БАРҒА ҚАНАҒАТ етейік
Облысымыздың 80 жылдығына орай елді бірлікке, ынтымаққа, сабырлық пен қанағатшылдыққа шақырған Үндеу менің де кеудемде тұнып жатқан тұма ойларымды оятты. Әйтпесе,Әселхан ақын айтқандай «қоғам құздан құлап» бара жатқандай ма, қайдам. Біз осы жастарға ақыл айтатын жастамыз, десек те кейде теледидардан дүйім жұртқа ақылын айтып отырған әншіні көріп: «Ілгеріде ел ішіндегі дау-дамайды ақылман билер шешіп, кесімін айтушы еді. Енді әншілер шешетін болған ба?» деп қараптан қарап отырып әбігерге түсесің.
Бірде «Алтын тамыр» журналын оқып отырып ақын Назгүл Бердіқожаның мына бір өлеңіне көзім түсті:
Оралып келсең өткенді,
Өнеге сөзді талдайсың.
Тіліңмен байлап кеткенді,
Тісіңмен шеше алмайсың,-депті. Бұл әншінің жеңіл-желпі айта салған сөзі емес, тереңнен қазып алған фәлсафа емес пе? Сол айтпақшы жел сөзді ісік тәрізді асқындырмау керек қой деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алып қарағанда қоғамымызды жайлап бара жатқан жемқорлық пен жершілдікті, тамыр-таныстықты, ысырапшылдық пен аста-төк астамшылдықты, орынсыз мал шашуды қойып, Абай айтқандай барға қанағат қылайық, ағайын.
Үндеу тастау оңай, оны орындау қиын. Сондықтан оған әр отбасы, әр азамат бейжай қарамауы керек деп ойлаймын.
Аманкелді би Тұрлымбетов,
зейнеткер, мемлекет және қоғам қайраткері.