Үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті

778 Views

Өткен бейсенбіде аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Жиынға аудан әкімі төрағалық етті. «Мемлекеттік емес ұйымдардың атқарып отырған жұмыстарын тиянақтап, осы саладағы мәселелерді еркін форматта талқылау үшін өздеріңізді жинап отырмыз. Әрине, қоғамда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі өте зор. Себебі, мен өздеріңізді халықтың арасынан шыққан, елдің мұң-мұқтажын білетін азаматтар деп ойлаймын» деді аудан басшысы кіріспе сөзінде. Ал, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі Кеңестің 2019 жылғы жұмыстары туралы ақпарат берген Ләззат Шәкуәліқызы «Ауданда 20 үкіметтік емес ұйым Әділет басқармасының дерекқорына тіркелген, оның ішінде: 7 қоғамдық бірлестік, 6 қоғамдық қор, 1 қоғамдық қайырымдылық қоры, 4 мүге­дектер қоғамдық бірлестігі, 2 кор­по­ративтік қор бар. 2019 жылдың 31 наурызына дейін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің дерекқорына толығымен тіркелді» дей келе, үкіметтік емес ұйымдарды мемлекет тарапынан қолдау мақ­са­тында аудандық бюджеттен 2019 жылы 1200,0 мың теңге бөлінгенін мәлімдеді. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысының айтуынша ауданымыздағы тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың барлығы дерлік белсенділік танытып отырған жоқ. Сол себепті, жабылып жатқандары да жоқ емес. Жиынға қатысқандар арасында өздерін толғандырып жүрген мәселелері мен ұсыныстарын жеткізгендер де табылды. «Элай Құлан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марлан Әденов «Мен ауданымызда осынша үкіметтік емес ұйымдардың бар екендігін қазір ғана естіп отырмын. Осындай ұйымдарды біріктіретін бір ғимарат берілсе екен» деген ұсынысын айтты. Ал «Құлан жастары» қоғамдық бірлестігінің басшысы жастарға потриоттық тәрбие беру мақсатында көптеген іс-шаралар атқарып жатқандығын айта келіп, қоғамдық бірлестіктерге үкімет тарапынан дұрыс көңіл бөліп, қаражат мәселесін оңтайлы ету қажеттігі туралы ұсыныс жасады. «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бекқұлы Әлі ағамыз: «Біздің атқарып жүрген қызметтерімізді ендігі жерде біздің жастар жалғастыруы тиіс. Әрбір жастар ұйымының жанында «еріктілер» тобы болады. Мен сол еріктілердің нәтижесін көре алмай жүрмін. Барлық жерде бір ғана бағдарламаны қайталайды, басқа нәтиже жоқ» — деген уәж айтты.
Жиын соңында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов үкіметтік емес ұйым өкілдерін жемқорлыққа қарсы күреске жұмыла атсалысуға шақырды. Көңілден шықпайтын бір дүние – жастар мен қариялар арасында байланыстың жоқтығы екенін айтып, әсіресе, ақсақалдар қауымы жастарға бағыт-бағдар беріп, жастар арасында медиаторлық қызметте көріну қажеттігін, ақсақалдардың қоғамдағы рөлі зор екендігін көрсетуді, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына 5 млн. теңге көлемінде қаражат бөлуді міндеттеді. Ал ғимарат мәселесі әлі де кеңінен талқыланатындығын жеткізді.

Салтанат Рахметуллақызы.

Поделиться ссылкой: