ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗІ АШЫҚ – БӘРІН КӨРЕДІ

710 Views

Аудандық қоғамдық кеңестің отырысынан

Осы сөзді кеңестің кезекті отыры­сында қоғамдық кеңестің мүшесі Б.Іңкәрбеков айтты. Расында халықтың көзі көреген. Осы мәжілісте мәлімдеме жасаған кеңес мүшесі Есен Бекенов өзінің әріптестері Б.Таңбаевпен және С.Тоғаевпен бірлесіп, азаматтарға берілетін тегін дәрі-дәрмек туралы зердеге қонымды дерек-дәйектерді бүкпесіз жайып салды. Е.Бекенов: — Ауданымызда есепте тұратын науқас­тарға тегін дәрі-дәрмекті тарату мін­деті «Бейсен и К» дәріханасының мең­герушісі Б.Теңілбаев пен Р.Сұлтановаға жүктелген. Онда дәрі алатындардың тізім бойынша кезегі сақталмайды. Рецепті аймақтың бас дәрігері жазады. Сондықтан оның есебі жоқ, қанша алса да еркі. Дәріні тамыр-таныстары алады, ал, кейбір жандардың оған қолы жетпейді. Тіпті кейбір ауыр халдегі адамдардың дәрі-дәрмек алмағанына жылға жуық уақыт болған. Сондықтан олар өздеріне қажетті медикаменттерді өз қаражатына са­тып алуға мәжбүр. Дәрігерлер нау­­қастардың хал жағдайларын білу үшін үй аралап бармайды. Мәсе­лен, осындай келеңсіздіктерді біз Қонаев ауылының тұрғындары Л.А.Сидорова, Н.Кошаева, Н.Голухина, К.Нұр­ма­ғамбетов, Т.Нұрмағамбетова, К.Егем­бердиева, Е.Бекенов, И.Файст, Л.Не­мирова, В.А.Стригинов, З.Биг және Ю.В.Коперлердің өз аузынан естідік. Зейнеттегі ауыл азаматы Константин Яковлевич Магировскийдің төсек тар­тып жатқанына біраз жыл болыпты. Ол Қонаев ауылының бас дәрігері Әлі­құл Мырзагелдиевті бірнеше жолы үйіне шақыртыпты, бірақ ол өзі кел­мей орнына медбикесін жіберумен шектелген. Сол сияқты Лида Ивановна Проскура да осындай жағдайға тап болғанын айтады. Өрнек ауылынан Болат Байкеев, Тұрсынбай Түйебаев, Шаракүл Жетова, Базаркүл Ниязқұлова, тереңөзектік Әміржан Пірәлиев, Бақыт­бек Сүлейменқұлов және Нышаналы Бектұровтар осы уақытқа дейін еш­қандай дәрі-дәрмек алмағанын қын­жыла айтады,-дейді.
Е.Бекенов қоғамдық кеңес мүшелері алдында үстіміздегі жылдың 26-шы тамызы күні азаматша Анастасия Сидорованың аудандық аурухананың №215-ші кабинетіне яғни, дәрігер Айгүл Сматілдаеваға қаралу кезегіне тұрып, түске дейін де, түстен кейін де кіре алмай шиеттей баласын шырылдатып қайтқанын өз көздерімен көргенін жайып салды. Тексерушілер ауруханаға қаралуға келгендердің кезек сақтамайтыны, тамыр-таныстықтың белең алғанын, ал, түнгі мезгілде науқастар демалатын кезде санитарлар есікті тарсылдатып, дүрсілдетіп, ашып-жауып, айқайлап сөйлеп, елдің ма­засын алатынын, санитар Гуля Сыз­дықованың әдепсіздігін ашып айтты. Ең сорақысы Қонаев ауылының тұр­ғыны С.В.Умнихинаға бас дәрігер Ә.Мыр­загелдиев: «Құжаттарыңның мерзімі өтіп кеткен, 60 мың теңге әкелсең қайта жасап беремін» деп, оны сергелдеңге салған. Тексерушілер осы және басқа да келеңсіздіктерді отырыста бүкпесіз, ашық айтып берді.
Отырыста сөз алған қоғамдық ке­ңестің мүшесі М.Ыстыбаев: «Мен он жылдан бері қант диабеті бойын­­ша эндокринолог-дәрігердің бақылауындамын. Жылына бір рет күндізгі стационарға жатып емделемін. Осы аралықта болған келеңсіз жай­ды сіздерге ашық айтқанды жөн көріп отырмын. Сонымен әлгі бө­лімге жаттым. Бөлім меңгерушісі Г.Сейдахметова өзгелерге «обход» жа­сайды да, маған тіпті көңіл бөлмейді. Бес төсек ауыстырдым. Бұл жолы маған Раушан Көшербекқызы көмектесіп, мені ардагерлер палатасына жатқызды. Тағы бірде емделуге барғанымда маған Сейдахметованың орнына Айсұлтанова қарайтын болды. Ол өзі ешкімді ала­ламайтын, елдің ақ алғысына бөленіп жүрген абзал жан екен. Осы екі жолғы көріністен түйгенім, Сейдахметованың тәкаппарлығы бар екенін, ақ халатты абзал жан емес, ақ халаты кірлеген жан екеніне көзім жетті. Ал, Айсұлтановаға деген жұрттың алғысы шексіз еді. Сон­дықтан Г.Сейдахметованы басқа бөлімге ауыстыруыңызды талап етемін» де­ді М.Ыстыбаев отырысқа қатысып отырған ауданның бас дәрігеріне.
Өз кезегінде аудандық ауру­хана­­ның бас дәрігері Шындос Мыр­­залиев айтылған жайларға заң шең­­берінде өте ұғынықты жауап қай­­тарды. –Ауданымызда тіркелген 63309 тұрғынға 102 дәрігер, 434 орта буын­да­ғы медиктер қызмет көрсетеді. Со­ған қарамастан бізге кардиолог, инфекционист, оторинголог сияқты мамандар жетіспейді. Өткен жылы 16, биыл он жас маманды жұмысқа алдық. 169593,6 мың теңгеге медициналық жабдықтар, сондай-ақ, шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімі мен дәрігерлік амбулаторияларға 9 санитарлық автокөлік алынды. Біздің аурухана 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап қағазсыз электронды құжат алмастыру бағдарламасына көшті. Дәлірек айтқанда тұрғын ха­лықтың 99,7 пайызының электронды төлқұжаты «Дамумед» медициналық ақпараттандыру жүйесіне енді. Осы бағдарлама бойынша емделушілердің дәрігерлердің қабылдауына электронды түрде жазылуына мүмкіндігі бар.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 14 наурыздағы №105 бұйрығы бойынша диспансерлік есепте тұратын нау­қастарға тегін дәрі-дәрмек беру жолға қойылған. Қазір 46 ауруға ғана тегін дәрі беріледі. 2019 жылға осы мақсатқа қарастырылған қаржы көлемі 186 миллион 541 мың 724 теңге. Соның 141 миллион 800 мың 757,6 теңгесінің медикаменті дәріханаларға берілді. Үстіміздегі жылдың 22 қазанына 160408 рецепт жазылып, 123 миллион 226 мың 530,84 теңгенің дәрісі босатылды. Қазіргі таңға қоймада 24709 теңгенің дәрісі сақтаулы тұр. Қазан мен қараша айларында тағы да 44 миллион теңгенің дәрісі жеткізіледі деп күтіп отырмыз. Келешекте әр амбулаторияда өзінің дәріханасы болады. Дәрілерді облыстық фармацевтика бөлімінен тікелей алатын боламыз.
Айту ләзім, дәрігердің бір адамды қарауына 15 минут уақыт берілген. Дәрігерлер қазір рецепт жазбайды, жазса ол тәртіп бұзуға жатады. Журнал жүргізуге де тыйым салынған. Сон­дықтан диспансерлік есепте тұратын әр науқас жаңа бағдарлама бойынша есепте тұрып, дәрігерге қаралуы қажет. Диагностикалық тексерулер тегін, ал, өзі барса ақылы. Ал, енді Қонаев ауылындағы бас дәрігер Ә.Мырзагелдиевтің үстінен түскен арыз­­ды мұқият тексердік. Қазір Ә.Мырза­гелдиев жұмыстан босатылды. Одан бас­қа үш медицина қызметкері де жаза­ланды,-деді Ш.Мырзалиев өз сөзінде.
Осы мәселелерді талқылауға қоғам­дық кеңес мүшелері белсенділікпен қатысты. Олар азаматша Умнихинаның арызына сергек қарап, оны ләжі болса мүгедектікке шығаруға ықпал ету керектігін айтты. Бас дәрігер Ш.Мыр­залиев өзіне және жалпы меди­цина саласына айтылған кемшіліктерді жедел арада жою туралы шара қолданатынын айтты.
Қоғамдық кеңес отырысы тал­қы­ланған мәселе бойынша шешім қабыл­дап, оны жақын күндері жария ететінін мәлімдеді. Кеңес төрағасы П.Сүлейменов отырысқа қатысып, бел­сенділік көрсеткендерге өз тара­пынан алғысын білдірді.

«Құлан ТАҢЫ» ақпарат.

Поделиться ссылкой: