Адамдардың мұң-мұқтажына назар аударылса…

483 Views

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын зейін қоя оқып шықтым. Бұл шынында да сындарлы Жолдау екен. Бес тармақтан тұратын осынау маңызды құжаттан халықты толғандырып жүрген барлық мәселелерді табуға болады. Бірінші тармақтағы мына бір тұжырымдамаға назар салы­ ңызшы: «Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс»дейді. Сөйтеді де «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алға тартады. Дәлірек айтқанда, ол азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді шеше алады дейді. Иә, бұл санаға сыйымды пайым.
Жолдаудың өн бойында халықпен тиімді байланыс орнату мәселесі алдыңғы орынға қойылып, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары болуы тиіс екеніне жұрттың назарын аударады. Мына бір жолдарға үңіле қарамаса болмайтын сияқты, өйткені, оның біздің өмірімізден алынған шындық екенінде титімдей де дауым жоқ. «…Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті орган басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады». Бұл рас қой. Несін жасырайық, кейбір шенеуніктердің өз ісіне салғырттықпен қарауы салдарынан ауыл-аймақтағы күрделі түйткілдер әділетсіз шешіліп жатады. Президент мұны да анық көріп: «Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, дұрыс шешімдер қабылдаған жөн» деп, ойымызды дөп басады.
Осы орайда мемлекеттік қызметке арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту, 2020 жылдан бастап олардың санын біртіндеп қысқартып, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсау керектігін айтады. Бұл да көкейге қонымды сөз. Дамыған елдерде пайдасы жоқ шенеуніктерді жұмысқа алмайды, дәл осындай тәсілді біздің Үкіметіміз де іске асырғаны жөн ғой. Сонда ғана қарапайым адамдардың мұң-мұқтажы ескерілер еді. Олардың шағымдарына бейберекет қарауға әсте болмайды. Сондықтан да Президент Жолдауында осы мәселелерге ерекше назар аударылған деп ойлаймын.

Аманкелді Молдашев,
Жаңатұрмыс ауылы арда­гер­лер ұйымының төрағасы, зейнеткер.

Поделиться ссылкой: