, сан түрлі мақтау қағаздарымен марапаттаған.
Ниет Сәлімбаев тек мектеп қабырғасында ғана емес өз отбасында да сый-құрметке бөленген жан. Жары Жібек екеуі осы күнге дейін 2 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, 11 немеренің маңдайынан иіскеп отыр. Айта кету керек, Ниет ағамыздың жары Жібек апамыз да ауданға белгілі ұстаздардың бірі. Білім саласына қосқан үлесі үшін Елбасының Құрмет грамотасымен де марапатталған. Бір қызығы қос ұстаздың балалары да педагог мамандығын таңдап, жоғарғы оқу орындарын бітірген.
«Оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу – басты мақсатым» дейді ұлағатты ұстаз сөз соңында. «Өйткені, біз сабақ барысында ең әуелі Отанға қызмет ету, оған адал болу, ата-анаға көмектесу сынды қағидаларды үйретеміз. Аталмыш қағидаларды үйрету арқылы біз адам бойындағы потриоттық сезімді еселей аламыз. Елін, жерін қадір тұтқан азамат, еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне міндетті түрде өз үлесін қосатынына сенімдімін» дейді.
Ал, біз өз кезегінде ұлағатты ұстаздың жұмысына сәттілік тіледік.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.